Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚТАР КОРОНАВИРУСТАН ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫ ҮНСІЗДІКПЕН ЕСКЕ АЛДЫ

ТҮРКІСТАН: МАҚТААРАЛДЫҚТАР КОРОНАВИРУСТАН ҚАЗА БОЛҒАНДАРДЫ ҮНСІЗДІКПЕН ЕСКЕ АЛДЫ

2020 жылғы 13 шілдені ел Президенті коронавирустық инфекциядан қаза тапқандар жөніндегі Жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялаған болатын. Осыған орай бүгін Мақтаарал ауданының мемлекеттік мекемелерінде көк ту төмен түсіріліп, ғимараттарының алдына қаралы таспа тағып шыққан қызметкерлер коронавирустан қаза болған отандастарымызды 1 минут үнсіздікпен еске алды.

Мақтаарал ауданы әкімі аппараты ғимаратының алдына облыс әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев, аудан әкімі Бақыт Асанов, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылық меңгерушісі Ғани Рысбеков, аудандық мәслихаттың хатшысы Қадір Сәрсекбаев, аудандық полиция бөлімінің басшысы Әділбек Сапарбеков бастаған мемлекеттік қызметшілер карантин талаптарын сақтай отырып, мәңгілікке аттанған жерлестерімізге арнап аза тұтты.

Бұған дейін Ел тарихында Жалпыұлттық аза тұту түрлі себептермен сегіз рет жарияланған болса, бүгін алғаш рет коронавирустың әлемдік пандемиясы мен қазақстандық азаматтардың елеулі санының қаза болуы салдарынан аза тұтылды.

Коронавирустық инфекция нәтижесіндегі бұрын-соңды болмаған жағдай мен біздің отандастарымыздың қаза болуы қаза тапқандарды еске алып қана қоймай, пандемиямен күресте азаматтарымызға ортақтастық және бірлік сезімін ұялатуға бағытталған арнайы шараларды қабылдау қажеттігін алға тартады.