Кең-байтақ туған өлкеміздегі біздің аймақ Созақтың сыры да, жыры да бөлек қой деймін. Тұран даласының төрінде жатқан қарт Қаратау, сырлы Созақтың шежіресін қазақ тарихынан бөліп қарау мүмкін емес. Туған халқымызды жаңа құбылыс ретінде қалыптастыруға өлшеусіз үлес қосқан «Созақ – өнердің» алар орны да ерекше. Әрине, Созақ өлкесінің күй өнері мен сөз өнерінің де тәнті етерлік табиғаты талай рет мойындалған, бағасын алған. ХХ ғасырдың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің өзі «Созаққа барсаң, күйшімін деме» деген қағиданы жай айтпаған тәрізді. Сөз өнерінің өткен тарихын қазбаламай- ақ кешегі тарихтың төрінен орын алған Тәкен Әлімқұлов, Сәуірбек Бақбергенов, Төлеген Тоқбергенов, Асқар Сүлейменов, Дулат Тұрантегі сынды ардақты тұлғаларын қазақ елі түгел таниды, «Созақ – қария, Созақ – мінез, Созақ – өнерді» қастер тұтады. Ал енді Созақ жерінде дүниеге келіп, бар ғұмырын Созақ елінің гүлденуіне арнаған Тілеубек Ыбырайымұлы сынды жаны ізгі ағаның алар орны ерекше.
Таяу күндері 80 жасқа толғалы отырған Тілеубек Ыбырайымұлы 2017 жылы «Құралайдың салқыны» деген атпен алғашқы жыр жинағын баспадан шығарды. 2019 жылы екінші өлеңдер жинағы «Аққуым ару жырларым» атты жыр кітабы жарық көрді. Үшінші жыр жинағы «Назқоңыр» баспадан жақын арада жарыққа шығады деп күтілуде.
Бүгінгі әңгіме Тілеубек Ыбырайым-ұлының ақындық өнері жайында ғана болмақ. Ақындық талант – кез келген адамзат баласының басына қона бермейтін бір бақыт. Алғашқы жыр жинағын 74 жасында шығарған ақынның кітабына «Сәт сапар, Тілеке!» деп алғысөз жазған ақын жазушы Ескермес Жақсымбетов былай деп пікір айтады: «Әзіреті Қаратаудың теріскей бетінің халқы өлеңші, күйші келеді. Міне, бүгінгі әңгімелегелі отырған ақын Тілеубек Ыбырайымұлы солардың бірегейі». Бірегей ақын жайында біз де қалам алып, хал-қадырымыз жеткенше оқырманмен ой бөліскенді жөн санадық.
Зейнет жасына шыққан Тілеубек аға тым сергек, қоғам өміріне белсене араласып келеді. Сырлы Созақ еліндегі мәдени-рухани іс-шаралардың, соның ішінде, әсіресе ақындар талантының жарқырап көрінетін сан алуан жыр сайыстарынан ақын ағаны жиі көреміз.
Ақын Тілеубек Ыбырайымұлының алғашқы жыр жинағы 2017 жылы жарық көрді, шығармашылық өнерін жыр кітабы «Құралайдың салқынымен» бастады, «Ақын көптің адамы, сондықтан көптің атынан сөйлейді. Оның асыл ойларын жырға қосуы – жұрттың көңілінен шықса, ақын мұратының орындалғаны болады. Сонда халық аузынан тастамай, өлеңін жатқа айтып жүреді. Тілекеңнің көңіліне мықтап тоқығаны да осы» деп күні кеше ғана өмірден өткен ақын әрі жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ескермес Жақсымбетұлының өзінен зор баға алды.
Біз бүгін ақын жүректі жан, абыз ақсақал, шығармашылық жолдан айнымай қалам тербеп келе жатқан Тілеубек ақынның кейбір қырларын ғана ортаға салуды мақсат еттік. Әңгіме бастауында айтқанымыздай, туған елінің гүлденуін, көркеюін көздеп әр салада еңбек еткен ардақты азамат әдебиет айдынына кештеу шықты, бірақ тума талант алысқа шабар сәйгүліктің арынымен үлкен әдебиетке өз даусымен келді. Созақ топырағында туып-өскен таланттар Т.Әлімқұлов, Т.Тоқбергенов, А.Сүлейменов, күні кешегі күндері ғана ортамыздан озған Дулат Тұрантегінің дәстүрлерін жалғастыра келді.
Алғашқы әңгіме ақынның алғашқы жыр жинағы «Құралайдың салқыны» жайында (2017) ғана айтуды дұрыс деп шештім. Өлеңдер жинағы Шымкент қаласындағы «Азиат» баспасынан жарық көріпті, көлемді, 14 баспа табақ, 224 бет, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, белгілі ақын жазушы, Созақ ауданының құрметті азаматы Ескермес Жақсымбетов «Сәт сапар, Тілеке!» деген тақырыппен алғысөз жазыпты.
Сыншы Асқар Сүлейменов атап көрсеткендей, «Созақ – қария, Созақ – мінез, Созақ – өнер» тақырыбы да ақын шығармашылығында менмұндалап тұрады. Сол себепті де біз осы бағыттан айнымай, ақынның өткен тарих танымынан тағлым берер жырларынан бастаймыз. «Мыңжылқы» жыры қасиетті Қаратаудың ең бір биік шыңдарының бірі, аңыз әңгімеге арқау боларлық тарихы да жеткілікті шыңға арналыпты. Ақын жырына назар аударайық:
Заңғар шыңдар көкке өрлеп
таласып бір,
Ұшпа бұлттар шоқыда адасып жүр.
Тәжіндей боп Мыңжылқы Қаратаудың,
Сонау биік жотаға жарасып тұр.
Табиғаттың тамаша сипатын ұшпа бұлттар арқылы суреттесе, тарих тағ-лымына жақын жыр шумағы биік-биік жотаға жарасып тұрған «Тәжіндей боп Мыңжылқы Қаратаудың» тұрғаны да ғанибет. Шежірелі Қаратаудың бір биігі «Мыңжылқыны» жазған ақын осы тақырыптың заңды жалғасы ретінде «Келіншектау» жырына да қалам тербейді.
Салтанаты жарасқан алтын құздар,
Байқалмайды маңайдан салқын
ызғар.
Бойжеткендер, Мыңжылқы абыз
қартқа,
Сәлем салып, атаның салтын бұзбай, – деп жыр шумақтарын төгілткен ақын тарих тереңіне сүңгиді, аңыз-әңгімелерді жаңғыртады:
Күңіренген күй шығып қобыздардан,
Қалған белгі болар ма оғыздардан.
Келіншектау аталып осылайша,
Ел ішінде ежелден аңыз қалған.
Сан ғасырлар бойы халық жадында аңыз болып сақталған, биіктік пен сұлулықтың символы болып жарасқан тауларды жырлаған ақынның бұл тақырыптағы жырлары мол. Солардың бірі «Хан Кененің монологы» да өткен тарихтың қалың қазақ баласы біле бермейтін сырларын ашуға жетелейді. «Дүлдүл ойлар мазалап санадағы, Тар қапасқа қашанғы қамалады» деп басталатын өлең өте көлемді, 22 шумақ екен. Бірер мысал келтірейік:
Абылайдай атамды алмастырып,
Алға апарам тірлігін жалғастырып.
Бүлік салған бүйідей келімсекті,
Қоя алмаспын жағама жармастырып.
Қазақ халқының азаттығы үшін алдаспандай жарқылдап Ресей империясына қарсы шайқасқа шыққан қазақтың соңғы ханы келген келімсектердің жағаға жармасқанын кешіре алмады, атқа мінді, сол жолда мерт болды. Бұл тарихтың да ақиқаты айтылып, «ақтаңдағы» ашыла бастады, осы бір күрделі тақырыпқа ақын да үн қосады. Ақын жырларындағы тарих тереңіне үңілгенде «Ақбикеш» жырын да айналып өтуге болмайды. Сан ғасырлық тарихы бар, талай ақынның жырларына, әндеріне арқау болған ғажайып ескерткішті ақын Тілеубек те жырлайды. Мысалы:
Сыр ашпайтын замана бедерінде,
Қатпар-қатпар көнеден жетеді үндер.
Қыз атымен аталған мұнара бар,
Қаратаудың теріскей етегінде, – деп басталған тарихи мәні зор өлеңде аяулы қыздың ержүрек образын бүгінгі ұрпаққа үлгі етіп ұсынады. Ойымызды дәлелдеу үшін жыр жолдарына назар аударайық:
Өжет қызы Ақбикеш осы өңірдің,
Қару ұстап, жау жолын тоса білген.
Бес қаруын сайлаған ержүрек қыз,
Қаламапты жасық ой, босаң үнді.
ХХІ ғасырда өмір сүріп жатқан тәуелсіз еліміздің жас ұрпақтары бір-біріне «Ақбикеш ару кім едің?» деп сұрақ қояды, сол сұрақтың жауабын ақын жырларынан табамыз, ақынға тәнті
боламыз.
Тілеубек Ыбырайымұлы шығармашылығындағы аса күрделі және ұлттық рухты асқақтататын жырлардың шоғыры «Созақ – мінезге» арналады.
«Ақсүмбе, Абақ батыр Созақтағы, Кем еді қай батырдан қазақтағы?» деп көрнекті ақын Асқар Тоқмағамбетов жырға қосатын «Абақ батыр» ақын шығармаларының ішіндегі ерекше орны бар жыр. Жыр жолдары:
Қамшы басып,
қозғайтын талапқа бір,
Өткен күннің тарихы балақта тұр.
Теріскей, Ұлытауға аты мәшһүр,
Айтылады аңыз боп Абақ батыр, – деп басталатын жырда өткен тарихта ел есінде сақталып қалған, ел қорғаған батырлардың өр бейнелі образдары сомдалған.
«Созақ – мінездің» бір өлшемі ұлтын сүйген ұлы тұлға, мемлекет және қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожановқа қатысты жырда да айқын көрінеді. Ақынның «Асқақтасын өр тұлғаң» атты жырынан үзінді келтірелік:
Сұр жебедей сұңғыла батыр атқан,
Ел үмітін, ер ұлдар жатыр ақтап.
Сұлтанбектей жарқ етіп бір ұл
шықты,
Қарапайым осынау атыраптан.
Жыр жолдарында баяндалатын «Шүлен көже өзекке өмір сыйлап, Құтқарыпты ажалдан аш халықты» немесе «Пікір айтып айшықты Орынбордан, Ақмешітке көшірді астананы», енді бірде «Қырғи қуған торғайдай тоз-тоз қылып, Гүләндамға «АЛЖИР»-де қой бақтырды» деп келетін жыр жолдарындағы тарихи шындықтың ақиқатына енді ғана көз жеткізе бастадық. Осындай аса күрделі әрі тарихи тағлымы зор мәселелерді өз жырларына арқау еткен ақынға риза боласың.
Ақын Тілеубек Ыбырайымұлының жанына жақын тақырыптың бірі
«Созақ – өнер» десек қателесе қоймаймыз, сол себепті де ақынның жарық көрген жыр кітаптарындағы өнер, рухани мұра жайлы жазбаларға да соқпай кете алмайсың. Алғашқы сөзді «Күй сарынынан» (Сүгір күйлерін тыңдағанда)
бастадық.
Ғажап мынау күй әуен шарықтады,
Елестейді саз сурет анық бәрі.
Өркеш-өркеш жоталар мүлгіп жатыр,
Күй сазына балбырап алып тәні.
Теріскей елі – күй елі. Шертпе күйдің Отаны болып саналатын өлкеде Сүгір күйлерінің алар орны, тіпті ерекше. Сол себепті күй әуенін жырға қосқан ақын шеберлігі ерекше сиқырлы үндермен көмкерілген.
Зер салып қарағанда ақын шығармашылығы әр алуан, біз саналы түрде өткен тарих, асау мінез, өлмейтін өнер жайлы жазылған санаулы ғана өлеңдердің мазмұны мен мәніне, көркемдік әлеміне барлау жасадық. Ақын шығармашылығының ауқымы кең, ол бірде тылсым табиғатты, енді бірде мәңгілік махаббатты жырласа, кейде-кейде қазақ еліне, соның ішінде Созақ еліне танымал тұлғаларға арналған арнау өлеңдер шоғыры да аз емес. Сөз соңында туған елін шексіз сүйетін ақын шығармашылығының бір биік белесі тәуелсіздік, азаттық жайында жызылған жырларды қамтиды. Сондықтан да осы тақырыптағы бірер жырымен ойымызды түйіндесек. «Құралайдың салқыны» кітабының бірінші бөлімі «Тәуелсіз елім тұғырлы», «Тәуелсіздік» жырларынан бастау алады екен, жыр жолдарынан үзінді оқып көрелік: Шартарап әлем таныды келбет көркіңді,
Алыс та жақын бауырлар жатыр төркін ғып.
Ғасырлар бойы аңсаған арман, ағайын,
Қолыңа қонды, бабалар күткен еркіндік.
Келесі бір жыры «Тәуелсіздікте»:
Атой салып дұшпанға жасын болып,
Еркіндіктің қалады тасын өріп.
Қалың қолын қаптатып қарсы шықты,
Кенесары жауына басын беріп, – деп асқақ жырлар жазады ақын.
Қорыта келгенде, руханият әлемі мен әдебиет айдынында өзіндік орны бар Тілеубек аға сексеннің сеңгіріне де «ақырын жүріп, анық басып» келді, тағ-лымы мол, тарихы терең, сырлы сипаты сүйсіндіретін бірнеше кітаптарымен келді. Туған елінің, қалың оқырманының алдында әдебиет пен мәдениеттегі өнегелі ісімен есеп беріп отырған ағаға шығармашылық табыс тілеп, қалам-қуатыңыз талмасын деп тілек айтамыз.
Нариман НҰРПЕЙІСОВ,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент.