Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: САҚТЫҚ – САНАЛЫ ҚАДАМ

ТҮРКІСТАН: САҚТЫҚ – САНАЛЫ ҚАДАМ

Жаз келіп, күннің көзі мейлінше күлімдеп, дала қызуы денеге жайлы жылылық сыйлаған сайын, адам баласының табиғатқа, өзен-көлге қарай ұмтылуы – заңдылық. Біреулер үшін бұл – жан тыныштығын табатын мезгіл, енді бірі үшін – көңіл сергітер демалыс сәті. Дегенмен дәл осы шомылу маусымында адам өміріне қауіп төндіретін оқиғалар жиілей түседі. Көпшілігіміз суды жай ғана сергітетін мекен деп қабылдаймыз, алайда ол – қуат көзімен қатар, тілсіз жау екенін ұмытып жатамыз.

Су – тіршілік көзі, бірақ тыйымсыз әрекеттен тажалға айналуы мүмкін

Су — Жер бетіндегі барша тіршілік иесіне ортақ игілік. Алайда табиғат ананың бұл сыйына ұқыпсыздықпен, жауапсыздықпен қараған адам баласы опық жеп, орны толмас өкінішке ұрынып жатады. Әсіресе жазғы маусымда ел бойынша жүздеген қайғылы оқиға тіркеліп, суға кеткендердің арасында балалар мен жасөспірімдердің үлесі көбірек екені алаңдатады.

Осыны ескерген Сарыағаш қаласы Төтенше жағдайлар басқармасы мен жергілікті атқарушы органдар, еріктілер және жауапты сала өкілдері бірлесе отырып, судағы қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында ауқымды түсіндіру жұмыстарын қолға алды.

Жуырда ұйымдастырылған арнайы шара барысында мамандар тұрғындармен жүздесіп, қауіпсіздік жадынамаларын таратып, суға шомылу ережелері жайында кеңінен ақпарат берді. Бұл жұмыс әрі қарай да жалғасын табатын болады.

Суға шомылудың мәдениеті мен міндеті

Су айдындарына тек демалу орны ретінде қарамай, ол жерлердің қауіпсіздік талабына сай жабдықталғанын назарға алу – әр адам үшін міндет. Құмды жағажай, арнайы белгілер, құтқарушы бекеті, тереңдік көрсеткіштері мен бақылау мұнарасы – міне, шынайы қауіпсіз аймақ осындай болуға тиіс.

Суға шомылар алдында мынадай қарапайым, бірақ маңызды ережелерді есте сақтау қажет:

тек рұқсат етілген жерлерде шомылыңыз;
мас күйінде немесе аш қарынға суға түспеңіз;
шектейтін белгілерден асып кетпеңіз, тереңге сүңгіп кетуден сақтаныңыз;
балаларды қараусыз қалдырмаңыз;
ағыс қатты, лайлы, түбі белгісіз, тік жарлы жерлерге жоламаңыз.

Мұнымен қатар, суға түсу кезінде кенеттен денені суық шалу, сіңір тарту, аяқ-қолдың жансыздануы сынды факторлар да жиі кездеседі. Әсіресе ыстық күнде қызған денені бірден суық суға малып жіберу – ағзаға қатты соққы болып, тұншығу, естен тану сынды қауіп тудырады.

Балаларға бақылау – ата-ана парызы

Бүгінде су айдындарындағы қауіптің басым бөлігін балалардың қараусыз қалуы тудырады. Қарапайым мысал: ата-анасы бір сәтке алаңдап, телефон шұқылап отырғанда, бала абайсызда тереңге кетіп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан да демалыс кезінде ата-ана баласын бақылаусыз қалдырмауы тиіс.

Мамандардың айтуынша, суда бір минут ішінде адам көзден таса болады. Оны байқап, құтқарып қалу – тек шұғыл әрекет пен даярлыққа байланысты.

«Судағы тәртіп – өмірлік тәртіп. Кішкентай ғана салғырттық бүтін бір отбасының қайғысына себеп болуы мүмкін», – дейді Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары.

Қоғамдық жауапкершілік – ортақ мүдде

Тек құтқару қызметінің емес, әр азаматтың өзіне, айналасына деген жауапкершілігі – қауіпсіз орта қалыптастырудың негізі. Кейде адамдар суға белгіленбеген жерлерде шомылып жатады. Мұндай әрекет қоғамдық тәртіпті бұзумен қатар, адам өміріне де қауіп төндіреді.

Сондай-ақ, су жанындағы демалыс орындарында қауіпсіздік белгілеріне назар аудару, ескерту тақтайшалары мен жалауларды бақылау, құтқару кеудешесін кию – өмірлік маңызды қадам екенін ұмытпаңыз.

Су – адамзатқа берілген ұлы игілік, бірақ ол тек ережеге бағынғанда ғана дос болып қала алады. Сарыағаш қаласы ТЖБ мамандары тұрғындарды шомылу маусымында мейлінше мұқият, саналы әрі сергек болуға шақырады. Сақтық шараларын сақтау арқылы өзіңізді де, өзгелерді де қауіп-қатерден қорғайсыз.

Сақтық – сау болудың алғышарты. Су – серігің, бірақ сен оған сергек қарамасаң – сені сергелдеңге салады.