Домой Әлеумет ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛАДЫ

ӨМІРЗАҚ ШӨКЕЕВ: АРДАГЕРЛЕРМЕН КЕЗДЕСУ ДӘСТҮРГЕ АЙНАЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерімен кездесу өткізді. Өрелі ой мен салмақты пікір айтылған кездесуге облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов және Жетісай ауданының ақсақалдары қатысты. Абыз ақсақалдар мен қазыналы қариялармен жүздескен облыс басшысы мұндай кездесулердiң маңыздылығын ерекше атап өтті. Сонымен қатар, барлық мәселе мәмілемен шешілетініне тоқталып, билер кеңесін жаңғыртудың маңыздылығын жеткізді.Өмірзақ Естайұлы: «Пандемия өзінің ықпалын тигізіп жатыр. Бірақ әкімшіліктің, аудан әкімдері мен мемлекеттік органдардың жұмысы бір минутқа, бір секундқа да тоқтаған жоқ. Оны ақпарат құралдарынан көріп отырсыздар. Арада талай қиыншылықтар мен апаттар болды. Түркістан салынып жатыр, көріп отырсыздар. Аудандарға барған кезде ақсақалдармен кездесіп тұрамын. Бұрынғыдай көпшілікпен, көп жиынға қатысуға қазір тыйым салынғанын білесіздер. Осындай жиынды ұйымдастыра бастаймыз. Әр ауданнан ақсақалдарды жинап, қандай оңды жағдайлар, қандай кемшіліктер болып жатқанын талқылаймыз. Өйткені ардагерлер елдегі болып жатқан жағдайларға қанық. Бүгін Жетісайдан бастаймыз. Ол жерде көптеген жұмыстар жасалды, оны білесіздер»,-деген ойын білдірді. Карантин талаптарын сақтай отырып өткізілген кездесу барысында ауданның әлеуметтiк-экономикалық дамуы, қоғамдық – саяси тұрақтылықтың сақталуы мәселелері ортаға салынды. Жетісайлық ақсақалдар өз ойларын жеткізіп, ауданның бiрқатар мәселелерін көтердi. Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы барлық ұсыныстар ескерусіз қалмайтынын, билік пен қоғам бірлесе жұмыс жүргізсе айтарлықтай нәтижеге жетуге болатынын, осы орайда ардагерлер мен зиялы қауым өкілдерінің әлеуетін тиімді пайдалану керектігін айрықша атап өтті. Алдағы уақытта облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан ақсақалдарымен кездесуі дәртүрге айналады.