Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ДЕМАЛЫС САЯБАҒЫ САЛЫНУДА

ТҮРКІСТАН: ЖАҢА ҮЛГІДЕГІ ДЕМАЛЫС САЯБАҒЫ САЛЫНУДА

Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында тұрғындар мен қонақтарға арналған жаңа заманауи демалыс саябағының құрылысы қарқынды жүруде. Аумағы 32 гектарды құрайтын бұл ауқымды жоба – қала өміріне серпін беретін, экологиялық әрі мәдени тұрғыдан маңызды нысандардың біріне айналмақ.

Саябақтың жүрегі – жасанды көл. Ол демалушылар үшін ерекше атмосфера сыйлап, табиғатпен үндес кеңістік қалыптастырмақ. Көлмен қатар, жаяу жүргіншілерге арналған көпірлер, субұрқақтар мен сарқырамалар, тамашалау алаңдары, архитектуралық аркалар, заманауи кафе-ресторандар мен ыңғайлы орындықтар да қарастырылған. Қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс алаңына арнайы барып, жоба барысымен танысты. Сала мамандары және мердігер мекемелермен кездесіп, жұмыс сапасына қатысты нақты тапсырмалар жүктеді. Құрылыс барысында анықталған бірқатар кемшіліктерді жою, жұмыстарды мерзімінде әрі сапалы аяқтау міндеттелді.

Саябақ құрылысы бірнеше кезеңге бөлініп жүргізілуде. Қазіргі таңда негізгі инфрақұрылымдар толыққанды қалыптасып, абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жоспар бойынша саябақтың толық пайдалануға берілуі 2025 жылға межеленгенімен, алғашқы келушілерді қарсы алатын сәт те алыс емес.

Жаңа саябақ – Түркістан тұрғындарына жайлы әрі қауіпсіз демалыс орны ғана емес, қаланың заманауи келбетін айшықтайтын тартымды нысан болмақ.

«Түркістан-ақпарат».