Бүгін облыс аумағында бюджет есебінен төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру және мемлекет бюджетін тиімді жұмсау мақсатында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің жанынан құрылған «Сапалы жол – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің 10 айлық қорытындысы бойынша мәжіліс өтті.
Шараға облыс әкімінің міндетін атқарушы Арман Жетпісбаев, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаменті басшысының бірінші орынбасары Мирас Қарғабай, «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Мухит Ахметов, бейне-селекторлық байланыс арқылы қала/аудан әкімдері, БАҚ өкілдері қатысты.
Облыс аумағында жаңадан төселген жолдардың сапасына қоғамдық бақылауды күшейту мақсатында өткізілген жиында Мирас Қарғабай сөз алып, жыл басынан бері тұрғындардың арыз-шағымдары бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» өңірдегі филиалының, «Түркістан — адалдық алаңы» жобалық кеңсесі қызметкерлерінің, Арнайы мониторингтік топ мүшелерінің және жергілікті әкімдік пен мердігер мекеме басшыларының, сондай-ақ БАҚ өкілдерінің қатысуымен облысқа қарасты 14 қала/аудандардың автокөлік жолдарына мониторинг жұмыстары жүргізілгенін жеткізді.
Ағымдағы жылдың 10 айында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған 98 кемшіліктің 75-і жергілікті атқарушы органдарға ақауларды жою бойынша берілген ұсыныстардың негізінде қайта қалпына келтірілгендігін және жыл басынан бері жол салу құрылысы кезінде өңірімізде орын алған сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары бойынша 2 қылмыстық іс тіркелгенін мәлімдеді.
Жиын барысында жаңадан төселген жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру бойынша ұсыныс-пікірлер ортаға салынып, мониторинг нәтижесінде анықталған кемшіліктерді болдырмау мәселелері талқыланды.
Атап айтсақ, жыл басынан бері облысқа қарасты Түркістан, Кентау, Арыс қалалары мен Созақ, Бәйдібек, Сарыағаш, Ордабасы, Шардара, Қазығұрт, Жетісай, Отырар, Келес, Сайрам, Түлкібас, Мақтарал аудандарында салынған автокөлік жолдарының сапа деңгейі сараланған болатын.
Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ ТӨСЕЛГЕН ЖАҢА ЖОЛДАРДЫҢ САПАСЫ – БАСТЫ БАҚЫЛАУДА ТҮРКІСТАН ӨҢІРІНДЕ...