Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ӘКІМДІКТЕН ҮМІТКЕРЛЕР ЖАҒАЛАУДЫ ЖАҒАЛАП, МАЛШЫЛАР МЕН ДИҚАНДАРДЫ АРАЛАП ЖҮР

ТҮРКІСТАН: ӘКІМДІКТЕН ҮМІТКЕРЛЕР ЖАҒАЛАУДЫ ЖАҒАЛАП, МАЛШЫЛАР МЕН ДИҚАНДАРДЫ АРАЛАП ЖҮР


Биыл елімізде бірінші рет өткізіліп жатқан ауыл әкімдерінің сайлауының үгіт-насихат кезеңі Түркістан облысында өте белсенді әрі айрықша өтіп жатыр. Облыс бойынша үміткер ретінде 210 адам тіркелсе, оның 48-і «Nur Otan» партиясынан ұсынылған. Әкімдікке үміткер азаматтар бұрынғыдай кеңселер мен мекемелерді жағаламай, елді мекендерді тегіс аралап, тіпті жеке үйлерге де бас сұғып, сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жатыр.
Үміткерлер өз бағдарламаларында ауылдың ең өзекті мәселелерін қамтып, инфрақұрылымды дамыту, су, жол, газ, әлеуметтік нысандар салуды жоспарлаған. Сонымен бірге сайлаушылармен кездесуде олардың да ұсыныс-тілектерін назарға алып, жоспарға енгізуде. Сондай үміткерлердің бірі – Ермек Ташев. Өзі – спорт саласының өкілі. Отырар ауданы, Көксарай ауылдық округінің әкімі болуды көздейтін ол ауылының жастарымен кездесіп, сайлауалды бағдарламамды таныстырды. Кездесу соңында Ермек Ташев ауыл жастарымен бірлесіп, суға түсіп, Көксарай ауылына келетін каналды қоға мен ағысқа кедергі болатын заттардан тазарту жұмыстарын жүргізді. Елмен бірге екенін аңғартты. Ал Сайрам ауданы, Қарамұрт ауыл округінен сайлауға түсіп жатқан Мамуржан Нажиев жайылымда мал бағып жүрген азаматтармен, егістікте – диқандармен жүздесті. Сонымен бірге Қарамұрттық әпкелі-сіңлілі мүмкіндігі шектеусіз қайсар қыздармен кездесіп, пікір алмасты. Тағдырдың сынына мойымаған қыздар киім тігіп, жеке кәсіпкерлікпен айналысқысы келетіндерін жеткізді. Кандидат оларға қолдау болатынын айтты.
Түркістан облысы ғана емес, республикадағы ең тұрғыны көп ауыл округтерінің бірі Құркелесті басқаруға ниет еткен жас кандидат Қанат Иматов та өте белсенді әркет етуде. Ол 32 мыңнан астам тұрғыны бар аумақтағы шаруа қожалықтарында, жылыжайларда, ауыл көшелерінде, медицина мекемесінде кездесулер өткізіп, сайлауалды бағдарламасының басымдықтарын түсіндіріп келеді. Тіпті, кейбір кездесулер түнге дейін созылып кетуде. Сарыағаш ауданындағы жалынды жас «Қайтсем де ауылды дамытамын» деп құлшынып отыр. Түлкібастық үміткер Қайрат Сәрсембаев та Тастұмсық ауылдық округінің түкпір-түкпірін аралап жүр. Ол Амангелді ауылындағы «Жұмат ата» шаруа қожалығында комбайн, тракторлардың арасында шаруалармен кездесіп, жағдайын сұрады. Үміткер өзге шаруа қожалықтарын да аралап, таудың етегіндегі ағайынға өз жоспарын ұғындыра білді.
Жуырда ғана Түркістанда өткен республикалық айтыста бас жүлдені еншілеген жас ақын Дәурен Ақсақалов та осы сайлауға қатысып жатыр. Отырар ауданы, Қарғалы ауылдық округінің әкімі болуды мақсат тұтқан талантты жігіт халықтан қолдау күтетінін жасырмайды. Биыл жаңадан құрылған Сауран ауданынан сынға түсіп жатқан Мұхтар Шалаев болса, Түркістан облысы ғана емес, еліміздегі ең қарт тұрғындардың бірі, 101 жастағы Жиембекова Балқия апаның үйіне барып, батасын алды. Қысқасы, бұл сайлау науқаны Түркістанның ауыл-аймағы үшін айрықша әрі қызықты өтіп жатыр.
«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсен Тәжібаевтың айтуынша, ауыл әкімдерінің сайлауы ел арасындағы жаңа тұлғалардың шығуына үлкен баспалдақ болды.


«Негізі ауылға сол елді мекеннің жай-күйін, проблемасын жақсы білетін тұлғалар сайлануы тиіс. Бұл ретте биылғы сайлауды жұртшылық оң бағалап отыр. Өзіңіз ойлап қараңыз, қай уақытта әкімдіктен үміткер азамат ауыл-ауылды, көшелерді аралап өз бағдарламасын таныстырып еді? Оның үстіне биылғы үміткерлердің арасында қарапайым шаруашылықтан көтерілген азаматтар, шаруа қожалықтарының төрағалары, ұстаздар, жастар, өнер саласының өкілдері және мемлекеттік қызметте шыңдалған азаматтар көп. Түркістан облысының 60 ауыл округінде әкім сайланады. 281 елді мекендегі 500 мыңнан астам тұрғынның дауыс беруге құқығы бар 264 мыңы өз таңдауын жасайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған бұл демократиялық бетбұрыс қоғамға жаңа көшбасшыларды танытатыны анық», – дейді Б.Тәжібаев.