Home Мәдениет ТҮРКІСТАН: «ХРОНИКАДАН БОЛАШАҚҚА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КИНОЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: «ХРОНИКАДАН БОЛАШАҚҚА» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ КИНОЛЕКТОРИЙІ ӨТТІ

Бүгін Түркістан қаласында Қазақстан Республикасы Президенті Телерадиокешенінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі өтті. Ауқымды ағартушылық жоба аясында көрермендерге заманауи қазақстандық деректі фильмдер ұсынылды.

Іс-шара Түркістан қаласындағы «Ханшайым плаза» сауда орталығындағы «Kinopark 4» кинотеатрында өтіп, оған қала тұрғындары, зиялы қауым мен БАҚ өкілдері, студенттер мен кино өнеріне қызығушылық танытқан көрермендер қатысты. Кинолекторийдің алғашқы күнінде көрермен назарына «ARAL» және «СЕРТ» деректі фильмдері ұсынылды. «ARAL» фильмі өмірін Арал теңізіндегі балық шаруашылығына арнаған Күнтуған Тұрғынбаевтың тағдырын арқау етсе, «СЕРТ» туындысында 2024 жылғы көктемгі су тасқыны кезіндегі ел бірлігі мен апат салдарын жою бағытындағы жұмыстар кеңінен қамтылған.

Аталған фильмдерді Президент Телерадиокешенінің Деректі кино орталығы түсірген. Көрсетілім барысында орталық қызметкерлері арнайы қатысып, көрермендермен пікір алмасты.

Кинолекторийдің екінші күнінде көрермендер «TRAVEL KAZAKHSTAN» және «ҚУАТТЫ СЕРІКТЕС» фильмдерін тамашалады. Бұл туындылар еліміздің туристік әлеуеті мен халықаралық ынтымақтастық бағытындағы жетістіктерін кеңінен насихаттайды.

Айта кетейік, «Хроникадан болашаққа» республикалық кинолекторийі еліміздің 20 қаласын қамтиды. Жоба Қазақстанның қазіргі тарихын деректі кино арқылы дәріптеуге бағытталған. Көрсетілімдер өңірлік әкімдіктердің қолдауымен ұйымдастырылып, көрермендер үшін тегін өткізілуде.

Д.ТІЛЕУХАН