Домой Әлеумет ТҮРКІСТАН: АГЕНТТІК ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ ОБЛЫСТЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

ТҮРКІСТАН: АГЕНТТІК ТӨРАҒАСЫНЫҢ КЕҢЕСШІСІ ОБЛЫСТЫҢ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ

Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева, республикалық «Парасат жолы» жобасының жетекшісі Түгел Сәдібек пен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Түркістан облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Мирас Қарғабай аудандардағы «Адалдық алаңы» жобалық кеңселерінің жетекшілерімен және облыстың бір топ белсенді жастарымен жүздесті.

Жігерлі жастармен өткен басқосуға «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің басшысы, облыстық мәслихат депутаты Амалбек Өміртай, «Түркістан — Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жетекшісі Гүлзия Қарсыбай және жобалық кеңсенің қала/аудандардағы жергілікті жетекшілері қатысты.

Парасаттылық принциптері бойынша өрбіген жиында қоғамдағы тұрмыстық жемқорлықты жою, мемлекеттік мекемелердің жұмыс жүргізулеріне қолайлы жағдайларды қалыптастыру, ашықтық пен қолжетімділікті қамтамасыз ету, көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, оңтайландыру мәселелері талқыланып, алдағы атқарылар жұмыстардың барысы нақтыланды.

Ізгілікке толы жиында қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мақсатында балабақшалардан бастап, барлық оқу орындарында, мекемелерде анонимді сауалнамалар жүргізу, үгіт-насихат жұмыстарын күшейтуде бұқаралық ақпарат құралдарын, әлеуметтік желілерді жұмылдыру туралы ойлар ортаға салынды.

«Адалдық Алаңы» жобалық кеңсесінің жалпыұлттық деңгейге жетуіне сүбелі үлес қосқан Жазира Жылқышиева Түркістан облысындағы жобаның атқарып жатқан жұмыстары мен кеңсе жетекшілерінің белсенділігіне оң бағасын берді.

«Жемқорлық – қоғамды жегі құрттай іштен кемірген дерт. Онымен күресті заң жүзінде алғашқылардың бірі болып бекіткен де біздің еліміз. Бүгінде агенттік тарапынан жемқорлыққа қарсы қолға алынып жатқан әрбір жоба, заң жастардың, өскелең ұрпақтың бойында жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған. «Адалдық Алаңы», «Парасат жолы» жобалары бойынша Түркістан облысында атқарылған жұмыстар көңіл қуантарлық. Дегенмен, босаңсымай жандандыра түсулеріңізді өтінемін» ,- деп атап өтті Жазира Жақсылыққызы.

Сондай-ақ, еркін форматта өткен басқосу соңында құрамында 6 аудандық мәслихат депутаттары бар «Адалдық Алаңы» жобалық кеңселерінің жетекшілеріне «Ашық мәслихат» атты жаңа жобаны жүзеге асыру барысы талқыланды.