Home Қоғам Түркістандағы келелі кеңесте бірқатар хаттамалық шешім қабылданды

Түркістандағы келелі кеңесте бірқатар хаттамалық шешім қабылданды

Бүгін Түркістандағы Н.Төреқұлов атындағы мұражайда 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған «Түбі бір Түркі үшін Тұранның төрінде туғандар» атты жиын өтті. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесі мен Түркістан облыстық Қоғамдық даму басқармасы «Қоғамдық келісім» КММ бірлесіп ұйымдастырған жиында жиырмасыншы ғасырдағы зұлмат ашаршылық пен репрессия жылдарындағы деректер сөз болды.

Мәжілісті «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің төрағасы, жазушы Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Хазретәлі Тұрсын тоталитарлық қоғамның оспадарсыз саясаты кесірінен құрбан болған отандастарымыздың санын анықтау, тізімін нақтылау және осы кезеңді ғылыми жүйелеу керектігіне тоқталды. Түркістан қаласы да бұл нәубеттен шет қалмағанын айтты.
«Алаш» қозғалысы орталықтарының бірі болған қала төңірегінің қаншама оғланы саяси себептермен оққа байланды. Арқадан ауған қалың жұрт ілініп-салынып Түркістанға құлады. 1930 жылдың ақпанында болған Созақ көтерілісіне түркістандықтар да қатысты.Облыс орталығы мәртебесін алған Түркістанда саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған музей бой көтерсе», – деген ұсынысын жеткізді.
Ал Н.Төреқұлов мұражайының басшысы Омар Жексенбаев өңірден шыққан ұлы тұлғалардың есімін дәріптеу бағытында жұмыс жанданса деген ұсынысын жеткізді. Сонымен бірге саяси қуғын-сүргін құрбаны, мемлекет қайраткері С.Қожановтың немере інісі Сұлтанбек Қожанов ұлт көшбасшылары мәңгі ел есінде қалатынын айтты. Түркістан облыстық түрік этномәдени бірлестігінің мүшесі Зикирулла Юсупов та тарихи сананы жаңғырту бағытындағы ойларын жеткізіп, қиын-қыстау кезеңде күштеп көшірілген мыңдаған адамды, ондаған этнос өкілдерін бауырына басып, мейрімін аямаған қазақ халқының мейірбандығын әрдайым айтып жүру керектігіне тоқталды.


Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев қортындылап, өңірдің зиялы қауым өкілдері айтқан әрбір ой мен ұсыныс «Мирас» кеңесінің хаттамасына енгізіліп, тиісті жұмыс жүретінін айтты. Сондай-ақ ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия алдында үлкен жауапкершілік пен міндет тұрғанын атап өтті.
«Түркістан шын мәнінде мәдени орталыққа айналуы үшін рухани салаға да басымдық берілуі тиіс. Ал бұл жұмыстарды жүргізуде зиялы қауым өкілдері, тарихшылар, мәдениеттанушылар, ғалымдардың маңызы зор», – деді ол.
Түркістандағы келелі кеңес қортындысы бойынша бірқатар хаттамалық шешім қабылданды. Кеңес мүшелері Түркістан қаласында жаппай саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіш немесе монумент ашу; Н.Төреқұлов мұражайы жанындағы аялдаманы Нәзір Төреқұлов аялдамасы деп атау жөнінде ұсыныс берді. Сонымен бірге өңірде қазақ халқының мейірімі мен ақ пейіліне ризашылықтың белгісі ретінде «Қазақ халқына – мың алғыс» монументтерін орнату; 1920-1930 жылдары Кеңес үкіметі жүргізген тәркілеу, азық-түлік салығы, күштеп отырықшыландыру мен ұжымдастыру кесірінен туындаған нәубеттің ақиқатын жан-жақты зерттеу, қаржы бөлу; Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен Түркістан облысынан шыққан мемлекет қайраткерлері туралы зерттеу жүргізіп, кітап шығару; Білім ұяларында қуғын-сүргін құрбандарын еске алуға арналған «Тарих беттерінен» немесе «Тауқымет пен тағзым» атты кездесулер өткізу; Түркістанды жырлаған Алаш қайраткері Мағжан Жұмабаевтың құрметіне жыр мүшәйрасын өткізу және өзге де бастамалар көтеріліп, ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Енді осы бағытта жұмыс жалғасады.