Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЖҮНІС ОРЫНБАСАР АТЫНДАҒЫ ТУРНИР...

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫСТА ТОҒЫЗҚҰМАЛАҚТАН ЖҮНІС ОРЫНБАСАР АТЫНДАҒЫ ТУРНИР ӨТТІ

Арыс қалалық №1 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінде тоғызқұмалақтан жоғары дәрежелі ұлттық төреші, спорт қайраткері Жүніс Орынбасарды еске алуға арналған репсбликалық турнир өтті.
Жексенбілік демалыс күнге орай ұйымдастырылған жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен тоғызқұмалақтан 12 спорт шебері мен 8 спорт шебері атағына үміткерлер қатысты.


Осылайша, Нұр-Сұлтан, Қостанай, Павлодар, Жаңатас, Тараз, Кентау, Шымкент, Сарыағаш, Қызылорда, Атырау және Арыс қаласынан тіркелген 20-дан астам спортшы өзара бақ сынады.
Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Арыс қаласы әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев жарыс қатысушыларына сәттілік тілеп, Жүніс Орынбасар туралы естеліктермен бөлісті.
Зияткерлік ойынға қатысушылардың ақыл-ой сайысында кім жүйрікті анықтау күн ұзаққа созылды. Солай десек те, төрешілердің қорытынды есебі бойынша І-орын атыраулық азамат Құрманбай Ахметовке, ІІ-орын павлодарлық азамат Арыстан Қапаевқа бұйырды.
Ал жүлделі ІІІ-орынды қызылордалық Қабланбек Әбсатов пен жаңатастық қатысушы Ғани Қазбеков өзара бөлісті.
Айта кетейік, жарыс жеңімпаздары арнайы медаль мен диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.