2 шілде, 2019. Нұр-Сұлтан.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әлеуметтік бағыттағы түсірілген «Қыз бен теңіз» атты фильмнің продюссері әрі режиссері Әзизжан Заиров және актер Тахир Омаровпен кездесті.
Кездесу барысында Әзизжан Заиров Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясында түсіріліген «Қыз бен теңіз» атты толықметражды көркем фильмне қолдау көрсеткені үшін Министр Ақтоты Райымқұловаға алғыс хатын табыстап, алдағы уақытта да әлеуметтік жобалар ұсынуға дайын екенін жеткізді.
Өз кезегінде Ақтоты Райымқұлова да Әзизжан Заиров пен Тахир Омаровқа алғысын білдіріп, кино жайлы әңгіме өрбітті. Алдағы уақытта да қолдауға дайын екенін жеткізіп, шығармашылық табыстар тіледі.
Айта кетейік, осы жылдың ақпан айында отандық фильмнің қоржыны тағы бір жаңа туындымен толыққан болатын. Елорда да ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша түсірілген «Қыз бен теңіз» атты фильмнің тұсауы кесілді. Әлеуметтік бағыттағы картинаға мүгедек қыз Әселдің тағдыры арқау болады. Кейіпкер өзінің дертіне қарамастан, отбасын құрып, ана атануды армандайды. Аяқ астынан оның өмірінде ерекше жан пайда болады. Әсел бақытты болу үшін көптеген сынақтар мен қиындықтардан өтеді. Фильм 2017 жылы Алматы мен Қапшағайда түсірілген. Бір ерекшелігі, рөлдерді кәсіби актерлер емес, мүмкіндігі шектеулі жандар сомдайды. Басты кейіпкерді Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығының мүшесі Динара Шарипова ойнады. Оның өмірлік оқиғалары фильмде бейнеленеді. Фильм режиссерлері Мұхамед Мамырбек пен Әзизжан Заиров, картинаны шығаруға 3 жыл уақыт жұмсаған.
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз қызметі