Домой Әлеумет САРЫАҒАШ ПЕН КЕНТАУДА ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЗАМАНАУИ «ФРОНТ-ОФИСТЕР» АШЫЛДЫ

САРЫАҒАШ ПЕН КЕНТАУДА ХАЛЫҚ ИГІЛІГІ ҮШІН ЗАМАНАУИ «ФРОНТ-ОФИСТЕР» АШЫЛДЫ

Елордамыз Нұр-Сұлтан қаласының туылған күніне орай Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Кентау қалалық полиция бөлімі мен Сарыағаш аудандық полиция бөлімдері жанынан «фронт-офистер» ашылды. Бұл өз кезегінде қала мен аудан азаматтары үшін тиімділігін, кері байланыс жасау мүмкіндігін береді. Аталмыш кеңсе Қазақстан Республикасының Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі 2019-2021 жылдарға арналған жол картасын іске асыру мақсатында өз жұмысын жандандырмақ.
Салтанатты түрде ашылған Сарыағаш ауданындағы халықтық кеңсеге Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі М.Қожабаев, Сарыағаш АПБ-нің басшысы, полиция полковнигі Е.Нұралиев, аудан әкімі Қ.Абдуалиев, ішкі істер органдарының ардагерлері және аудан тұрғындары мен жеке құрам қатысты.
Сондай-ақ, дәл осы күнгі қуаныштар екі есеге еселене түсті десек артық айтқанымыз емес. Мәселен, Түркістан облысы Полиция департаментіне қарасты Кентау қалалық полиция бөлімінде де азаматтардың өтініштері мен талап-тілектерін орындау мақсатында халықтық кеңсе ашылып, өз жұмысын бастап кетті. Аталмыш шараға Кентау қалалық полиция бөлімінің басшысы, полиция полковнигі Е.Қыдырбаев, қала әкімінің орынбасары Самат Расул, қаланың зиялы қауымдары, ауыл тұрғындары мен БАҚ өкілдері қатысты. Мереке қарсаңында ашылған қос фронт-офис заман талабына сай толығымен компьютерлік техникалармен және жиһаздармен жабдықталған. Аталған нысандарда азаматтарды қабылдауға барлық жағдай жасалып, бейнебақылау жүйесі тартылған. Келген тұрғындар үшін барлық жағдай қарастырылған.
Полиция саласына қатысты көмек сұрап келген қала, аудан тұрғындары өздерінің сақшылардың, ішкі істер органдарының іс-әрекеттеріне қатысты мәселелері, оның ішінде қабылданған арыз бойынша сұрақтары мен өтініштері арнайы мамандарға жолданып, санаулы уақыттарда шешілуіне үлкен септігін тигізеді. Арнайы мамандар түсіндірмелер мен кеңестер беріп, мәселелерін қарайды. Оны тікелей фронт-офисте орналасқан жергілікті полиция қызметінің, әкімшілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері, анықтаушылар, тергеушілер және көші-қон қызметі тобының мамандары орындайды.
Ішкі істер органының халыққа жақындығы мен ашықтығын көздеген, азаматтардың аяқсыз қалған мәселелерін шешіп, алғысқа бөленіп жатқан, облыстық Полиция департаментінің тікелей мұрындық болуымен толассыз ашылып, жұмыстарын атқарып жатқан халықтық-кеңселердің ісіне біз де өз тарапымыздан сәттілік тілейміз. Астанамыздың туылған күнінде қос бірдей полиция бөлімінде ашылған заманауи кеңсенің халық үшін игі қызмет ететініне кәміл сенеміз.
Р.S. Бүгінгі күнге дейін Түркістан облысы Полиция департаментінің тікелей ықпалымен облыс көлемінде 6-шы фронт-офис ашылып, тұрғындар үшін қызмет көрсетуде. Олар, киелі Түркістан шаһарында, Жетісай мен Кентау қалаларында, Келес пен Мақтаарал, Сарыағаш аудандарында орналасқан. Жоспар бойынша мұндай фронт-офистер биыл облысымыздың барлық қала, аудандарында ашылады деп күтілуде.