Түркістанда 10 қараша – Цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласы қызметкерлері күніне орай волейболдан турнир өтті. Түркістан облысының цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасы ұйымдастырған дәстүрлі волейбол турниріне өңірдің жетекші IT және телекоммуникация ұйымдары қатысты. Атап айтқанда, «Қазпошта» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Транстелеком» АҚ, «Freedomtelecom» АҚ, «АО НИТ», Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және «Цифрлық даму орталығы» КММ-нің қызметкерлері бақ сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша 1 орынды Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ командасы қанжығасына байлады. Ал, 2 орынды «Цифрлық даму орталығы» КММ жеңіп алса, 3 орын «Қазпошта» АҚ және «Транстелеком» АҚ командаларына бұйырды.
Дүбірлі додаға қатысқандар арасынан үздік ойыншылар іріктеліп, арнайы номинациялармен марапатталды.
Турнирдің мақсаты – IT және цифрландыру саласы қызметкерлері арасында бұқаралық спортты насихаттау, салауатты өмір салтын қалыптастыру, командалық рух пен достық қарым-қатынасты нығайту.
Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауы үлкен жауапкершілік жүктейді. Еліміздің келешегі мен бәскелестікке толы даму жолындағы стратегиялық бағыттар мен шаралар аса маңызды. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы щешу» деп аталатын Жолдауында Президент қазақ елінің индустриалды-инновациялық даму жолында жасанды интеллект немесе цифрлы даму процесінен қалып қоймай, оны меңгеру қажеттігі басты назарда болатынын атап өтті. Арнайы логикалық жүйелер арқылы компьютерлік бағдарламада жүзеге асырылатын, адам интеллектінің жеке аспектісін ұдайы өндіретін техникалық жүйелер немесе жасанды интеллект тек адамзат қоғамын дамытып қана қоймай, әлемдік елдердің даму жолында бәсекелестікке итермелеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда Қазақстан дамыған елдерден үлгі ала отырып, дамушы ел ретінде алға ұмтылуы тиіс. Осы орайда еліміздегі білікті де білімді жастарды қолдау мен өз Отанына қызмет жасайтын жастарды тәрбиелеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе техникалық мамандықты меңгерген мамандарды ел экономикасына жұмылдыру маңызды мақсаттар санатына жатқызылды. ХХІ ғасыр ақпараттық қоғам – цифрлық қоғамға қадам басқан дәуір. Қазір әлем толыққанды цифрлық қоғамға көшті десек те болады. Соның нәтижесінде Big Data, жасанды интеллект, бұлттық технологиялар, интернет заттар (IoT), блокчейн, ақылды қалалар пайда болып, мемлекеттік қызметтердің, білімнің, бизнестің цифрлануы жүзеге асты. Ал еліміздегі цифрландыру жағдайы қай межеге жетті? Қазақстанның алдағы бағыты қандай? Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында осы мәселелерді көтерді.
– Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы қазірдің өзінде халықтың, әсіресе жастардың мінез-құлқы мен болмыс-бітіміне әсер етіп жатыр. Басқаша болу мүмкін емес. Себебі бұл үрдіс бүкіл әлемде қалыптасқан тәртіпті және адамдардың өмір сүру салтын біржола өзгертуде. Біз бұған дайын болып, батыл әрекет етуміз керек. Әйтпесе, артта қалудың салдары өте ауыр болады. Сондықтан мен алдымызға өте маңызды стратегиялық мақсат қойдым. Қазақстан 3 жыл ішінде міндетті түрде жаппай цифрлық ел болуы керек, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажеттігін тапсырды.
– Қазіргі құзырлы министрліктің негізінде жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру қажет деп санаймын. Жаңа министрлікті Премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаруы қажет. Үкімет экономиканың барлық саласын жаңғырту үшін жаппай жасанды интеллектіні енгізу қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында.
Осы тұрғыда елімізде жасанды интеллектіні қарқынды дамыту бастамасы экономиканы әртараптандыру (цифрлық экономика және жаңа табыс көздері), мемлекеттік басқаруда ашықтық пен тиімділік, әлеуметтік сала (денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік көмек), кадр тапшылығын реттеу (AI көптеген қайталанатын процестерді автоматтандырып, мамандарды күрделі міндеттерге босатады), жаңа салалардың пайда болуы, киберқаупсіздікті күшейту және халықаралық бәскелестіктен туындап отыр.
Әлемде жасанды интеллектке қатысты тенденациялар мен оқиғалар жыл сайын жаңарып отыр. Мәселен, AI-ға арналған суперкомпьютерлік инфрақұрылымдар құрылып, есептеу қуаты мен тиімділігі күн өткен сайын жақсарып келеді. Ал бұл оқиғада әлемдік геосаяси бәскеде АҚШ пен Қытайдың бәскелестігі артып отыр. Сондай-ақ, жасанды интеллектінің әлемдегі қауіпсіздік талаптары, этикасы жөніндегі келісімдер реттеліп, гуманоидтық роботтар өнеркәсібі кеңінен қолданыла бастады. Тіпті цифрлық үкімет құрылып, кеңесші ретінде қызметтер көрсетіліп жатыр. Бұл цифрлық технологиялардың әлі басы. Сондықтан, болашақ адам зердесі мен жасанды зерде арасындағы байланыстың күрт дамитынын байқатады. Ал биылғы жолдау жаңарған әлемге жаңаша көзқараспен иық тіресе жұмыс істеудің байыпты тұжырымдарын ортаға салды.


































