Ғұлама ғалым, ұлы ойшыл, түркі әлемінің дара перзенті Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың киелі Отырар ауданына қарасты «Оқсыз» деген жерде дүниеге келгені тарихтан белгілі. Астрономия, математика, физика секілді бірнеше ғылымды терең меңгеріп, аты әлемге мәшһүр болған даңқты жерлесіміздің еңбектерінің ішіндегі шоқтығы биік салаларының бірі-музыка саласы. Негізінен алғанда Фарабидің өзі асқан орындаушы ғана емес бірнеше музыкалық аспапта шебер ойнайтын музыкант болған. Ол музыканы зерттеу саласында әр алуан шығармалармен қатар «Музыка туралы үлкен кітап» атты көлемді еңбек қалдырды. Ғалымдардың пайымдауынша Фараби бабамыздың біз біле бермейтін екі жүзге жуық музыкалық әуендері болған. Алайда бұл әуендердің ноталары біздің қолымызда жоқ. Жуырда ғана Мысыр еліндегі Қазақстанның Төтенше және Өкілетті елшісі Қайрат Лама Шарифтің ұсынысымен, жерлесіміз, меценат Серікжан Сейітжанұлының демеушілігімен Мысыр еліне барып «әл-Фараби ізімен» атты сурет көрмесіне қатысқан Әділхан Мәлік жерлесіміздің әл-Канун және Ребаб музылкалық аспаптарын ғалымның туған жеріне алып келді. Суретші музыкалық аспаптармен бірге ұлы бабамыздың 40-қа жуық қағазға түскен әуендерінің ноталарын да ала келіпті. Жуырда осынау құнды мұраларымыздың Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне табыстауға арналған «әл-Фарабидің текті музыкалық әуені» атты іс-шарасы өтті. Ғалымның шығармашылығына арналған композициялық қойылыммен басталған жиынның ашылу салатанатында белгілі суретші Әділхан Табылханұлы әл Фарабидің 40-қа жуық әуенінің ноталары мен жоғарыда аталған қос музыкалық аспаптарды қорық-музей басшылығына арнайы табыстады. Сөз барысында суретші мысырлықтардың киелі Отырардың тарихына деген ыстық ықыласын әңгімеледі. Осы музыкалық аспаптарды меңгеруге арналған арнайы үйірме саныбын мәдениет сарайынан ашып беру туралы ұсынысын да жеткізді.Мұнан соң Түркістан облыстық мәдениет басмасы басшысының орынбасары Асылхан Темірхан, аудан әкімінің орынбасары Пердехан Жаппарқұлов, әл-Фараби атындағы қазақ мемлекеттік университетінің түлегі, филиолог Ұлжалғас Бопиевалар сөз алып, мұндай жаңалықты қайталанбайтын тарихи сәтке балайтынын атап өтті. Сондай-ақ музей-қорығы директорының ғылыми кеңесшісі Нұртаза Алдабергенов, Фараби зерттеушісі Бекжан Бейсенбай, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мырзабай Өксікбаевтар да аталған Мысыр сапарына демеушілік жасаған ел жанашыры Серікжан Сейітжановқа және осы жұмыстарға атсалысқан барлық ел азаматарына шынайы алғыстарын айтса, халық ақыны Әселхан Қалыбекова жүрекжарды лебізін өлеңмен жеткізді. Жиын барысында аудандық мәдениет сарайның көркемөнерпаздары ғұлама ғалымның музыкалық әуендерін орындап, көпшілікті өнерлерімен тәнті етті.