Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: БІРЕГЕЙ БАСТАМАҒА БІРЛЕСЕ КІРІСТІ

ТҮРКІСТАН: БІРЕГЕЙ БАСТАМАҒА БІРЛЕСЕ КІРІСТІ

Қазіргі жаһандық заманда қоршаған ортаны қорғау мәселесі — әрбір мемлекет үшін маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Бұл — жай ғана экологиялық шара емес, бұл – ұлт болашағына жасалған қамқорлық, келер ұрпаққа аманат қалдыру. Осы ретте елімізде тұрақты орта қалыптастыруға арналған «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы – бір реттік шара емес, елдік санаға сіңірілуі тиіс үлкен қозғалыс екені сөзсіз.

Бұл ауқымды экологиялық бастама бастау алғалы, еліміздің түкпір-түкпірінде қоғамдық сананы оятатын шынайы серпіліс пайда болды. Қоғамдық ұйымдар, мемлекеттік мекемелер, еріктілер мен оқушылар – барлығы да табиғатты аялау жолында ортақ іске жұмыла кірісуде. Су айдындары, орман-тоғайлар, саябақтар мен демалыс орындары күл-қоқыстан тазартыла бастады. Көгалдандыру, ағаш отырғызу, жасыл аймақтар құру арқылы экологиялық мәдениет қалыптастыруға бағытталған ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Президент бастамасына – халық қолдауы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев биылғы «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында қоғам мен билік арасындағы сенімді нығайтатын нақты бағыттарды белгілеп берді. Сол маңызды құжатта Президент «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының маңыздылығына ерекше тоқталып, оны тек бір маусыммен шектелмейтін, үздіксіз үдеріс ретінде қарастыру керектігін атап өтті. Иә, шын мәнінде «Таза Қазақстан» – бұл табиғатты күл-қоқыстан тазарту ғана емес, экологиялық ағартуды күшейтіп, халықтың табиғатқа деген көзқарасын түбегейлі өзгертуді көздейтін кең ауқымды қозғалыс. Табиғатты аялау – рухани тазалықтан басталады

«Таза Қазақстан» акциясы аясында еліміздің барлық аймақтарында түрлі экологиялық жобалар мен экочеллендждер ұйымдастырылып келеді. Әсіресе, «Таза жағалаулар» атты республикалық эко-челлендж халық арасында кең қолдау тауып, тек тазалыққа емес, экологиялық мәдениет пен отансүйгіштікке үндейтін өнегелі іс-шараға айналды.

Осындай ұлағатты бастаманың бірі 5 маусым – Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Түркістан облысы, Сайрам ауданында ұйымдастырылды. Бұл күні «Облыстық жас туристер станциясы» КММ-нің Сайрам аудандық бөлімінің үйірмешілері мен жетекшілері, сондай-ақ Сайрам ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері бірігіп, «Таза жағалаулар» эко-челленджін сәтті өткізді.

Акция мақсаты – су қоймалары мен жағалау аймақтарын күл-қоқыстан тазарту, санитарлық тәртіпке мән беру, сонымен қатар қоршаған ортаға деген жауапкершілік сезімін қалыптастыру. Бұл — табиғатқа жанашыр болуға, елінің байлығын бағалауға, туған жерге деген сүйіспеншілікті оятуға бағытталған жарқын үлгі.

Бір өңірден екіншісіне – игілік жалғасады

Эко-челлендж – тек бастама ғана емес, ізгілік эстафетасы. Сайрамдық өрендер қолға алған «Таза жағалаулар» акциясы өз жалғасын Түлкібас ауданында тапты. Сайрам ауданынан жолданған эко-бастаманы Түлкібас аудандық бөлімінің үйірмешілері мен жетекшілері, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің мамандары зор ықыласпен қабылдап, өздеріне тиесілі су айдындарын тазалауға белсенді атсалысты.

Мұндай жалғасты эко-әрекеттер табиғатқа жанашыр болу мен экологиялық серіктестіктің жарқын мысалына айналып отыр. Бұл шаралар тек жерді тазалап қоймайды, жастардың бойында жауапкершілік, ұйымшылдық және патриоттық сезімді ұштайды.

Қазақ даналығы – табиғатпен үндеседі

Халқымызда «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөз бар. Бұл — экологиялық акциялардың өміршең қағидасы іспетті. Табиғатты сүю, қорғау, сақтау – ол да ұлттық рухтың көрінісі. Табиғатты аялау арқылы біз таза қоғам, сапалы өмір, ұрпақ болашағы үшін қызмет етіп жатырмыз.

«Таза Қазақстан» акциясы — тек қоршаған орта үшін ғана емес, рухани жаңғырудың да көрінісі. Табиғат – біздің ұлы үйіміз. Оны аялау – әр азаматтың парызы. Осыны ескеріп, әр өңір тұрғындарын, әсіресе жастарды туған жерді таза ұстауға, қоршаған ортаға деген жанашырлықты өмір салтына айналдыруға шақырамыз.