Home Басты жаңалықтар «МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

«МАРХАБАТ» ЖУРНАЛЫ ОҚЫРМАНҒА ЖОЛ ТАРТТЫ

Құрметті ағайын, қадірлі әдебиетсүйер қауым!

Мәртебелі оқырман, Сіздің қолыңызға тиіп отырған осы «Мархабат» журналы бұған дейін жарық көріп келген «Тұран-Түркістан» журналының заңды жалғасы екенін бірден ашып айтуымыз қажет. Бұл бастама «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының аясында туындаған тың идея, қалың оқырманның сұранысына орай, оның ішінде классик жазушының отбасымен де ойласа келе қолға алынған жоба. Басылымның ең алғашқы нөмірі 2019 жылдың мамыр айында жарық көрген болатын. Міне, содан бергі бес жарым жылда бұл журнал төл әдебиетіміздің дамуына өзіндік үлес қосты. Осы уақыт ішінде журнал жабылып қалған жоқ. Өз оқырманын тауып, өміршеңдігін көрсетті.

Басылымның дүниеге келіп, оқырманға жол тартуына жазушы Мархабат Байғұт көкеміз тікелей атсалысқан болатын. Бір өңірдің ғана емес тұтас қазақ әдебиетінің бәйтерегіне айналған, жазушылар мен журналистердің тұтас бір дәуірінің дәстүрін, қадір-қасиетін сақтап, дамытуға атсалысқан Мархабат көке ең алғашқы нөмірінде жүрекжарды тілегін білдіріп, редакциямызға арнайы келіп, батасын беріп, сәттілік тілеген еді. Тек сөзбен ғана сәттілік тілеп қана қоя салмай жазушы ағамыз журналдың аяғынан нық тұрып кетуіне, мазмұны, сапасының жоғары деңгейде болуына атсалысып, әрдайым ақыл-кеңесін беріп, бағыт-бағдар сілтеп отырды. Алла тағалам көкеміздің о дүниесін берсін.

Міне, енді жаңа жылдан бастап журнал «Мархабат» деген атаумен оқырманға жол тартып отыр. 2025 жыл – Мархабат Байғұттың 80 жылдығы. Әрине, қазақ прозасын қайталанбас шығармаларымен биіктеткен марғасқа жазушы, ұлтымыздың ұлағатты ұлының мерейтойына байланысты атқарушы биліктегілер, Жазушылар одағы, салалық министрліктер тарапы, әсіресе қаламгердің қалың оқырманы жыл бойы түрлі іс-шаралар ұйымдастыратыны анық. Ендеше «Мархабат» журналы сол игі іс-шаралардың тұсауын кесіп, Мархабат Байғұт әлеміне жетелейтін көрікті де қазыналы көш-керуеннің легін бастап та жіберді. Журналдың атауы ауысқанымен мақсат-мұраты ауыспайды. Markhabat.kz сайты да жаңадан жұмысын бастап отыр.

Әдебиет адалдықты сүйеді. Әдебиет қай заманда да өз биігін жоғалтқан емес. Кітап оқыған жанның көзі ашылады, көкірегі ояу жүреді. Әлемді басқа қырынан көреді.

Міне, «Мархабат» журналы – әдебиетсүйер қауымның өмірді тануына, оның эстетикалық ұғым-түсінігін, сезімін байытуға қызмет етеді. Қаламгер мен оқырман арасындағы алтын көпірді мықты шығарма арқылы байланыстыруға күш салады. Өйткені әдебиетсіз адамзаттың өркендеуі мүмкін емес. Ұлт әдебиеті мен мәдениетінің дамуына септігін тигізіп, жаңа тақырыпта, жаңа бағытта шығармаларды шығару, жас қаламгерлердің толқынын арттыруға ден қояды.

Және руханият, қоғамдық саяси салаға да қалам тартады.

Лайым, Алла тағалам бастаған ісімізге сәттілік, береке берсін!

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ, «Мархабат Байғұтқа 80 жыл» жобасының жетекшісі, «Mедиакратия» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Оралхан ДӘУІТ, Журналдың бас редакторы.