«Менің бір арманым бар. Ол қазақтың маңдайына біткен бақ жұлдызы Шәкен Аймановтай кино режиссері болу» – деді бізбен әңгімесінде Түркістан облысына танымал қоюшы-режиссер, белгілі ақын Сайлаухан Жоланов. Бүгінгі таңда атқарып жүрген қызметі режиссерлік болғанмен, халық аузын ашса ағылып өлең төгілетін бұл дарын иесін арқалы ақын деп таниды. Сайлауханның өзі «Ақындық жол дейміз. Шынын айтайын, мен ақын боламын деп алдыма мақсат қойған жоқпын. Өлең – ішкі сезімдерім ішіме сыймағанда жазатын дүнием. Ақын болам демейді екенсің. Ел өзі соған ықпал етеді екен. Ел өзі солай атап кетеді екен» – десе-дағы, лықсып келген жанартау жарып шықпай қоймайды. Алла берген қасиет бәрібір жарық дүниеге шығады. Сайлаухан бауырымыздың өлеңдеріндегі туған өлкесіне тән өрлігі, туған жерге сүйіспеншілігі, туған халқының тағдырындағы ақтаңдақтар мен шейіт кеткен алаш азаматтарына деген жан күйзелісі ақын болмасына қоймады. Ақындық жанартаудың биігіне көтерді. Соның нәтижесінде халықтың жүрек төрінен орын алған тұшымды туындылар дүниеге келді. Сайлауханның ақындық келбеті өткен жылы қырық бес жасқа толған мерейтойына орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап-ғылыми кітапханасында өткен «Жыр жазамын жүрегіммен» атты шығармашылық кешінде жан-жақты ашылып, жанымызда жүрген дарын иесін жаңаша қырынан таныған едік. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, өр ақын тек Қазақстанда ғана емес, Ташкент қаласында өткен ТҮРКСОЙ жиынына, түркі әлемі ақындарының аламанына қатысып, қазақ поэзиясының рухты сипатынан сыр шертті. Поэзияның жұмбақ әлеміне сүңгіген әріптестерінен қара үзіп келіп, оқырманын сүйсіндірген жұлдызды сәттер де баршылық. «Алтын алмастың қын түбінде жатпайтыны» секілді, Сайлаухан ақын ақындықты мақсат тұтпаса да, бойда тұнған дарын, Алладан келген қасиет небір өлеңдердің түйдек-түйдегімен дүниеге келуіне ықпал етсе керек. Біздің бүгінгі сұхбатымыз да сыңғырлап аққан мөлдір бұлақтай сырлы өлеңдерімен оқырман көзайымына айналған сыршыл ақын, ел тарихының тамырына, халықтың дәстүріне терең бойлап, қойылымдар қойып жүрген дарынды драматург Сайлаухан Жолановтың тың толғамдары мен жаңа жобалары, өнер әлеміндегі бағыты мен бағдары төңірегінде өрбитін болады. Ақжүрек халқына ақтарыла сыр айтқан өнер иесінің сыр-сұхбатын бірге оқиық, қадірлі оқырман!
– «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» – деп келешектен үміт күтеміз. Сіздің де келіп жеткен жылан жылына айтарыңыз бар шығар?
– «Жылан жылы – жақсы жыл» – деген ұғым бар ежелден. «Түсіңде жылан көрсең бақытты боласың» – деп ата-бабадан келе жатқан түс жору дәстүрінде де жыланның жолын жақсылыққа балаған халықпыз. Қала берді, үйге жылан кіріп кетсе де: «Құт келді, береке келді» – деп басына ақ құйып шығару ырымы тағы бар. Сондықтан да, есік ашып келген Жылан жылы елімізге жайлы, жақсы жыл болады деген ойдамын. Баршаларыңызға биылғы жыл берекелі де мерекелі жыл болсын деп тілеймін.
Марқұм Мархабат Байғұт ағамыздың маған қатты ұнаған «Чилидегі жер сілкініс» – деген мақаласында кіп-кішкентай Чилиде үлкен жер сілкінісі болады. Сонда даңқты бір жазушы «Біздің елімізде алапат жер сілкінісі болып, орны толмас қайғы-қасіретке ұшырап отырмыз. Халықтың рухы сынды. Халықтың көңілінде қорқыныш қалды. Халық қайтадан рухтанып, қалпына келу үшін бізге кемі жүз жыл уақыт керек» -дейді.
Яғни, жер сілкінісінің кері әсерін осылай бағалайды. Ал, сол жүз жылдың ішінде бүкіл бұқаралық ақпарат құралдары, телевидение, газет-журналдар, жазушы-қаламгерлер, барлығы халықтың ұлттық рухын қайта қалпына келтіру үшін жұмыс жасауы керек деп жазады. Сол атақты жазушының халқына жаны ашып айтқан пікіріне талдау жасай отырып, Мархабат Байғұт ағамыз: «Бұл – бір рет болған жер сілкінісі. Ал, бізде рухани сілкініс қанша рет болды? 1916 жылдан басталған төңкерістер арасында үзіліс жоқ, үздіксіз 1986 жылға дейін жалғасып келді. Қаншама мәрте рухани сілкініс болды. Ел басына түскен нәубет, ашаршылық. Аяусыз қырылып кеткен Алаштың арыстары. Ең соңғы Желтоқсан оқиғасы. Осыдан кейінгі өткен отыз жыл. Осы отыз жылда халықтың рухын қалпына келтіру үшін не істедік? Оны жүзеге асырған қандай ақпарат құралы бар? Жер сілкінісінен болған қасіретті жою үшін жүз жыл керек екен. Сонда үздіксіз рухани сілкініске, рухани жаншуға ұшыраған елдің рухын қалпына келтіру үшін қанша жыл керек?» – деп күйіне сауал тастайды. Сол айтпақшы бізге, ең алдымен тыныштық керек. Өйткені, адамның жан тыныштығына жететін ештеңе жоқ. Сол зұлматты көрген адамдар тәуелсіздіктен кейінгі тыныштықта өмір сүріп, одан кейінгі жартылай тәуелсіздікте өмір сүріп, бодандық көргендер, толық тәуелсіздікте туылғандар билікке келіп, одан кейінгі ұрпақтың рухы қалыптасу керек деп ойлаймын. Ұлттық сана-сезімнің қалпына келіп, қалыптасуы келер ұрпақтың дамуы мен жаңғыруына жол ашары сөзсіз. Осы қадамның бастауы – қазақи тәрбие дер едім. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса, иншалла, бұл күндерге де жетерміз.
Менің жыр қоржынымда былай басталатын «Туған жер» деген өлең бар:
«Биігінде тағының тағы қалған,
Қалт кеткенді қармауы қағып алған.
Уа, туған жер, мен мына қара өлеңді,
Топырағыңнан қопарып қазып алғам».
Бұл жәй ғана ақындық жүректің тебіренісі емес. Адамзат баласына, соның ішінде ақындықты еншілеген дарын иесіне жеке-дара қасиет тек ананың ақ сүтімен ғана емес, туған жердің топырағынан, өскен ортасынан да дариды. Шындығында да, менің туған жерім осындай шығарма жазуға, рухты өлеңдер жазуға себепші болатындай ерекше өлке. Атап айтқанда, менің кіндік қаным тамған жердің қазіргі атауы – Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданы, Қожамберді ауылы. Ескіше атауы баяғы қазақ хандығының астанасы болған тарихи Сығанақ қаласының түстік бетінде орналасқан атшаптырым жердегі Әбілқайыр Шайбани жерленген, Алпамыс батырдың ғашығы Гүлбаршын ананың басына орнатылған көк кесене. Сол жерде дүниеге келгем. Құл Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесі өрнектелген көк тастар, сол сәулет өнерінің көріністері осы көк кесенеде де бар. Биыл қазудан өтті. Көк кесенені қазған уақытта Ясауи бабамыздың кесенесін көркемдеп өрген кірпіштер осы жерде де бар екені белгілі болды. Ішінен алты адамның сүйегі шықты. Зерттеуге кетті. Әлі нәтижесі белгісіз. Жалпы сол көк кесененің Қожамберді ауылы деп аталу себебі, он бесінші ғасырда Сығанақ қазақ хандығының астанасы болып, Хақназар хан билеуші болған тұста, оның жеке әскерінің қолбасшысы садақ атуға өте мерген, ат құлағында ойнайтын жаужүрек батыр Сауран қаласын екі мәрте, киелі Түркістанды сан мәрте жаудан азат еткен, Хақназар ханды жаудан құтқарып қалған Қожамберді қолбасшы болса керек. Оның соғыс өнеріне қатты риза болған хан өзінің алмас қылышымен қоса Көк кесенені де сыйға тартады. Менің туған ауылымның атауы осындай ержүрек батырдың құрметіне қойылғандығын сөз орайы келгенде айта кетуді жөн көрдім. Таратып айтар болсам, туған ауылымның тарихы өте тереңде жатыр. Шырық көлі, Мыңбұлақ, Ақшығанақ, Балапантөбе сияқты соғыс майданының алапат шайқастары өткен атышулы елді-мекенде, біздің ар жағымызда Нартай Бекежанов ауылына көршілес елде Бексұлтан Байкенжеев, Аманбай Өтебаев сынды атақты өнер иелерінің әндерін бала күнімізден тыңдап өстік. Қазақы ауылдың ажырамас бөлшегі – мал шаруашылығы да өміріміздің бір сипатындай еді. Совхоздың малы сонау Қаратауға дейін жайылып, жаздық жайлауымыз теріскейдегі Ақсүмбе, Ақбикешке дейін созылып жататын еді. Сол жақта жаздық жайлауда демалысымызды өткіздік. Қыс қыстауда, Сырдың бойы дарияның жағасында өстік. Негізі, адам баласының туған жермен тамырлас болатыны рас екен. Тырнақалды өлеңімде «Топырағыңнан қопарып қазып алдым» – дейтіндей, сондай шабыт беретін жерлерде өстім. Тебіренуім де, толқуым да осындай сұлу табиғатпен астасқан тарихи жерлерден нәр алғандығымнан болар деп ойлаймын. Қойшының балалары интернатта оқимыз. Жаздыгүні тауға кетеміз жазғы демалысқа шыққаннан кейін. Әке-шешемізді сағынамыз. Сонда «бортовой» машинаның төбесінде кетіп бара жатқанымызда алдымыздан жел есіп, кекіл шашымызды самал желбіретіп, толқып өлең құрайтынбыз. Көп балалар қосылып, кең даланы жаңғыртып ән саламыз. Өлең оқимыз. Бала күнімде қой бағып жүріп, айтыс нұсқасымен өлең айтатынмын. Төрт-бес жас кезімде қозы-лақ бағып жүріп өлең құрайтынмын. Әрине, оның бәрі өлең емес қой. Дегенмен, сол кездің өзінде бойымызда қасиетті, киелі өнердің ұшқынының нышаны болар білінген. Ал, шын мәніндегі өлеңді кеш жаздым. Орта мектепті 1996 жылы бітірдім. Ала дорба арқалаған қиын заман болды ғой 1993 жылдары. Қалың қыс болды сол жылы. Ақбөкендер елдің арасына дейін кіріп. Малдың бәрі қырылып. Бір отбасының балалары мектепке бір аяқ киімді ауысып киіп баратын заман болды. 1996 жылы мен мектеп бітіргенде үйдегі ахуалға қарап «оқуға түсем» деп айтуға ауыз бармады. Өйткені, жағдай қиын еді. Егін ектік. Мал бақтық. Қара жұмыс істедік. Ол кездегі ойымыз әке-шешемізге қолғабыс болу еді ойымыз. Сөйтіп жүріп, 1999 жылы әскерге алынып, 2001 жылы әскерден оралдым. Көңілге демеу болғаны, үйдегі жағдай да, қоғамдағы жағдай да шамалы дұрысталып қалған екен. Өлеңге шындап ден қоя бастағаным осы жылдар болды. Жігіттерге арнап өлең жаздым. «Жігіттер, есіңді жи, көтер басты» – деп басталатын өлең жазғаным ойға оралып отыр. Рухты өлең болатын.