Қазіргі таңда Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің бастамасымен Арыс қаласындағы төтенше жағдайға байланысты Ордабасы ауданы Ақжол ауылында орналасқан Жамбыл атындағы мектепте арнайы штаб жұмыс істеуде.

Негізгі мақсат – бір орталықтан штабтың жұмысын үйлестіру, Арыс қаласы бойынша атқарылған жұмыстарды жоспарлау. Штабта қазір ҚР Қорғаныс министрі Н.Ермекбаев, облыс әкімі Ө.Шөкеев, облыс прокуроры Н.Әбдіров, аудан, департамент, басқарма басшылары бар. Сондай-ақ, полиция, қорғаныс, БАҚ қызметкерлерінен құралған топ тәулік бойы штабта жұмыс істеуде.

24 маусымда Арыс қаласындағы 3 орында жиналу пункттері ашылған болатын. Ақдала, 41 разъезд және Водозабор деп аталатын аумақтарға жиналған тұрғындарды әскери көліктер мен автобустар қауіпсіз аймақтарға көшіріп үлгерді. Жалпы саны эвакуациялау жұмыстарына 100-ден астам көлік жұмылдырылып отыр.

Қала аумағын тәулік бойы ұлттық гвардияның 580 сарбазы мен 345 полиция қызметкері күзетуде.