Home Мәдениет ТАЙҚАЗАН СЫРТЫНДАҒЫ ЖАЗУЛАР СЫРЫ

ТАЙҚАЗАН СЫРТЫНДАҒЫ ЖАЗУЛАР СЫРЫ

Тайқазан сыртындағы жазулардың екінші қатарындағы он сегіз рет қайталанып жазылған «Мубарак бад» деген сөз – құтты болсын, берекелі болсын, береке дарыған орын деген мағынаны береді. Бір шаңырақтың қазаны күнде кешке қайнап жатса, бұл сол елде соғыстың жоқтығы, тыныштықтың белгісі саналса, онда буы бұрқырап жілік-жілік еттің пісіп жатқаны сол елдегі тоқшылықтың, молшылықтың белгісі саналған. Халық арасында бұл түсінік әлі күнге дейін маңызын жойған жоқ.Қазан сыртындағы үш қатар жазулардың төменгі жағында орналасқан отызға жуық томпақтарды ғалымдар «Куббалар» дейді. Халық арасында болса, мұны «қазанның емшектері» деп атап кеткен. Осының екінші атауы томпақтардың мәнін толық ашады, бұл Ұмай анаға сиынған сақ тайпаларының ұғымында өмірдің шырағы, шаңырақ отын тұтатушы, ұрпақтарды жалғастырушы болып табылатын анаға бас июдің, үлкен құрметтің көрінісі. Бұл, кез келген нәрсенің байыбына жете барып, қәдірін терең ұғынған сақтардың табиғатына тән құбылыс.Қазан сыртындағы жазулардың бірінші қатарында жазылған Құранның “Тәубе” сүресінің он тоғызыншы аятынан және Пайғамбар (с.ғ.с) хадисінен оның суға арналғандығын аңғаруға болады. Аят: «Сендер, зияратшылардың шөлін қандырғанды, мешіттерді жөндеуді; Аллаға, ахирет күніне сеніп, және Алла жолында соғысқан кісі сияқты көресіңдер ме?» десе, хадисте «Айтты Пайғамбар (оған Алланың нұры жаусын): Алла жолында құдық қаздырып, мешіт салғандарға ол дүниеде Алла үлкен хауз орнатады» делінген. Екінші қатардағы «Әлә, Әл-мүлки Лилла» деп «куфи» қолтаңбасымен жиырма рет қайталанып жазылған сөздің аудармасы: «Байқаңдар, Мүлік Алланікі!». Адамның қол астындағы иелік етіп жүрген мүлкінің бәрі бір Құдайдікі екендігіне дәлел оның құр алақан келіп, құр алақан кетуі болса керек. Тірі кезінде тұтынған, пайдасына асырған заттың бәрі Жаратушының адамға белгілі бір уақыт ішінде пайдалануға берген аманаттары.