Тіл саясаты жоғарыдан төменге де, төменнен жоғарыға да болуы мүмкін: ол бір уақытта жоғарыдан төмен «жасырын» және төмен-нен жоғарыға «ашық» жүзеге асуы да ықтимал. «Жасырын» мен «ашық» термині тіл саясатын жүзеге асыру құралы мен мақсатына қатысты айтылады. Белгілі АҚШ ғалымы Д.Джонсон «жасырынды» макродеңгейде әдейі жасырған (алдамшы/көзбояушы) тіл саясаты немесе микродеңгейде әдейі жасырған (диверсиялық) тіл саясаты» десе, «ашықты» тіл саясатының мәтіні жазбаша немесе ауызша түрде көпшілік алдында көрсетіледі» деп түсіндіреді. Ғалым Е.Тоғжанов тіл саясаты заңдармен, кесімдермен, мемлекеттік бағдарламалармен бекіп, көрінеу жүргізілуі де, ресми заңнамасыз немесе ресми заңнамаға мән бермей көмескі жүргізілуі де мүмкін екенін айтады. Көрінеу тіл саясаты туралы мысалдар көп, ал көмескі тіл саясаты қатарына АҚШ-тағы ағылшын тілі, КСРО-дағы орыс тіліне қатысты саясатты жатқызуға болады. АҚШ-та ағылшын тілін ресми тілі деп жариялаған заңнамалық құжат жоқ, бірақ халықтық белгіленбеген ресми тіл. 1990 жыл «КСРО халқының тілі туралы» заңы қабылданғанға дейін КСРО-да ресми тіл болмады. Орыс тілі ісқағаздардағы негізгі тіл болды. Пенсильвания университетінің профессоры Г. Шиффман «көрінеу» мен «көмескінің» айырмашылығы «ашық» пен «жасырынның» айырмашылығымен бірдей, белгілі бір тілдің ресми және бейресми қолданылуын сипаттау», – дейді. Мысалы, мемлекеттік тіл – қазақ тілі, бірақ ресми жиналыстардың көп бөлігі бейресми тілде өтеді. Тель-Авив университетінің профессор Э.Шаухами «жасырын» терминін сахна артындағы, әсіресе (саясаткерлер) белгілі бір ниетпен әдейі жасырын түрде жүзеге асыратын тіл саясатын сипаттау үшін қолданады. Ал Г. Шиффман мұндай сипатты «жасырын» тіл саясаты туралы анықтамасында қостайды және жасырын тіл саясаты да диверсиялық болуы мүмкін екенін де атап көрсетеді. Мысалы, белгілі бір топ немесе құрылымда ашық тіл саясатына жасырын белсенді түрде қарсы тұрады. Осылайша, жасырын тіл саясаты жоғарыдан төменге немесе төменнен жоғарыға бағытталған саяси процесс немесе ұйымдастырушылық іс-әрекет болуы мүмкін. Бірақ ештеңеге қарамастан, «көрінеу» мен «көмескі» дихотомиясын «ашық» пен «жасырын» дихотомиясынан ажырату пайдалы сияқты. Бұл саясаттың мақсатын ерекшелік ретінде пайдалану керектігін айтады, яғни «жасырын» түсінігі саяси мақсатын әдейі жасыру коннотациясына ие. Демек, жасырын тіл саясаты дегеніміз: 1) саясаткерлердің мақсаты әдейі жасырылған немесе бүркемеленген тіл саясаты; 2) диверсиялық жоспарлар немесе диверсия әрекеттері салдарынан көпшілікке жария етілмейтін тіл саясаты. Тілдік құқық пен тілдік тәжірибеде «заңды тіл саясаты» деп ресми түрде жазбаша түрде жазылған тіл саясатын атайды. Ал «нақты тіл саясаты» – мүлдем жоқ немесе заңға қайшы жасалған жергілікті саясат, заңда белгіленген саясатқа сәйкес келмейтін жергілікті тілдік тәжірибе. Нақты тілдік әрекет нақты тіл саясатының барын (немесе жоғын) білдіреді. Тіл саясатындағы тәжірибеге келетін болсақ, Марокконың ресми тілдері араб және бербер тілдері болып табылады. Бірақ әдеттегі тілдік тәжірибеде (тілдік білім беруді қоса алғанда) көптеген марокколық француз тілін қолданады. «Заңды» ұғымы «ашық» және «көрінеу» ұғымдарымен салыстыруға болады, яғни үшеуі де саясаттың «ресми» сипатын көрсетеді. Алайда тиісінше «нақты» ұғымы «жасырын» немесе «көмескі» ұғымдарымен бірдей мағынаға ие болмауы мүмкін. «Нақты» ұғымының тіпті дәстүрлі мағынада да «саясатқа» қатысы екіталай, заңды саясат қалай көрсетілгеніне қарамастан, ол іс жүзінде не болып жатқанын білдіреді. Бірақ бұл жұп терминдер іс жүзіндегі тіл саясатының ресми, заңды түрде көрсетілген тіл саясатынан өзгеше екенін көрсетеді. Мысалы, тіпті ресми түрде біртілді мектептер мен сыныптарда мұғалімдер сыныптағы оқушыларға арналған көптілді ресурстарды пайдалана алады. Бұл жағдайда, «нақты тіл саясаты» мұғалім тұжырымдаған сыныптың тіл саясатына да, сыныпта жүргізілетін тілдік тәжірибеге де қатысты. Екі ұғым бір-бірімен тығыз байланысты болғанымен, әлі де айтарлықтай айырмашылықтар бар. Осы тұрғыдан алғанда, «нақты» термині жергілікті аймақта тұжырымдалған құқықтық ережелерден өзгеше тіл саясатын немесе ол нақты жергілікті тіл саясатына сәйкес келетін, бірақ заңды саясаттың ресми мәтінінде көрсетілмеген тілдік тәжірибені білдіреді.
P.S.
«Түркістан уәлаяті» газетінде жарияланған қазақ тілі туралы алғашқы мақаладан бастап, TÚRKISTAN халықаралық газетіндегі осы мақалаға дейін бір жарым ғасыр өтті. Осындай уақыт аралығында француздық тәржірибе француз тілі Еуропадағы дипломатиялық тілге айналды, британиялық тәржірибе ағылшын тілі халықаралық тілге айналды, т.с.с. айта беруге болады. Ал бізде ше?.. 1938 жылдың 5 сәуірдегі Қазақ КСР Орталық Атқару комитеті мен Халық комиссарлар кеңесінің қаулысында: «Біріншіден, көпұлтты Отанымыз – КСРО-да, орыс тілін білу шаруашылық және мәдени жағынан өсіп-өркендеуге мүмкіндік әперетін, КСРО халықтарының өзара байланыс және қарым-қатынасының күшті құралы. Екіншіден, орыс тілін білу ұлттық кадрлардың ғылым мен техника саласын түсініп, одан әрі жетілуіне жағдай жасайды. Үшіншіден, орыс тілін білу қазақ еңбекшілерінің жұмысшы-шаруа, қызыл әскер мен әскери-теңіз флоты қатарында әскери борышын жақсы атқаруына қажетті мүмкіндік жасайды», – деп орыс тілін қазақ мектептерінде міндетті пән ретінде оқыту қажеттілігін негіздеді. Ал қазір қазақ тілін басқа ұлттан талап ету үшін осындай сұраныстық негіздеме айта аламыз ба? Не істемек керек? Қазақ тілінің көсегесін көгертеміз десек, әуелі тіл стратегиясын айқындау керек. Тілдік стратегия – ғылымда қалыптасқан ұғым. Ол ғылымы дамыған батыс және шығыс елдерінде ғылыми-зерттеу институт ретінде жеке құрылып, жыл сайын Ұлттық баяндама жарық көреді. Екінші, тілдік жоспарлауды жетілдіре түсу керек. Тілді мәртебе тұрғысынан, корпустық игеруді және таратуды жоспарлауда мемлекеттік деңгейден тыс өңірлік, аудандық, ауыл ерекшеліктерін ескере отырып, жетілдіру қажет. Үшінші, тілдік қауіпсіздікті қолға алу керек. 11 қыркүйек оқиғасынан соң АҚШ тілдік қауіпсіздікті ұлттық қауіпсіздіктің бір факторы ретінде дамытса, Қытай экономикалық қауіпсіздіктің алғышарты ретінде «Бір белдеу, бір жол» бағдарламасының аясында «Бір белдеу, бір жол» тіл саясатын жүзеге асырып жатыр. Елдің даму бағытына сай тілдік қауіпсіздікті біз де ұлттық қауіпсіздіктің бір саласы ретінде жүзеге асырғанымыз абзал.
Берікхан Иісбекұлы, филология ғылымдарының докторы