Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ

ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІК ҚҰРДАСТАРЫ АҒАШ ОТЫРҒЫЗДЫ

Бүгін көпке үлгі боларлық шара Түркістан облысы Жетісай қаласындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы орталық саябақта өтті. Мұнда аудандағы сан салада еңбек етіп жүрген Тәуелсіздік құрдастары мен жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері «16 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 28 жылдығы қарсаңында 280 түп түрлі ағаштардың көшеттерін отырғызды. Аталмыш шараға Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаев пен аудандық мәслихат хатшысы Әлихан Утанов қатысып, жастарды қасиетті мерекемен құттықтады.

«Құрметті жетісайлық белсенді жастар, Тәуелсіз еліміздің құрдастары! Сіздерді қасиетті де қастерлі, елдігіміздің ең қымбат қазынасы – Тәуелсіздігіміздің 28 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын! 28 жыл тарих үшін қас-қағым сәт болғанымен аяғын тәй-тәй басқан жас мемлекетіміз үшін әрбір күні қарбалас тіршілікке толы сәттерден тұрады. Бүгінде ел болашағы Сіздерге мемлекет тарапынан барлық жағдайлар жасалған. Сондықтан, мүмкіндіктеріңізді тиімді пайдаланып, тәуелсіз Қазақстанымыздың өсіп-өркендеуіне бар күш-жігерлеріңізді жұмсайсыздар деп сенемін» деді аудан әкімі.
Шараның салтанатты құттықтауынан кейін аудан әкімі Жамантай Қанайұлы мен мәслихат хатшысы Әлихан Утанов ауданның белсенді жастарымен біргелікте саябақта көшет отырғызды.
Белсенді азаматтардың демеушілігімен отырғызылған көшеттердің ішінде түрлі декоративті ағаштармен қатар шырша, қара ағаш, соболь, арша бар.
Сонымен қатар, аудан жастары 28 жылдыққа 28 көліктің қатысуымен автошеру ұйымдастырып, қала көшелерін аралады.
«Біз қолымызға Тәуелсіз еліміздің көк байрағын көтеріп, көліктермен көше аралап тұрғындарға қастерлі Тәуелсіздіктің қадірін, қасиетін ұғындыруға тырыстық. Патриоттық әндер айттық. Мақсатымыз – өзімізден кейінгі іні-қарындастарымыздың жүректеріне елжандылық ұялату болды» дейді шараны ұйымдастырушылар.
Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты

Суреттерді түсірген Бауыржан Найманов