«Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында кадрлар даярлау еңбек нарығына қажеттіліктерінің орта мерзімді болжамын ескере отырып әзірленетін Басым мамандықтар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады. Халықаралық стипендия іске асырылған 28 жыл ішінде барлығы 130 стипендия «Филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша тағайындалған. Оның ішінде 10 стипендия «Ағылшын тілі және әдебиеті», «Ағылшын әдебиеті», «Тіл және әдеби білім», «Тіл және медиа», «Заманауи тілдер мен әдебиет» мамандықтары бойынша берілген. Ал соңғы бес жыл аралығында «Филология, лингвистика, аударма ісі» мамандықтары бойынша 26 стипендия (бакалавриат – 1, магистратура – 11, докторантура – 6, тағылымдама – 8 стипендия) тағайындалған: Оның біреуі — «Ағылшын әдебиеті» мамандығы бойынша», деп атап өтеді Ералы Тоғжанов жауабында.
Вице-премьер дерегінше, қазіргі таңда олардың ішінен 17-cі оқуын аяқтады, 9 стипендиат білім алу үстінде. Жалпы, тізбеге поэзия мен проза, аударма мен әдеби сын, драматургия мен сыни ойлау сияқты әдебиетке қатысты пәндердің бағытындағы магистр мен доктор дәрежесін әлемнің үздік университеттерінде білім алуға бағытталған мамандықтар енгізілген.
Оның ішінде «Тіл білімі және әдебиет», «Тіл, әдебиет және мәдениет», «Әдеби тіл білімі», «Ежелгі және қазіргі тілдер мен әдебиет», «Қазіргі заман әдебиеті», «Салыстырмалы әдебиет мен мәдениет», «Балалар әдебиеті», «Ағылшын әдебиеті», «Классикалық тілдер мен әдебиет», «Әлем әдебиеті ағылшын тілінде», «Салыстырмалы әдебиет және сыни аударма», «Жаһан әдебиеті мен мәдениеті», «Ағылшын тілі және салыстырмалы әдебиеттану», «Испан тілі және әдебиеті», «Грек/латын тілдері мен әдебиеті», «Француз тілі және әдебиеті», «Неміс тілі және әдебиеті», «Латын Америка әдебиеті», «Француз және роман тілдері мен әдебиеттері», «Ағылшын әдебиеті: әдебиет және қоғам: ағартушылық, романтизм», «Ағылшын әдебиеті: әдебиет және қазіргі заман: 1900 жылдан қазіргі уақытқа дейін», «Ағылшын әдебиеті және Америкатану», «Жазба өнері және басылым», «Драмалық жазу», «Әдебиет және кино», «Драмалық әдебиет, театр тарихы және кино» Тізбеде мамандықтар қамтылған.
«Депутаттық сауалда көрсетілген ұсыныстар ескеріле отырып, тізбедегі «Әдебиет» аталымы бойынша мамандықтар санын көбейтуге назар аударылатын болады. Сонымен қатар, жалпы «Болашақ» бағдарламасы аясында әдебиет мамандығы бойынша білім алатын түлектер саны үміткерлердің осы мамандыққа қызығушылығына тікелей байланысты екендігін ескеру қажет. Бұл ретте Қазақстан жазушылар одағы осы мамандықтар бойынша іріктеп ұсынған талантты қаламгерлердің кандидатуралары зерттеледі және қолданыстағы «Болашақ» халықаралық стипендиясын тағайындау үшін үміткерлерді іріктеу қағидаларына конкурстық негізде қарастырылады», деді Е.Тоғжанов.