Домой Басты жаңалықтар Қазақ зиялылары Түркістанда

Қазақ зиялылары Түркістанда

Түркістанда мемлекет қайраткерлері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдері бас қосып, көне шаһардың көрнекті жерлерін аралады.

Қазақстан халық әртісі, Мемлекет және қоғам қайраткері Асанәлі Әшімов, Қазақстан Республикасы мемлекеттік Елтаңба авторы Жандарбек Мәлібеков, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев, Қазақстан Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті, академик, профессор Мұрат Жұрынов, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, жазушы, Түркістан облысының Құрметті азаматы Мархабат Байғұт, қаламгер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері Көпен Әмірбек, мүсінші Тілеуберді Бинаш алдымен «Сапар орталығында» болып, мұндағы жәдігерлермен танысты.

Түрленген Түркістан қаласының жаңа келбетімен танысқан делегация рухани астанадағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне барып, Бабалар рухына құран бағыштап, елдің амандығы үшін дұға жасады. Ары қарай жаңарған шаһардың бүгінгі келбетін тамашалады. Шаһардың әкімшілік-іскерлік орталығындағы Н.Назарбаев алаңына қойылған «Ұлы Даланың Ұлы» атты Елбасы ескерткішінің ашылу рәсіміне қатысты. «Елімізде 30 жылдың ішінде жасалған түбегейлі өзгерістер, ұлы істер туралы сіздер жақсы хабардарсыздар. Осы жасалған жұмыстың барлығы тікелей Елбасының атымен байланысты. Осыдан тура 3 жыл бұрын Түркістан облысын құрылып, Түркістан қаласын күллі түркі әлемінің орталығына айналдыруға мүмкіндік беретін ұлы жұмыстар басталды. Нұрсұлтан Әбішұлы салиқалы саясатының арқасында бүкіл әлемде Қазақстанның беделі өсті. Мінекей, осының барлығы Елбасының көрегендігінің жемісі, елдің абыройының бүкіл әлемге таңылғанының көрсеткіші», — деді өз сөзінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев.