Табиғатқа тіршілік нәрін беретін көктем келісімен, жер-жаһан түрленіп, тіршілік атаулы қайта жанданады. Бірақ бұл мезгілмен бірге табиғи қауіп-қатер де қатар өрістейді. Әсіресе, көктем мен жаз айларында күшейетін дала өрттері қоршаған орта мен ауыл шаруашылығына орны толмас залал келтіріп жатады. Осындай қатердің алдын алу – тек бір мекеменің ғана емес, барша қоғамның ортақ ісіне айналуы тиіс.
Осы бағытта Түркістан облысындағы «Қарғалы қаумалы» қызметкерлері жыл бойына тынымсыз еңбек етеді. Олар әсіресе көктем мезгілінде, күннің күрт жылынуына байланысты, дала өрттерінің қаупі артатын кезеңде сақтық шараларын күшейтіп, түрлі алдын алу жұмыстарын қолға алады. Мекеме мамандары тек қағаз жүзінде емес, нақты іс жүзінде – жергілікті әкімдіктермен, шаруа қожалықтарымен бірлесе отырып, тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыруға күш салып келеді.
Адам қолымен тұтанған апат
Дала мен орман өрттерінің шығуына көбіне-көп адам факторлары себеп болады. Темекінің өшірілмей тасталған тұқылы, алаулап жағылған оттың толық сөндірілмей қалуы, немесе табиғат аясына демалуға шыққандардың салғырттығы – осының барлығы алапат өртке ұласуы мүмкін. Тіпті егістік жерлердегі арам шөптер мен қалдықтарды жағу кезінде де сақтықтың шектен тыс маңызды екенін өмір өзі дәлелдеп отыр.
Тағы бір көңіл аударарлық мәселе – кейбір азаматтардың дала өсімдіктерін қасақана өртеуі. Бұл әрекет тек заңға ғана емес, табиғаттың тылсым тынысына да қарсы жасалған қиянат деуге болады. Осындай жауапсыз әрекеттердің салдары көбіне ауыл шаруашылығы саласына тиіп, мал азығына қажетті жайылым мен шабындық жерлердің күлге айналуына себеп болып жатады.
Тілсіз жаудың тегеуріні
Орман және дала өрті жай от емес – ол адам өмірі мен табиғи байлыққа төнетін үлкен қауіп. Көп жағдайда өрт сәт сайын үдеп, жайылып үлгермей жатып-ақ, қалың орманды түгел жалмап кетуі мүмкін. Өртті ауыздықтау жұмыстары қиын әрі ұзақ уақытты қажет етеді. Бұл кезде материалдық шығынмен қатар, моральдық күйзеліс те көпшілікке әсер етеді. Әсіресе өрт ішінде қалған жануарлар мен өсімдіктердің өмірі – сансыз зиянның бір бөлігі ғана.
«Қарғалы қаумалы» секілді табиғатты қорғау ұйымдары осындай қатерлердің алдын алу үшін жан аямай еңбек етіп келеді. Олар профилактикалық рейдтер ұйымдастырып, өртке қарсы минералды тосқауылдар салып, техникалық құрал-жабдықтарды дайындап отырады. Сонымен қатар, жастар мен оқушылар арасында түсіндіру жұмыстары да үздіксіз жүргізіледі. Бұл – қауіпсіздік мәдениетін жас ұрпақ санасына сіңірудің тиімді жолы.
Табиғатқа құрмет – болашаққа қамқорлық
Орман – халқымыздың байлығы, табиғаттың тынысы. Қалың жынысты ормандар мен жасыл желектер тек оттегін бөліп қоймай, миллиондаған тіршілік иесінің мекені, сан мыңдаған адамның тынығатын жері. Сондықтан бұл байлықты көздің қарашығындай сақтау – әр азаматтың борышы.
Қауіпсіздік – қоғам дамуының маңызды тетігі. Дала мен орманда өрт шықпауы үшін біз әрқайсымыз өзімізден бастап жауапкершілік танытуымыз керек. Жай ғана сіріңкенің ұшынан тұтанған от жүздеген гектар орманды жалмауы мүмкін. Сондықтан орман мен далада отты пайдаланарда аса мұқият болу – табиғатқа деген құрметтің белгісі.
Өрт – айтпай келетін апат. Оның алдын алу – мүмкін, ал салдарын жою – қиын әрі қымбатқа түседі. Сондықтан дала мен орман алқаптарындағы қауіпсіздік мәселесі күн тәртібінен түспеуі тиіс. Әрбір адам – табиғаттың перзенті. Ендеше, сол табиғатқа қорған болу – біздің азаматтық парызымыз.






























