Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1-5 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АРАЛАС ФОРМАТТА ОҚИ БАСТАДЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА 1-5 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫ АРАЛАС ФОРМАТТА ОҚИ БАСТАДЫ

Түркістан облысы аумағында санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, осы жылдың 1 наурызынан бастап жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді. Яғни, рәндердің 70%-ы штаттық режимде, 30%-ы қашықтықтан оқытылады. Бұл туралы облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев мәлімдеді. «Оқу бітіретін сыныптар (9, 11 (12) сыныптар) үшін де аптаның 6 күні ішінде аралас форматта оқытылады. Білім беру мекемесі әкімшілігінің шешімі бойынша сабақтан тыс уақытта 15 адамнан аспайтын топтарда оқушыларды жеке оқытуға рұқсат беріледі. Колледждер мен жоғары оқу орындарының I курс студенттері үшін екінші семестрден бастап штаттық оқуға көшетін болады», – деді басқарма басшысы. Сондай-ақ, «Балдәурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығы» және «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы» жұмысын бастайды. Сонымен қатар, арнайы мамандандырылған ұйымдар, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға арналған мектеп-интернаттар, жалпы үлгідегі мектеп-интернаттар жұмысын бастайды. Білім беру мекемелері маскалық режим және кемінде 2 метр әлеуметтік қашықтықты сақтауы міндетті. Ағымдағы оқу жылының III- тоқсанында білім алушылардың, педагогтердің және басқа қызметкерлердің денсаулығын сақтау мақсатында 1-11 сыныптарда оқу процесі 313 277 (63%) оқушыға қашықтықтан жүргізілуде. Бүгінгі таңда, мектептегі оқушы саны 5-тен 300 адамға дейін контингенті бар шалғайдағы 224 жалпы орта білім беретін мектептерде 29 827 оқушы штаттық режимде оқуда. Бастауыш 1-4 және 5 сынып оқушыларының ата-аналарының өтініштері негізінде 8 198 кезекші топта 108 083 (44%) оқушы білім алуда. Оқу бітіретін 9-11 сыныптардағы 48 707 оқушыға пәндердің 70%-ын штаттық режимде, 30 % қашықтықтан оқытылуда.