Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: ТІЛДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?

ТҮРКІСТАН: ТІЛДІҢ ҚОҒАМДАҒЫ ҚЫЗМЕТІ ҚАНДАЙ?

Тәуелсіздік алғалы бері Қазақстандағы мемлекеттік тілді дамыту және қолдау нәтижелері қандай деңгейде екенін айқындайтын басты көрсеткіш – бұл шынайы қоғамдық орта, қоғамдық ортаның мүддесі мен рухани саналы көзқарасы. Қоғамдық ортадағы мемлекеттік тілдің қолданылуы тілдік ортаның нығаюымен күшейеді. Ал қазақ тіліндегі қоғамдық ортаны қалыптастыруға ықпал жасайтын факторлар – білім беру, мәдениет БАҚ жүйесі мен мемлекеттік тілде ісқағаздарының жүргізілуін қадағалайтын әрбір мекемедегі тіл дамыту бөлімдері мен департаменттері, т.б. институттар мен қоғамдық ұйымдар, сондай-ақ мемлекеттік биліктің тікелей өзі болып табылады. Мерзімді және электронды БАҚ жүйесіндегі мемлекеттік тілді дамыту іс-шараларының нәтижесі бойынша қазақтілді ортаның өсу динамикасы жылдан жылға артып келеді, бірақ ісқағаздары мен мемлекеттік қызметтегі, жеке кәсіпкерліктегі, жеке ұйымдардағы тілдік орта түбегейлі қазақ тіліне ауысты деуге болмайды. Ең бастысы 1991 жылдан 2000 жылға дейінгі рухани сананы ояту күресі жеңіске жетті. Яғни бүгінгі таңда көпұлтты барша қазақстандықтар мемлекеттік тіл – қазақ тілі екенін шынайы рухани тұрғыдан мойындап, оны құрметтеуге бет бұрды, тіпті қазақ тілін үйренуге талпыныс күшейді. Әрине, бұл қозғалыс мемлекеттік тілді дамыту стратегиясының орындалу мерзімінен әлдеқайда кеш әрі баяу жүргізілді. Бірақ Қазақстан үшін осы қадамға жету тіл саясатындағы толеранттылық, сабырлылық күшіменен жүзеге асты.

Әрине, ұлтжанды тіл жанашырлары мемлекеттік тілдің туын көтеру үшін жан айқайын салып, түбегейлі қазақтілді қоғамдық ортаны қалыптастырудың саяси да, рухани да, заңдық жолдарын көрсетіп, тіпті өзге мемлекеттердің оңтайлы тәжірибелерін негізге алып қоғамдағы тілдік ортаны күрт өзгертуді ұсынады. Бірақ олардың қолы биліктің тежеуінен байланып отыр. Осы тұрғыдан алғанда қоғамдық ортаның бір өкілі ретіндегі, қоғамдық пікірдің бір мүшесі ретіндегі әрбір азаматтың түйсігінде мынадай сауалдар туындайды: қазақ тілінің мәртебесін арттырып, мемлекеттік тіл дәрежесінде барлық салада еркін қолданысқа 22 жыл бойы қарқынды ене алмауының себебі неде? Осы сұраққа жауап іздеу үшін біріншіден, қазақстандық БАҚ жүйесіндегі (мерзімді және электрондық) мемлекеттік тілге қатысты барлық мақалалар мен оларға берілген қоғамдық пікірлерді мазмұндық тұрғыдан сараптадық. Екіншіден, сол мақалалар идеологиясынан туындайтын мәселелерге талдау жасадық. Яғни қазақ тілін үйрететін және оқытатын әдістеме мен оқулықтардың тиімділігі мен маман тәжірибесі, шеберлігі туралы пікірлер талқыланды. Үшіншіден, мемлекеттік тілді тіл саясаты арқылы нығайтуды көздейтін саясаттанушылардың ұсыныстары талданды. Төртіншіден, өзге мемлекеттің тіл саясатын үлгі ету үдерістері, оған қарсы және оң пікірлері ашық көрсетілді. Бесіншіден, мемлекеттік тілді дамытудың ғылыми негіздемесі туралы ғалымдардың пікірі талданды. Алтыншыдан, қазақ қоғамындағы мемлекеттік тілді дамытуға ықпал ететін барлық іс-шаралардың (тілді дамыту департаменттері мен бөлімдерінің қызметтеріне) нәтижелеріне талдау жасалды.

«Kazinform» халықаралық ақпараттық агенттігінің хабарлауындағы жаңалықтарға статистикалық санат жүргізгенімізде мемлекеттік тілді дамытуға қатысты іс-шаралар жылдан жылға қарқынды жүргізіліп жатқанын байқауға болады. Қазақ тілін қолдау ісіне қатысты орындалып жатқан жұмыстардың санымен қоса мазмұны да уақыт өткен сайын күрделеніп, халық мұқтажын, қажеттілігін өтеу мақсатында сұранысқа ие болып отыр. Мемлекеттік тілді электронды жүйе көмегімен жетілдіру іс-шаралары: мемлекеттік тілді онлайн режімінде тегін оқытатын «www.soyle.kz» интернет-порталы іске қосылды. Қазіргі таңда жаңалықтарда осы порталға кірушілердің саны 30 мыңнан асқанын жиі хабарлайды. Сонымен қатар келешекте мемлекеттік тілді тегін оқытатын «Qazaqsha-online» электрондық порталы іске қосылатынын хабарланған. «Тілдарын» мемлекеттік тілді меңгерудің мультимедиялық кешенін әзірледі. Қазақша Wikipedia мақалалары 200 мыңнан асып, бұл сайтты қолданушылар саны артты және оның қазақ тіліндегі рейтингі 25-орынға жетті. 64 тілде веб-қызмет көрсететін Google сайтына қазақ тіліндегі аударма қызметі енгізілді. Бұл игі істі «Викибілім» қоғамдық қоры жүзеге асырды. Алматыда веб-сайттарды қазақ тілінде дамыту мәселесі талқыланды. «Одноклассники» әлеуметтік желісі қазақ тілінде қолжетімді болуы жоспарланды.

Мемлекеттік тілде сөйлейтін тұрғындардың үлес салмағын анықтау шаралары: Шымкентте өзге ұлт өкілдерінің 80 пайызы мемлекеттік тілді біледі. Тәуелсіздіктен бері қазақ тілінде оқытатын мектептер саны 51,6 пайызға артты. Түркістан облысында мемлекеттік қызметшілердің 97 пайызы мемлекеттік тілде іс қағаздарын жүргізе алады.

Мемлекеттік тілді дамытуға қатысты қаулылар мен бұйрықтар, ұсыныстар: Қазақ тілін шеттеткен БАҚ лицензиядан айырылады (М.Құл-Мұхаммед). Қазақша сөйлейтін халқы 70 пайыздан асқан өңірдің барлығы қазақ тіліне көшуі керек. Ісқағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуді қалалық прокуратура тексереді (Астана). Қазіргі заман әдебиетінен 69 кітап қазақ тіліне аударылады. Қазақстан Ұлттық телеарнасының рейтингісі 47 пайызға өсті. Қазақстандағы ЖОО-лар кітапханасындағы оқулықтардың 17-18 пайызы ғана қазақ тілінде.

Ісқағаздарының мемлекеттік тілде жүргізілуі:

Қазақстан халықаралық шарттарды мемлекеттік тілде жасайтын болады. Д.Омашұлының мемлекеттік тілде заң жазу мәселесіне арналған жаңа кітабы жарық көрді. Қазақстанда тіркелген шетел елшіліктерінің 80 пайызы елімізге ресми ноталарды қазақ тілінде жолдайды. Бағдарламалық шешімдердің әлемдік көшбасшысы саналатын SAP компаниясы енді өз өнімдерін тұтынушыларына қазақ тілінде ұсынатын болды.

Қазақ тілін дамыту байқаулары: «Қазақтілді Интернет-сайттар ұлттық сыйлығы» байқауы жүргізілді. Ұлттық-мәдени орталықтардың өкілдеріне қазақ тілін үйрететін жазғы мектеп ашылады. Ал 2012 жылы жүргізілген іс-шаралар мазмұны қазақ тілін үйрету әдістері, шаралары, жолдары мен түрлі байқаулары аясында кеңінен орындалған. Сондай-ақ, қазақ тіліндегі көркем шығармалар мен шетел әдебиеттерінің қазақша аудармаларымен толыққанын айту қажет. «Қазақ тілі» қоғамының қызметтері өз нәтижелерін бере бастады. Қазақ тілі мұғалімдерінің білімін жетілдіру ісіне күш салынды. Таратып айтатын болсақ, қазақ тілінде жарық көрген кітаптар: А.Дюманың «Үш ноян», «Граф Монте Кристо» кітаптары, М.Әуезовтің әңгімелері қайта басылып шықты. «Түркіменстанның дәрілік өсімдіктері» қазақ тіліне аударылып басылып шықты. Корея Республикасының Президенті кітабы қазақ тілінде жарық көрді. АҚШ университетінің профессор Л.Лессингтің «Еркін мәдениет» кітабы қазақша аударылды.

Қазақ тілінде дубляждалған «Қара киімділер-3» фильмінің тұсаукесері болды. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Қазақша сөйлейміз» бағдарламасы эфирге шықты.

Мемлекеттік тілді электронды жүйе арқылы дамыту шаралары: «tilim-elim.kz» интернет сайты іске қосылды. 2012 жылғы Шетелдегі қазақ диаспоралары үшін жүргізілген іс-шаралар: Висконсин-Мэдисон университеті қазақ тілін оқытудың әдістемесін ұсынды. Барнаулда қазақ тілі орталығы ашылды. Румынияның Бабеш-Боляй университетінде қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы орталығы ашылды.