Home Спорт ТҮРКІСТАН: СПОРТ САЛАСЫНА ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМА ЕНГІЗІЛУДЕ

ТҮРКІСТАН: СПОРТ САЛАСЫНА ЦИФРЛЫҚ ПЛАТФОРМА ЕНГІЗІЛУДЕ

Мемлекет басшысы спорт туралы сөйлеген сөзінде: «Баршаңызға мәлім, мен бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән беріп отырмын. Жастарымыз дені сау, мықты азамат болып өсуі керек. Сондықтан ұлт саулығын сақтау үшін бұқаралық спорттың маңызы айрықша. Жақында мен Олимпиадаға қатысушылармен кездестім, спорттағы нақты міндеттер мен басымдықтарға тоқталдым. Шын мәнінде, бұл саладағы заңнаманы жаңартатын кез келді деп ойлаймын. Заңға енгізілетін өзгертулер бұқаралық спорт пен балалар спортын дамытуға зор серпін береді. Сондай-ақ болашақ жеңімпаздар шоғырын даярлауға жол ашады. Депутаттар осы маңызды заң жобасына айрықша мән бергені жөн деп санаймын», деген болатын.

Саланы цифрландыру маңызды бағытқа айналды. 2025 жылдың соңына дейін спортшылардың, жаттықтырушылардың, төрешілер мен әдіскерлердің бірыңғай тізілімін, спорттық іс-шаралардың электрондық күнтізбесін және спорттық инфрақұрылым объектілерінің тізімін қамтитын e-спорт цифрлық платформасы енгізілетін болады. Бұл жүйені енгізу спорт саясатындағы барлық элементтердің ашықтығын, қамту ауқымын бақылау мен тиімділігін қамтамасыз етеді.

Түркістан облысында спорт инфрақұрылымын жетілдіру, бұқаралық спортты дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр. Облыс әкімі апаратының апталық мәжілісінде осы бағыттағы көрсеткіштер сараланып, жоспарлар талқыланды. Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдеріне спортты дамыту, инфрақұрылымды жақсарту бойынша жұмысты ширатуды тапсырды.

– Аудан, қалаларда спорт нысандарына деген қажеттілікті реттеу бағытында жасалған 3 жылға арналған кешенді даму жоспары жүйелі түрде жүзеге асырылуы тиіс. Спорт инфрақұрылымын және бұқаралық спортты дамыту бойынша бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырамын. Бұл – өте өзекті мәселе. Жасөспірімдер мен жасар арасында теріс әдеттердің алдын алу үшін спортты дамытудың маңызы зор. Осы бағытта да кешенді жоспар әзірлеп, жұмысты жандандырыңыздар. Спорт нысандарын салуда тек мемлекеттік бюджет емес, жеке кәсіпкерлер мен демеушілерді тарту да маңызды, – деген Нұралхан Көшеров облыстағы футбол клубтарын коммерцияландыру жұмыстарын жылдамдату керектігін де ескертті.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ғалымжан Худияровтың айтуынша, облыста 3540 спорт нысаны тіркелген. Бұл нысандардың 3041-і (яғни 86%) ауылдарда, ал 499-і (14%) қалаларда орналасқан. 1000 адамға шаққанда халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету көрсеткіші 43,5 пайызды құрап отыр.

Спорт инфрақұрылымын жақсарту мақсатында облыс көлемінде 112 спорт нысанының құрылысы қолға алынған. 10 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі. Биыл тапсыру көзделген 102 спорт нысанының 66-сы ел игілігіне берілген. Спорт инфрақұрылымын дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған жоспары бойынша бюджет арқылы 3 жылда 55 нысанның құрылысын жүргізу көзделіп отыр.

2025 жылы 16 ғимаратқа жөндеу (14 нысанға ағымдағы жөндеу, 2 нысанға күрделі жөндеу жұмыстары) жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 1 млрд. теңге қаржы бөлінді. Қазіргі уақытта 15 нысанның жұмыстары толық аяқталды, 1 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі.

Биылғы 10 айда дене шынықтыру және спортпен тұрақты түрде шұғылданатын барлық жастағы тұрғындар үлесі 911 мыңнан асып, халықтың 42,4 пайызын құрады. Соның ішінде 3-18 жас аралығындағы дене шынықтыру және спортпен шұғылданатын балалар мен жасөспірімдердің үлесі 264 мыңға жетіп, 32,9 пайызды құраған. 2025 жылға мемлекеттік спорттық тапсырыс аясында 167 өнім беруші арқылы тегін үйірмелерде 24 480 бала шұғылдануда. Сонымен қатар Түркістан қаласында орналасқан ірі спорт нысандарында барлық жастағы тұрғындар үшін апта сайын тегін қызмет көрсету сағаты енгізіліп, ай сайын 1000-ға жуық қала тұрғыны спортпен айналысып келеді. Ел арасында бұқаралық спортты насихаттау мақсатында биыл облыс аумағында 3200-ден астам спорттық іс-шара өткізіліп, оған 273 мыңнан астам адам тартылды. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 30,5 пайызға өскен. Облыста халықаралық, республикалық және облыстық жарыстар тұрақты түрде өтіп жатыр. Спорт саласына көрсетілген қолдау нәтижесінде облыс спортшылары 2025 жылдың 9 айында Әлем, Азия және Қазақстан Республикасының чемпионаттары мен кубоктарында 1 248 медаль жеңіп алды. Бұл – 2024 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 21%-ға жоғары.

Еліміз халықаралық аренада қол жеткізген жоғары нәтижелерін арттырып жатыр. 2024 жылдың қорытындысы бойынша ұлттық командалар 1 206 медальға қол жеткізді. Оның 1 086-сы (399 алтын, 341 күміс және 346 қола) олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлеріне тиесілі. Параспорт бойынша қоржындағы медаль саны – 120. Паралимпиадалық дисциплиналардан 56 медаль (16 алтын, 20 күміс, 20 қола), сурдлимпиадалық және паралимпиадалық емес спорт түрлерінен 64 медаль (30 алтын, 17 күміс, 17 қола) еншіледі.

Барлық қабылданып жатқан іс-шаралардың мақсаты – чемпиондардың жаңа буынын тәрбиелеу мен ұлт денсаулығын нығайтуда қабілеті тұрақты, тиімді және баршаға қолжетімді спорт жүйесін құру.