Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР ІІМ республикалық детективтік шығармалар байқауын ұйымдастырды. Яғни алғаш рет республика көлемінде өткізілген «Серт» детективтік шығармалар байқауына 30-дан астам шығарма келіп түсіп, бақ сынасты.
Бұл шығармалар қалың оқырманға белгілі емес және бұрын соңды ешжерде жарияланбаған. Аталмыш шығармаларда жазушылар мен журналистердің қаламы арқылы полицейлердің шынайы бейнесі айқын көрініс тапқан.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ақұштап Бақтыгереева, жазушы-аудармашы, ақын, кинорежиссер Бақытжан Қанапиянов, жазушы-журналист Александр Тараков және басқа да көрнекті мәдениет, өнер және журналистика өкілдері бар қазылар алқасы төрелік етті.
Республикалық байқау 6 ай бойы жалғасын тапты. Шығармалар жан-жақты сараланып, стиль, грамматика, орфография мен әдебилігі секілді т.б. түрлі тұстарынан тексерілді. Нәтижесінде бас жүлдені Павлодар облысынан “Қатаң режим” туындысының авторы Дихан Баймұхамбетов, І-орынды Түркістан облысынан “Шымкенттегі шырғалаң” шығармасының авторы Анарбек Мұхтар Тұрғанбекұлы, ІІ-орынды Павлодар қаласынан “Екеудің көлеңкесі” туындысының авторы Алпысбай Хонжы мен Алматы қаласынан “Мажоры” шығармасының авторы Бекболат Сарбасов алды. Одан бөлек ІІІ орынды “Адьюторлар” шығармасы үшін Нұр-Сұлтан қаласынан Екатерина Паевская, “Болмаған той” Жадыра Шамұратова, “Чикаго” әңгімесімен Ернұр Әзімбаев қанжығасына байлады.
Аталмыш «Серт» байқауында жұбаныш сыйлықтары
да табысталды. Олардың ішінде Түркістан облысынан ақын Айдарбек Байділдә
Жартайұлының «Суицид» және Асқарова Азиза Ержанқызының «Көрінбейтін қарақшы»
шығармалары бар.