Домой Әлеумет КЕРЕК КЕҢЕС: ОҚУДАН ТЫЙЫЛСАҚ, ОЙЛАУДАН ТЫЙЫЛАМЫЗ — 3

КЕРЕК КЕҢЕС: ОҚУДАН ТЫЙЫЛСАҚ, ОЙЛАУДАН ТЫЙЫЛАМЫЗ — 3

— Рухани қоржыны аса бай әмбабап дәрежеде жүрген адам, өмірлік ұлы мұраттарға елден бұрын қолын жеткізіп, шыңына шығады. Ұзақ ұтымды өмір сүреді. Міне, бұлардың бәрі, сайып келгенде, шын мәнінде ұтқыр күймен озық дәрежеде өмір сүре білудің мәні мен сәнінің де, мағынасы мен мазмұнының да ең айтулы көрсеткіші осы емес пе?!

Шындығына келгенде дәл солай! Ерекше күйде ескеретін келесі екінші жағдай: ол өскелең ұрпақтарымызды ұлттық көрнекті тұлғаларымызбен, сан саладағы қайраткерлерімізбен мүмкіндігін қалай да тауып жиі кездестіріп отырудың ұтқыр үрдісін оздыра түсу, бұл – олардың кітап оқуға деген қызығушылығы мен құмартушылығын арттыра түсумен қоса, озық дәрежеде ұтқыр өмір сүре білуге деген, қоғамдық ортада тұлға бола білуге деген тың серпінді серпілістерін айрықша жандандыра түсетін ең ұтымды ұлттық асыл дәстүрлеріміздің бірі екенін бірі білсе, көпшілік білмейтіні сөзсіз. Кеше өткен кеңес заманында ұстаз (куратор) мектеп, институт ішіндегі және қалалық орталық кітапханаларда ай сайын ақын-жазушылармен, көрнекті қоғам қайраткерлерімен  оқушыны, студенттерді кездестіріп тұрудың, жаңа шыққан кітаптарды талдау бағытында сан алуан диспуттар өткізіп тұрудың алтын дәстүрі болатын. Көп оқығанның тоқығаны зор, көпті көргеннің түйгені мол адам прогрессившілдік бағытта әрдайым жаңашыл, бастамашыл, халықшыл, турашыл, ойшыл, көшбасшы күрескерлік дәрежесінде озық жүреді. Дүниеде қасіреттің үлкені – ойдың жетімсіздігі. Ойы жетім адам – нағыз жетім. Ол – нағыз бақытсыз адам. Ол ұлтсыз, тәрбиесіз, тексіз, өзімшіл, қайырымсыз, қаскүнем, қатыгез болады. Кеңестік дәуірде адамдар бір-біріне есепсіз дәрежеде ерекше мейірімді, бауырмал, қамқоршыл, адал жанашыр әрі айнымас сүйеніш бола білуге ұмтылатын, құлшынатын, аңсайтын.

Ал қазақ халқы тәуелсіз ел атанған тұста, яғни қазіргі таңда бұндай ұтқыр құбылыстың дәстүрін де, текті кісілікпен үнемі жетілудің арқасында кемелденушіліктің үрдісін де кездестіруге қатысты түсінік-ұғымының өзі санамыздан бұлбұл ұшып, мұңға айналып, теңдесі жоқ құндылықтарымыздың мүлде жоқ болудың қасіретті дертіне ұшырағандығы қандай өкінішті, десеңізші. 

Расында да, Алаш баласы, кітапты үнемі оқып отыруды оздыра алмаса, күнделікті қоғамдық болмысты талдап отырмаса, өмірлік озық таңдау мен талғам-танымның ұтқырлығын шыңдап отырмаса, ақ пен қараның, жақсы мен жаманның, шындық пен өтіріктің, қасірет пен өнегелі құттың, алтын мен мыстың аражігін талдап ажыра алмайтын адамнан не күтуге болады? Тәуелсіз елдігіміз бен ұлттығымыздың бүгінгі және келешек тағдырына қатысты алды-артымызды жан-жақты талдай алмайтын, тіпті ұлттық алтын құндылық пен асылдық атаулының ұтқырлығын замана талаптарына сай жетілдіре түсу бағытында сын көзқараспен жаңаша бағамдай отырып, ұрпағымыздың ой санасына жаңаша сіңіруді оздыра алмайтын әке-шеше, ата-әженің  бойында текті кісіліктің қандай кемел қадір-қасиеттері болуы мүмкін? Қысқасы, һәм қазақтың ой санасын болсын, қоғамдық құрылымның кез келген сатысын болсын, ең алдымен дамылсыз кемелдендіре білуге қатысты ұтымды ұтқыр үрдіс-дәстүрлеріміздің озық дәрежеде болмауы, бұл – құрдымға қарай құлдыраудың, орны толмас қасіреттерге ұрындырудың зорына әкеліп соқтырмай тынбайтындығы сөзсіз. Ендеше, ендігі жерде, алдағы ағымдағы уақыттың бәрінде де қазақ баласы, не істемек керек?

Кітапты құмарту арқылы құлшыныспен сүйсіне көп оқыған адамның көкірек көзі әрқашанда ояу, зейіні зерек, жүрісі сергек келеді. Озық дәрежеде өмір сүре білуге деген құштарлығының ұтымдылығы айнадай айқын әрі күндей жарық, абырой-беделі жоғары, мәртебелі мерейі биік, мінезі көркем, келбеті әсем,  азаматтығы бекзат, талғампаз іскерлігі ұтқыр күйде келеді. Өмірлік таңдауы мен ұлттық мұраты асыл дәрежеде дамылсыз дами түседі. Кез келген қоғамдық ортада, отбасында сөз сөйлеуге келгенде сөзшеңдігі мен ойшылдығы дара күйде болады. Сабырлы, байсалды, жүрегі кең, сезімтал, кешірімпаз дәрежеде өнегелі тіршілік кешудің ұтқыр үлгісін оздырады. Сөз саптауға келгенде тілі жүйрік және шешендік шеберлігін кез келген ортада мойындата білуге келгенде шуақты нұрлы сәулесін үнемі айналасына шашумен ғана өмір сүреді. Ұлттың үнемі жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, халықтың сөзін дер кезінде айтуға келгенде ешкімнен де қаймықпайтын адал халықшыл, турашыл, ұлт мүддесіне қатысты мәселеге келгенде күрескерлік жолда белсенді келеді. Тек жеке қара басының байлығын күйттеп, саяси ұпайын арттыра түсу мақсатында ұлт, халық мүддесіне қарсы сатылымпаздық пен опасыздыққа барудың жолын өле-өлгенше түсінбей өтеді. Сонымен қатар олардың өздерінің ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің ой санасына ұтқырлықпен құятын өмірлік өнегелі өсиеттері мен баталарының тағылымдық құдіретінің ұлағаты орасан зор дәрежеде болады. Көп оқыған текті адамның рухани қоржыны ізденімпаз еңбекқорлықпен жинаған-терген гауһарлар мен інжу маржан түйіндерге толы болып, әмбебаптық дәрежеге жетеді. Қысқасы, кітапты заманның қатаң талаптарына сай лайықты адам өмір сүру үшін оқу қажет. Әлемдік ұтқыр құндылықтар мен асылдарды дер кезінде игере отырып, ұлттық болмысымыздың ұтқырлығын жаңаша оздыра түсу үшін оқу қажет. Кітап – сарқылмайтын теңдесі жоқ алтын бұлақ және көнеріп тозуды білмейтін алтын қазына. Білім-ілім, бұл – нұр. Ендеше кітапты түпнұсқадан оқуды ешбір техника да, технология да алмастыра алмайды. Қысқа тіршілікте көзіміз әбден жеткен мол дүние жайлы қазбалап айта берсек, кітап оқудан адамзат баласының алатын жан-жақты ләззәті мен құдіретті қуатында шектеулік жоқ. Болуы мүмкін де емес.

Біз, бәріміз де – қуат көзіміз. Есті де текті, көреген де кемеңгер басшының өзге мемлекеттер қазақ халқын көргенде таңғаларлық, үлгі-өнеге тұтарлық ұлағаты зор айтулы елі, оның кемел ұрпағы болуға міндетті. Сондықтан мемлекет, қоғам болып, һәм ұлт, халық болып, бір кісідей бір жұдыққа жұмыла бірігіп, пәрменді күрескерлікті қаулатудың жобасын жедел түрде қолға алатын ең өзекті де, ең өткір де адамзаттық мәселе екенін айдай айшықтау еді. Өйткені, бүгінгі таңда ұрпақтарымызға мемлекет ананың айрықша ұтқыр махаббаты тапшы. Өмір шындығын дәлірек айтсақ – рухани қамқорлыққа зәру елміз. Сонымен қатар біздің негізгі көздегеніміз осынау көкейтесті өткір мәселелерге күллі елдің, ұлттың, мемлекеттің, қоғамның назарын аудару, ой салу, толғануға түрткі болу, серіппедей серпінді серпіліске түсіру арқылы қоғамды, ұлтты, ұрпақты жаһандық бәсекеге лайық кемелдендіре білудің ұтымды жолдарын (жобаларын) бірлесе үйлестірудің, оның ұтқырлығын оздырудың мақсатында баршаны жанқияр күрескерлікке шақыру. Оқы! Шабыттан! Жаса, Алаш баласы! – демекпін.

ХХІ ғасырдың сахнасында қазақ қауымы Мәңгілік елге айналу дегеніміз, ең алдымен өмірлік күрескерлік белсенділігі орасан зор, жан-жақты сауатты, білімі мен біліктілігі мол, текті мәдениеті мен іскер кемелдігі жоғары, жаһандық бәсекеге қабілетті ұлт бола білу деген сөз. Демек, күллі елді, ұлтты, һәм ұл-қыздарымыз бен шәкірттерімізді бәсекелі жарысқа лайық дәрежеде кемелдендіре білуді ұтқырлықпен үнемі оздыра түсу деген сөз. Яғни, ХХІ ғасыр сахнасында қазақ елі тек есті де текті, кемел де көреген, білікті де кемеңгер дәрежедегі өз ұл-қыздарымызбен, немере-шөберелерімізбен мақтануды да, марқаюды да бұрын-соңды болмаған дәрежеде алға оздыра білудің арқасында ғана ұлттық мәртебелі мерейімізді теңдесі жоқ дәрежемен көкке асқақтата білудің озық та ұтқыр өнегелерін оздыра алатын алтын ғасырына айналдыру деген сөз. Бұл – Алаш баласы үшін мың бақыт. Ұлылардағы ұлы мақсат пен көреген көсемдіктің дәрежесі міне, осындай болса керек-ті.

Ендеше байтақ елге, ұлтқа, һәм халыққа, ұрпаққа, шәкіртке деген шын мәніндегі теңдесі жоқ жанқияр дәрежедегі жанашырлыққа толы ақ ниетіміздің өзі сөз жүзінде қалып қоймаса етті.

Молдағали аға,  тұщымды әңгімеңізге  рахмет!

Әңгімелескен Ермек ЖҰМАХМЕТҰЛЫ