Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ТҮРКІСТАНЫМ – ӨНЕРДЕГІ БАҒЫМ МЕНІҢ» – 2

ТҮРКІСТАН: «ТҮРКІСТАНЫМ – ӨНЕРДЕГІ БАҒЫМ МЕНІҢ» – 2

– Сайлаухан, сіздің де әдебиетке, өнерге құштарлығыңыз бала күніңізден басталған сияқты. Әдетте ұшқан ұяның, жүрген ортаның әсері болатыны белгілі. Сіздің де үлгі тұтып, өнеге алған жандарыңыз болды деп ойлаймын.

– Дұрыс айтасыз, менің ауыз әдебиетіне құштарлығымды алғаш оятқан өз әкем Есболат. Тарихты терең білетін құймақұлақ жан еді. Одан кейінгі өнеге тұтқаным, өмірден түйгені мол шабандоз, ән айтып отырып домбырасын лақтырып жіберіп, жерге түсірмей қағып алатын сері Әділхан деген ағамнан үлгі алдым. Кешегі Біржан салдар мен Ақан серілердің «жұрнағы», апталап жоқ болып кетіп, нөкерлерімен ел аралап үйге оралғанда адамдар күтіп отыратын халықтың еркесі болатын. Әңгіменің де майын тамызатын. Мәнді әңгіме айтатын. Актерлік шеберлік құдайдан дарыған десе болғандай. Бекжан Тұрыстың прототипі десем болады. «Дарабозды» оқыған кезде, Қабанбай болып ойнап, сөйлеген кезде, түнімен шамның жарығымен оқыған кітабының мазмұнын айтқанда өне-бойың шымырлап кетеді. Актерлік шеберлікті, режиссерлік қабілетті осы ағамнан үйрендім. Жазуға құштарлығымды оятқан мектепте ұстаз болған, әрі айтыскер ақын – Батырхан ағам. «Ауыр жазудың қажеті жоқ. Жеңіл жазу керек. Жұмбақтап, астарлап жазудың қажеті жоқ. Жеңіл болсын!» – деп көп ақыл-кеңес беруші еді. Жалпы, адамның қалыптасуында, қабілетінің ашылуында өскен ортаның, ұшқан ұяның рөлі үлкен. Бұл жаңалық емес. Ежелден қалыптасқан қағида.

Жас күнімнен кітапқұмар болдым. Кең жайлауда жүріп кітап оқыдық. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтың «Абай жолын» асқан қызығушылықпен оқыдым. Көп жерлерін жаттап алатынмын. Одан кейін Қабдеш Жұмаділовтың «Дарабозына» құмарттым. Менің әдебиетке құмарлығымды шындап оятқан Шерхан Мұртазаның «Қызыл жебесі». Кейін өскенде менің де өзімнің терезесі тауға қараған бөлмем болса. «Папиросты» тұтатып, көк түтінін бұрқыратып отырып жазу жазатын үстелім болса деген бала армандарым болатын. Осы бір қиял балаң жүрегіме жарық сәулесін түсіріп тұратын. Ә.Әбішевтің «Найзағайы» көп ой салды. Сол шығарманы оқып біткен кезде Отан алдындағы борышымды өтеуге аттанып кеттім.

Әскерде отырып жанымдағы жігіттерге оқыған шығармаларымды әңгімелейтінмін. Кітаптың ақылшы дос екенін сонда жүргенде бұрынғыдан да түсінген едім. Біле білген адамға кітаптың берері өте мол.

Осыны кейінгі жастар түсінсе деймін. Айтпақшы, жігіттер сүйікті қыздарына хат жазғанда өлең шығарып беретінмін. Мені «Мәди» дейтін барлығы. «Мәди келе жатыр» – деп күтіп тұрады. Мәдидің өлеңін оқимын. Өмірден көрген қиындығын айтамын:

«Атыңнан айналайын Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Сайыңнан сайғақ құрлы сая таппай,

Мен бір жан қуғын көрген Арқадағы» – деген ақын жүрегінен шыққан шер мен шеменді жыр жолдарын екпіндей оқып тоқтағанда, қарулас достарым Мәди бабамыздың өзгеден емес, өз туыстарынан қуғын көріп, орыс патшасының темір торына қамалған сәтін көзбен көргендей мұңайып қалушы еді. Кейде ең қызық жеріне келгенде тоқтатуға тура келеді. Әскерде де жайылып жатқан бос уақыт жоқ. Дабыл қағылып, шұғыл орнымыздан тұрып кетеміз. Сонда бәрі әңгіменің жалғасын күтіп: «Мәдиді айтшы» – деп тағатсыздана тосып жүретін. Міне, адамдардың кітапқа, поэзияға, ақынға құмарлығы. Адамдар бойындағы сол бір рухани тартылыс күшін қайта оята, қайта оралта алсақ қой, шіркін!?. Осылай Мәди бабамызды, қазақ ауыз әдебиетінің, жалпы қазақ әдебиетінің алыптарын айтып жүріп оқуға түстім. Өткенге ой жіберсем, менің әдебиетке құштарлығымды оятқан өзіміздің шетсіз де шексіз, шөбі де, шөңгесі де өлеңге, поэзияға тұнып тұрған туған өлкем, осындай өлкенің тау-тасын жырлап өткен, атыңнан айналайын әруақты бабалар, қаламынан қасиет тамған әдебиет алыптары, соның ішінде жүрегіме ерекше қозғау салған Шерхан Мұртаза болды десем қателеспеймін.

Алайда, ешуақытта «Ақын боламын. Өлең жазайын» – деп ойлаған емеспін. Бәрі ішкі түйсікпен, өмір жолымда кездесіп жатқан оқиғалардың әсерінен болған құбылыстар. Дегенмен, өмірде ештеңе кездейсоқ болмайды. Бір сәйкестік алға жетелеп тұрады. Бойда бар ұшқын ерте ме, кеш пе, бәрібір жарып шығады. Ұшқыннан жалын лаулайды екен. Әлі есімде, Ә. Әбішевтің «Сәкеннің аманатын» жаттап алып айтып жүремін. Алаштың арыстары, олардың бұғаулы тағдырын жүрегіме тым жақын қабылдайтынмын. Екінші курста оқып жүргенде:

«Ей, солақай саясат,

Қазақты итке талаттың!

Аштыққа күнін қараттың!

Кең байтақ асыл байлығын,

Оңды да солды жараттың!

Арысын атып, қалғанын,

Итжеккенге қаматтың!

Абақты менен айдауда,

Атасын тартты азаптың!

Аллаға шүкір бұл күнде,

Жалмауыздықтан азатпын.

Көкесін «папа» дегенге,

Намыстанатын қазақпын.

Ей, солақай саясат,

Жағадан алып жан сөктің!

Кілең тектіден қан төктің!

Жеңілген жоқпыз біз бірақ,

Асқақ рухыма тәнті еткін!

Көк байрағымды тік ұстап,

Менің елім деп әндеттім!

Мен қазақпын деп сөйлеуге,

Арыстар үшін ант еттім!» – деген жыр жолдары әділетсіздіктің құрбаны болған Алаш арыстарының талайлы тағдырына ашынғаннан шыққан жан айқайым болатын. Әсіресе, «Сәкеннің соңғы аманатын» жаттап алып, аузымнан тастамай айтып жүрдім. Сөйтіп жүріп бір күні, атап айтқанда, «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Түркістан қаласындағы Есім хан алаңына барсам, сол кездегі Түркістан қаласының мәдениет бөлімінің басшысы Ұлжан Әбенқызы Мұстафаева апамыз іс-шараға дайындық үстінде, жоспарлы әртістердің бірі келмей қалып ашулы жүр екен. Содан «Мен оқысам бола ма?» – дедім мән-жайды байқаған соң. Марқұм Жеңіскүл Раманқұлова апайымыз әңгімеге араласып: «Не оқисың?» – деген сауалына: «Сәкеннің аманатын» оқимын. Өзімнің де арыстар жайлы өлеңдерім бар» – деп едім, сол күнгі өткелі жатқан іс-шараның тізіміне қосты да жіберді. Сол күнгі сахнаның құдіретін, өлең оқудан алған ләззатты сезімімді әлі күнге дейін ұмытпаймын. Халық та өте жақсы қабылдады. Сол шабытпен тағы да бірнеше өлең оқып тастадым. Сол дәуірді бастан кешіп жатқандай образға еніп кеттім. Сөйтіп, бұл күн маған киелі сахнаға жолдама берген күндей есте қалды. «Алтын алмастың қын түбінде жатпайтыны» секілді, бұл қадам Ұлжан апамыздың араға біраз уақыт салып, мені мәдениет бөліміне жұмысқа қабылдап, үлкен додаға қосуына бастаған, оң өзгеріс әкелген кезең болып еді.

«Кім оятты шабытты?» – деген сауал төңірегінде ой қозғасам, туған халқының жолында құрбан болып, шейіт кеткен Алаш арыстарының рухы шығар мені тебіренткен, бойымда тулап жатқан қазағымның қаны, ұлтжандылығым болар. Патриоттық өлеңдерді әлі күнге дейін бей-жай оқи алмаймын.

Бүкіл денем шымырлап, жанарыма жас толып кетеді. Сөйтіп жүріп жаздым өлеңдерді. Поэзия әлеміне осылай ендім. Отан-ана тақырыбындағы өлеңдерге қалам тербедім. Сондай-ақ, Құныскерей туралы көп іздендім. Жүнісовтер трагедиясы, Жоламан палуанның Құныскерейдің итімен келе жатып, «Кісе нанды» көргені. Өткен жылы облыстық «Өнерлі өлке» байқауында бірінші орын алдық. Сонда осы «Кісе нанды» сахналадық. Ата-бабамыздан келе жатқан «Кісе нан» дәстүрін көп адам білмейді екен. Ел көшіп бара жатқан кезде «Жолаушылап келіп қалған адам аш қалмасын» – деп ошақтағы күлдің астына нан көміп кететін дәстүр бұл. «Бөрі азығы жолда», «Құдайы қонақтың несібесін қосып сал қазанға» деген дана ұстанымдар біздің халқымызда ғана болған. «Кісе нан» да қонақжай қазақтың жомарттығын ғана емес, даналығын танытатын ұстанымдардың бірі. Құныскерей ашығып баласымен келген кезде нағашыларының көшіп кеткенін көрген бала «Біз аш қалдық» – деп жылайды ғой. Сонда әлі оты сөніп үлгермеген жып-жылы күлдің астынан шыққан «Кісе нанды» жылап отырып жейтін тебіреністі сәті бар. Арғы-бергінің бәрін тереңнен ойлайтын, қайран қазағымның тектілігіне қалайша тебіренбейсіз! Осындай дүниелер маған қатты әсер етеді.

– Мәдениет саласындағы қызметіңіз, драматургиялық шығармашылығыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз?

– Сіздің сұхбатыңыз көңіл түкпіріндегі көп дүниені қозғап жіберді. Негізі, менің мәдениет саласындағы қызметім Түркістан қаласынан басталды. Ұлжан Әбенқызы мен Лиза Төлегенқызының басқаруындағы мәдениеттің қым-қуыт жұмысы қаншалықты қиын екендігін сол кезде көрдім. Бір күнде, бір сағаттың ішінде сахнаға бес-алты рет шығатын кездеріміз болды. Киімімізді апыл-ғұпыл ауыстырып, екінші образға кіріп кете беретінбіз. Біресе жазушы, ақынсың. Сәкен, Мағжан болып ойнап тұрып, әншінің немесе вахтёрдің рөліне еніп кетеміз. Жүргізуші болып кетесің. Осындай қайнаулардан өттік. Ұлжан апай әбден пісірді бізді. Одан облыс орталығына айналған кезде Кентауға қарадық. Ара қашықтық шалғай болмаса да, әр өңірдің өзіне тән өзгешелігі бар. Менталитеті басқа. Ол жақта да біраз қызмет еттік. Сауран ауданы ашылғаннан кейін Мәдениет үйіне режиссерлік жасай жүріп, Жолтай Жұматтың «Абақты ғұмырын» сахналап, облыстық халық театрлары байқауына қатыстық. Көп өзгерістер енгіздім. Дарынды өнер иесі, таяуда ғана қырықтың қырқасына шығып, шығармашылық кешін өткізген әріптесім Шерхан Әлібекті сахнаға қобызбен шығарып «Батыр Баянды» тартқыздым. Сонда Астанадан келген қазылар алқасы: «Қобызбен толғау айтқанды білуші едік. Бірақ, қобызбен өлең оқығанды бірінші рет көріп тұрмыз» – деп таң қалып, Шерханға «Ең үздік ер адам» номинациясын тағайындады. Мұхтар Шахановтың «Он екіден үшті алсаң қанша?», «Әке үкімі» деген екі поэмасын біріктіріп, бір пьеса жасадым. Сая Қасымбектің «Сиқырлы суын» қойдым. Көрермен қауымды «Сәкеннің аманатымен», «Томириспен» қауыштырдым. Кешегі театрлар байқауында қырғыздың мықты жазушысы Сұлтан Раевтың «Ақ ләйлектерін» сахналадым. Көрермен керемет қабылдады. «Үміт» номинациясымен жүлделі орынға ие болдық. Басты рөлді сомдаған Шорнақ мектеп-интернатының 10-сынып оқушысы Айару қызымыз Ордабасы ауданы әкімінің арнайы жүлдесін еншіледі. Сондай-ақ көше театры, көшпелі театр байқауларына да қатыстық.

«Көше театрының» стилінде «Үрей» деген пьеса жазып, оны қойдым. Кешегі бірінші орынды еншілеген «Өнерлі өлкеде» «Толағайды» сахналадым. Негізі «Толағай» халықтың жақсы көретін, сахналау жағы кенжелеп жүрген ертегі кейіпкері. Кең дала төсінде сахналанған бұл туынды да өте жоғары бағаланды. Мен осы драматургия саласына тікелей бет бұрғым келіп жүр. Бірақ, әлі де пісіп-жетілу керек сияқты. Аудандық мәдениеттің сахнасына арналған қысқа-қысқа сахналық қойылымдарым, көріністерім бар. Арасында жинақтап та жүрмін. Соның ішінде «Арбадағы жігіт пен ару» деген еңбегімді халық жақсы қабылдап жүр. Негізі, солардың бәрін топтастырып, келешекте үлкен пьеса жазуға ден қойғым келеді. Ол үшін ақындықтан жазушылыққа ауысу керек. Режиссерлікті арнайы оқығаным жоқ. Бірақ туа бітті құштарлық, құмарлық, ізденіс бар. Бір сөзбен айтқанда, қазіргі жетістіктеріміз жаман емес.

Басты мақсат – ұмытыла бастаған ұлттық құндылықтарды жаңғырту. Солардың қатарында жоғарыда айтып өткен «Кісе нан», «Кемпір салты» бар. Мысалы, бұл орайда «кемпір» деген сөздің түп-төркіні қайдан шыққандығы туралы ой тасталады ортаға. Күйеуі, пірі қайтыс болып кетсе де пірінің орнына жүретін адамды «кемпір» деген.

Осындай дүниелерді жаңарттым. Тынбай іздену нәтижесінде облыстық «Өнерлі өлке» байқауында бірінші орынды қанжығамызға байладық. Бұл айтуға оңай болғанмен, үлкен ұжымдық еңбек. Облыстық ақсақалдар алқасының ұйымдастыруымен өткен «Ата-баба дәстүрі» байқауында да бас жүлде құрылғанына небәрі үш жыл болған жас Сауранның қоржынына түсті. Осының бәрі өнердегі ізденістер, табыстар мен жеңістер деп білемін.

– Сіздерді, яғни қобызшы, сазгер, әнші, сегіз қырлы, бір сырлы азамат, таяуда ғана мерейлі қырық жасына орай Сауран аудандық Мәдениет үйінде «Ән-ғұмыр» атты шығармашылық кешін өткізген өнер иесі Шерхан Әлібеков екеуіңізді кезіндегі ақын Сабырхан Асанов пен сазгер Шәмші Қалдаяқовтай шығармашылығы жарасқан егіз жұпқа теңейді түркістандық қауым. Бұған не дер едіңіз?

– Шерхан Әлібек – адам ретінде де, азамат ретінде де талғамы жоғары азамат, ұлттық рухы мықты, жігері мықты азамат. Қорқыт бабадан халқымызға мұра боп қалған қара қобызын қомдап жүріп талай толғауларды толғап, «Бес ғасыр жырлайдыны», ұлы Абайдың, Біржан, Ақан сері өлеңдерін таңды таңға ұрып жатқа айтатын жады мықты өнер иесі. Сирек саңлақ! Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баянын» қобызбен толғап талайды тәнті етті. Сөйтіп жүріп, Алаш арыстарының ғұмыры өне бойына сіңіп кетіп өзі сондай күй кешкен азамат. Екеумізді «әу» баста табыстырған да осы арыстар тақырыбы еді. Сағаттап айтудан жалықпайтынбыз Шерханның әр қазақтың жан-дүниесін тербейтін термелер мен толғаулар, өлеңдер мен музыка шығарып, ән жазатынын біреу білсе, біреу білмес. «Уақыт өлшемі», «Қазақ қызына», «Бізге не болды?» -деген термелері, толғаулары халқының тағдырына, келешегіне алаңдап жан күйзелісінен туған дүниелер. Қала берді «Жұмекен жазған ардақ-сыр, әнұран болып самғап жүр. Шәмшінің әні шарықтап, бірлігін елдің жалғап тұр» – деген «Шәмшінің әні» қандай керемет! «Асқақта, асыл арман» деген дүниесі де жүректен шығып жүрекке жеткендей. Осының барлығы жан-дүниесін жеп жазған патриоттық туындылар.

Қазіргі заманның тілімен айтқанда, Шерхан «хит әндер» жазып, арзан атаққа ұмтылатын азамат емес. Туындылары ауыр тыныспен айтылатын салмақты әндер. Оның әндерін тыңдағанда үлкен ақсақалдар орындарынан тұрып кетіп, қолын алып, батасын беріп жатады. Яғни, танымалдылыққа емес, елдің рухына, руханиятына жұмыс жасап жүрген азамат.

Шерханның өнері мен үшін осынысымен құнды. Жан-дүниеміздің жақындығы, әріптестігіміз, достығымыз да осы тыныстауы, ойлау жүйесі басқаша қасиетімен бағалы. «Түркістанның Шерханы» деп халықтың қойған аты бар. Ол Түркістанның, Сауранның емес, дарабоз Шер-ағасының есімін иеленген «Қазақтың Шерханы». Аман жүрсін! Шығармашылық «тандемде» жүргенімізге он бес жыл болыпты. Жан-дүниеміздегі қопарылыс сезімдерді, бір-бірімізді айтпай түсінеміз. Жақсымен дос болу – бұл да бір адами бақыт!

– Қалың оқырманның сүйікті ақынының атақ-даңқын, асқан асу, бағындырған белесін туралы да білгісі келері анық.

– Өмірімде атақ-даңқ та қумаппын. Тіпті басқасын қойғанда ақындық додаларға, жыр-мүшайраларына да көп қатыса бермеймін. Бар арман-мақсатым, «Тірі жүрсем, халқыма, қазағыма еңбегімді сіңірсем, титтей болса да келешек ұрпаққа бірдеңе бере алсам, ұлттық, патриоттық сана-сезімін оята алсам, сол менің жетістігім». Оның өтеуіне атақ та, даңқ та сұрамаймын. Ұлтқа қызмет етсем, соған ризамын!

– Жаңа жылда жаңа жоспар, жаңа жобалар бар екені анық. Нені атап өтер едіңіз?

– Жаңа жылға жоспар көп. Жүзеге асыратын жаңа жобалар бар екені анық. Жаңа жобаларымыздың биылғы бағыты – қазақ ертегілерін заманауи тұрғыда жаңалау. Түркістан облыстық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен «Өнерлі өлке» байқауының бас жүлдесінен бұйырған бес миллион ақшаға өте мықты, сапалы студия сатып алдық. Студия – Мәдениет үйінің жүрегі. Қазақ ертегілерін заманауи тұрғыда сахналап, кішкентай көрермендерімізді қуантсақ дейміз.

«Ол адам емес» деген монография жазып жатырмын. Құдай қаласа, бұл мақсат та жүзеге асар. «Ақпанда адасқан қыз», «Аруана» атты поэмаларды балаларға ыңғайлап, бір кітап етіп шығарсақ па деген ойымыз бар. Қысқасы, жаңа жылда жоба да, үміт те көп. Орындалар деген сенімдеміз. Ең бастысы, ел аман, жұртымыз тыныш болсын!

– Сырлы сұхбатыңызға мың алғыс! Өмірде де, өнерде де сәттілік серігіңіз болсын!

Сұхбаттасқан: Роза НАРЫМБЕТОВА.