ҚҰРЫЛТАЙ сөзінің ежелден бергі төлтума қолданысы қандай? Оған қандай дәйектер мен мысалдар бар? Мақала осы сұрақтарға жауап іздейді…
Қызылордада өткен V Ұлттық құрылтайда елді елең еткізген ақпарат – Қазақстан Республикасы Заң шығарушы билігі құрамында жүрілетін өзгеріс болды. Яғни ҚР Парламентін құрамдаушы Сенат пен Мәжілістің қызметін алдағы кезеңде бір палаталы Парламент атқармақ. «Қазір мен Ұлттық құрылтайдың төрінен сіздерге Жұмыс тобында талқыланған негізгі ұсыныстарды таныстырғым келеді. Ең алдымен, болашақ Парламенттің атауы бойынша пікірімді айтсам. Қысқаша айтқанда, Құрылтай деген атауды беру керек деп сенемін. Құрылтайдың тарихи аясы да, мағынасы да халқымызға түсінікті, жақын. Құрылтай отырыстарын жаңғырту бастамасын мен өзім 2022 жылы көтердім. Бұл баяндаманың басында Құрылтай жұмысының тиімділігі мен пайдасына ден қойдым. Жалпы, еліміздің саяси жүйесінде Құрылтай атауын аса маңызды мемлекеттік институттың символы ретінде сақтап қалуымыз керек деп ойлаймын.» ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайға қатысушылар алдында осылай деп мәлімдеген болатын.
Қазіргі күні қалың көпшілік арасында, әлеуметтік желілерде құрылтай ұғымын кеңінен талқылап, пікірлер айтылып жатқанын ескере отырып, осы атауға қатысты ұғымдарға қысқаша шолу жасауды мақсат етіп отырмыз. Мемлекет басшысының тұңғыш Ұлттық құрылтайды еске алып отыруы бекер емес. 2022 жылғы 16 маусымда өткен тұңғыш Ұлттық құрылтай отырысында Мемлекет басшысы арғы-бергі тарихымыз жүзіндегі құрылтай шақырудың маңызы туралы былай деген болатын: «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып, бір тоқтамға келген. Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген.
Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында Алаш партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды.
Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз Атамекенге шақырылды. Ұлы көш Тәуелсіз Қазақстанға бет алды.
Қазақ құрылтайларының бәрі ел дамуына зор өзгеріс әкелген. «Кеңесшіл ел кемдік көрмейді» деген нақыл сөз содан қалса керек. Біз бабалар жолын ұстанып, Құрылтай шақыру дәстүрін жаңғырттық.»
Осылайша мемлекеттілігіміз тарихында бұрыннан бар Құрылтай атауы белсенді қолданысқа еніп отыр.
Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінде Құрылтайдың ұлт тарихындағы мән-маңызы туралы толық мағлұмат берілгендіктен, ол жөнінде тоқталып жату артық болар. Құрылтай туралы дереккөздер не дейді? Осы туралы қарастыралық. Құрылтай – Ұлы Дала төсінде кезегімен тарих сахнасына шығып, ат тұяғы жеткен жерге дейін дәргейін жүргізген көшпелі мемлекеттердің барлығына дерлік тән ұғым десек қателеспейміз. Яғни құрылтай – түп тарихымызда ежелден бар сөз. Бұған қандай дәлел бар?
Құрылтай сөзінің тіліміздегі қолданысы жөніндегі дереккөз ерте дәуірлерге кететіндігіне түркі халықтарының барлығына ортақ көне жазба ескерткіш «Оғыз-наме» куә бола алады. ХІІІ-ХҮ ғасырлардың туындысы болып саналатын бұл әдеби мұра қазіргі күні Париждің ұлттық кітапханасында сақтаулы тұр. «Оғыз-намеде»: «…Андан соң Оғуз қаған улуғ курілтай чакірді, нүкәрләрін эл күнләрін чарлаб чакірді. Кәліб кәңәшіб олтурді (л) ар..» (Одан соң Оғыз қаған үлкен құрылтай шақырды, нөкерлерін, халықты шарлап шақырды. Келіп кеңесіп отырды.) делінген.
«Көне түркі тілі сөздігінде» де құрылтайға «халық жиналысы» деген анықтамасымен, «Оғызнамеден» мысал келтірілген.
Құрылтай атауына қатысты сөз болғанда, Шыңғыс қаған құрған Ұлы Монғол мемлекетінің тарихына соқпай өту мүмкін емес. Еуразияның ұланғайыр аумағында Шыңғыс қаған мен оның мирасқорлары құрған көшпелі мемлекеттің ішкі-сыртқы маңызды мәселелері Құрылтай арқылы шешіліп отырған.
Тарихи дереккөздерге қарағанда Шыңғыс қаған құрған мемлекетте бұл маңызды жиынның Ұлы Құрылтай және Кіші Құрылтай деген екі дәрежесі болған.
Ұлы құрылтайға қағанның алтын ұрпақ әулетін құрайтын ақсүйектер мен олардың ханымдары, ірі нояндар мен лауазым иелері, Кіші Құрылтайға ел билеушілерімен қатар мемлекет ауқымындағы ықпалды адамдар, танымал тұлғалар қатысатын тәртіп болған.
1206 жылы Онон өзенінің бастауында өткен алғашқы Ұлы Құрылтайда Шыңғыс қаған басқарған Ұлы Монғол мемлекеті құрылғандығын жариялаған болатын. Бұл турасында: «1206 жылғы Ұлы құрылтайдан соң далалық мемлекет – Еке Ұлыс шаңырағын көтеріп, іргесін бекітті. Бірден-ақ қанатын кеңге жайып, Орталық-шығыс Азиядағы аса қуатты, жаңа бір империя ретінде бой көрсетті», – деп жазады, классик жазушы Мұхтар Мағауин өзінің «Шыңғыс хан» тетралогиясының бірінші кітабында.
Еке Ұлыстың Ұлы Құрылтайлары бұдан соң 1229, 1235, 1246 жылдары шақырылған екен. «Монғолдың құпия шежіресі» кітабының 269 тармағында мынадай мәлімет бар: «Тышқан жылы (1228) Шағатай, Бату бастаған батыс қанатты иеленген ұлдар, Отчигин ноян, Жэү, Эсүнхэй бастаған сол қанатты иеленген ұлдар, Толуй бастаған орталықты иеленген ұлдар, қыздар, түмен нояндары, мыңдық нояндары барлығы Керліннің Көде аралында жиналып, Шыңғыс ханның өсиеттеген жарлығы бойынша Өгедейді хан көтеріп сайлады».
Ұлы империяның соңғы Ұлы Құрылтайы 1269 жылы Талас өзенінің бойында өтіп, оған Жошы, Өгедей, Шағатай ұлыстарының әміршілері қатысқан болатын.
«Ата дәстүрі бойынша құрылтайға Шыңғыс ұрпағымен қатар, әр руда жұрт тұтқасын ұстаған ақсақалдар, ұлыстағы түменбегі, мыңбегі батырлар, тіпті, жорық, қауға күндерінде айрықша көзге түскен жалаң қылыш ерлер де келген еді», – деп айқындай жазады, Мұхтар Мағауин «Аласапыран» романында.































