13 587 адам Түркістан қаласында тұрғын үй кезегінде тұр. Бұл жайлы тікелей эфир арқылы «Тұрғын үй қатынастары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің» басшысы қызметін уақытша атқарушы Әбутәліп Асанов кеңінен айтып өтті. Онлайн тілдесу 109 – Бірыңғай байланыс орталығының әлеуметтік желі парақшаларында ұйымдастырылып, тұрғындармен кері байланыс жасалды. Жалпы тұрғын үйлер арнайы 6 категорияға жататын азаматтаарға тапсырылуда. Облыс орталығында осы санаттар бойынша әлеуметтік аз қамтылған – 5009 азамат, көпбалалы 3300 отбасы, 4200 – бюджет саласы қызметкерлері және 186 жетім немесе ата-ана қамқорынсыз қалған азаматтар тіркелген. Жыл басынан бері кезектерге сәйкес, 120 азаматқа баспана берілді. Қазірде бөлімде «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынған 138 пәтер «Отбасы банкі» және екінші деңгейлі банктер арқылы «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатылымға қойылған. Сонымен қатар, бөлім басшысының ақпаратына сәйкес, биыл 124 көпбалалы отбасына баспана беріліп, жыл соңына дейін 78 көпқабатты тұрғын үй (бес мыңға жуық кезекте тұрған және несиелік жүйемен) кезектегі азаматтарға беріледі деп жоспарланған. Көпшіліктің берілген пәтерлердің жекешелендіріліуі бойынша қойылған сауалына бөлім басшысы 2016 жылға дейінгі «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілген баспаналарды жекешелендіруге қою алдағы уақытта шешілетіндігін айтты.Эфир барысында халық арасында тарап жүрген салынып жатқан пәтерлердің барлығы несиемен беріледі деген ақпараттың жалғандығы айтылып, барлық кезек заңды түрде жүзеге асырылатындығы айтылды.