Домой Әлеумет ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕНДЕР ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

ӘДІЛДІКТІ ТУ ЕТКЕНДЕР ЖҰМЫС САПАРЫМЕН ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНА КЕЛДІ

Бүгін Түркістан облысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Төрағасының кеңесшісі Жазира Жылқышиева мен республикалық «Парасат жолы» орталығының жетекшісі, жазушы  Сәдібек Түгел арнайы жұмыс сапарымен келді.   

Адалдық құндылығына негізделген мақсатты жиын, ең алдымен жас буынды ізгілікке жетелейтін   Ы.Алтынсарин  атындағы облыстық балалар  кітапханасында  ашылған  «Парасат жолы» орталығында  зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен  өтті.     

Орталықтың жұмыс барысымен танысқан  республикалық жоба жетекшісі Сәдібек Түгел ел аумағында ашылған «Парасат жолы» орталығының  негізгі мақсаты –  ұлттық мәдениет пен тағлымды тарихты, тұнық тәрбие мен өнегелі әдебиетті насихаттау арқылы  қоғамда  әділдік қасиетін қалыптастыру және адалдық идеялогиясын ілгерілету екендігін жеткізді.  

Мәдениет пен руханияттың тоғысқан ордасы саналған кітапханада өткен  алқалы жиында бірегей жаңа жобаның мақсаты мен міндеті ортаға салынып, орталықтың алдағы жұмыс жоспары  талқыланды. 

Игі шарада пайдакүнемдіктен туындайтын сыбайластықтың елге тигізер залалы мен зардабы сөз болып, жемқорлықтың алдын алу және оның жолын кесу жолында әрбір ел азаматы жұдырықтай жұмылып күресу қажеттігі баса атап өтілді.

Сондай-ақ, кезекті келелі басқосу жүз бір жылдық тарихы бар Түркістан облыстық өлкетану музейінде ашылған «Парасат жолы» орталығында ұйымдастырылды.  Музей жұмысымен танысқан  Агенттік өкілдері музей төрінен орын алған орталық алдағы уақытта әлеуметтік індеттің жолын кесуге ықпал етіп қана қоймай, көпшілік ортада  сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті  жаңғыртуға сеп болатынына сенім білдірді.