ҚР-ның Қылмыстық кодексінің 188-бабындағы ұрлық қылмысына қатысты бөлігіне 2019 жылдың 27 желтоқсанында өзгерістер енген болатын. Атап айтқанда, мал ұрлау қылмысына қатысты жаза күшейтіліп, қылмыстың ауырлығына қарай ұрының мүлкі тәркіленіп, 12 жылға дейінгі мерзімде бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Аудан әкімдігі мен аудандық полиция бөлімі бірлесе отырып, мал ұрлығына тосқауыл қою үшін іс-шара жоспарын түзген. Қазіргі таңда аудан аумағындағы әрбір учаскелік полиция инспекторы қараусыз қалған және егістік алқаптардың жағалауында арқандаулы қалдырған малдарды қамап, иелеріне түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
“Ең біріншіден, ауыл тұрғындары малдарын сырғалап, таңбалап, құжаттарын ретке келтіруі қажет. Екіншіден, малдарды жайылымға қараусыз жібермей, падашы жалдауы тиіс. Біз өз тарапымыздан мал тасымалдаған автокөліктердің құжаттарын, малдың сырғаланғанын, таңбаланғанын тексеріп, жоқ болған жағдайда әкімшілік жауапкершілікке тартатындығымызды ескертеміз!” – деді Мақтаарал аудандық полиция бөлімі жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция подполковнигі Макешов Ерғали Адайұлы.
Негізінен Мақтааралда мал ұрлығы жылдың күз және қыс мезгілдерінде күрт өседі. Себебі, мақта мен басқа да егіншіліктерді жинау науқаны аяқталып, бос қалған мақталық алқаптар мен жайылымдарға тұрғындар малдарын қараусыз айдап жібереді. Сондықтан, бұл бағытта ауылдық округ әкімдері падашыны ұйымдастыруға атсалысып, учаскелік полиция инспекторлары мен ауыл билері тарапынан қараусыз қалған мал иелеріне үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу күшейтілді.
Айта кетейік, мал ұрлығын азайту үшін малды бордақылаумен, малды алып-сатумен айналысатын, малды соятын, тері қабылдайтын орындар және мал таситын азаматтарды салық органына заңды түрде тіркеп, олардың орналасқан жерлеріне бейне камералар орнату да жоспарланып отыр.