Түркістан облысы, Сауран ауданы әкімдігінің «Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі» мемлекеттік мекемесінде Түркістан облысы бойынша Ішкі мемлекеттік аудит департаментімен жүргізілген аудит барысында жол жөндеу жұмыстары бойынша бірқатар заңбұзушылықтар анықталды.
Атап айтқанда, KXSN-3 «Нұртас-Шорнақ-Бабайқорған-Қарнақ-Кентау-Абай» және KX-58 автожолдарының 9 шақырымында жүргізілген орташа жөндеу жұмыстары шеңберінде қосымша келісім хаттамасы негізінде 1695,2 м³ көлемінде қиыршық тас-құм қоспасын төсеу және Абай ауылында 1800 м² асфальтобетон жабындысын төсеу жұмыстары толық орындалған.
Алайда, орындалған жұмыстардың көлемін растайтын №2 нысандағы актілерді қабылдау кезінде, бастапқы сметадан алып тасталған:
54000 м² ескі жолды фрезерлеу (қырып тастау);
1000 м² тротуарға асфальтобетон төсеу сияқты жұмыстардың көлемі құжатқа қайта енгізілген. Бұл ретте нақты орындалмаған, алайда құжат жүзінде көрсетілген жұмыстардың құны 22,9 млн теңгені құрайды. Құжатта бұл жұмыстардың орындалғаны көрсетіліп, тапсырыс беруші мен мердігер тарапынан актіге қол қойылып, қабылданып алынған.
Ең алаңдатарлығы, техникалық қадағалаушы тарапынан бұл актілерге ешқандай ескертусіз қол қойылып, мөр басылған. Бұл жағдай техникалық бақылау жүйесінде олқылық бар екенін және бақылаушы тараптың өз міндетін тиісті деңгейде орындамағанын көрсетеді.
Аталған фактілер мемлекеттік қаржының мақсатты әрі тиімді жұмсалмауына алып келіп, құрылыс және жөндеу салаларындағы бақылау тетіктерін күшейту қажеттігін айқындайды. Аудит қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға тиісті шаралар қабылдау жөнінде ұсыныстар берілді.
Н.Копбосынов,
Түркістан облысы бойынша ІМАД
бас маман – мемлекеттік аудиторы.