Home Қоғам ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫС – ОРТА АЗИЯНЫҢ ҚАҚПАСЫ

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ: АРЫС – ОРТА АЗИЯНЫҢ ҚАҚПАСЫ


Арыс – Ресейдің еуропалық бөлігін, Сібірді Орта Азиямен және Қазақстанмен байланыстыратын үш бағыттағы ірі тораптық станция болып табылады. «Тоғыз жолдың торабы», «Орта Азияның қақпасы» атанған Арыс топырағынан ерен еңбегімен елге танылып, «Социалистік Еңбек Ері» атағын алған Әуезхан Салықбаев, Әбдуәлі Балғымбаев, Сырлыбек Байжанов, Көпжан Мұхамеджанов және «Задария» совхозының өсіп-өркендеуіне зор үлес қосқан Боранбек Шүкірбековтердің есімін қала тұрғындары ерекше ілтипатпен, үлкен мақтанышпен атайды.
Тәуелсіз Қазақстанның мәдениетінің, руханиятының дамуы мен өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан Қазақстанның халық әртісі, күміс көмей, жез таңдай опера әншісі Нұржамал Үсенбаеваның, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, әнші Ақжол Мейірбековтің, талантты композитор, танымал әнші Ержан Серікбаевтың, сәулетші Тілеуберді Бинашевтің және қазақ әдебиетінің алыптары сатирик-жазушы, драматург Садықбек Адамбековтің, әйгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің, жазушы Нұрғали Ораздың, ақындар Қосжан Мүсіреповтің, Бекен Әбдіразақовтың, Нәмет Сүлейменовтің Арыс қаласында туғанын біреу білсе, біреу білмейді.
Арыс ауданы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше үлес қосып, экономиканың көптеген салалары бойынша ел дамуына оң ықпал етіп отырған өңір десек қателеспейміз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы айтулы жетістіктерді тілге тиек еткім келеді. Негізінен ет, сүт, шитті мақта өндіретін, көкеністер мен бақша дақылдарын өсіретін арыстықтар өз өнімдерін еліміздің аймақтарына ғана емес, жақын және алыс шетелдерге де эспортқа шығаруда.
Арыс қаласының бүгінгі ажар-көркі де кісі қызығарлықтай. Көптеген тарихи-мәдени орындар қайта қалпына келтіріліп, тұрғындардың мақтанышына айналды. Екі жыл бұрын, Арыстағы әскери бөлімде жойқын жарылыс болғанда елмен қатар арыстықтар да тамаша ерік-жігерін, береке-бірлігін көрсете білді. Аяулы қаланың бүгіні мен келешегі нұрлы, шуақты боларына сеніміміз зор!