«Әр адам үшін денсаулық пен өмірден артық құндылық жоқ. Ал келешек ұрпақтың жарқын болашағының кепілі – денсаулық мәселесін жетілдіру біздің негізгі парызымыз болып табылады».
Бүгін Арыс қаласындағы Ергөбек мәдениет үйінде Медицина қызметкерлері күніне орай, шағын топпен өткен мерекелік іс-шарада қала әкімі Гүлжан Құрманбекова осылай деді.
Ұлт пен ұрпақтың денінің саулығы үшін күндіз-түні аянбай еңбек етіп жүрген ақ халатты абзал жандарды төл мерекесімен құттықтаған Гүлжан Мамытқызы, дәрігер болу – бақыт, үлкен мәртебе екенін атап өтті. Адам өміріне арашашы, еңбегі адал жандардың мейрамы – бүкілхалықтық мереке екеніне баса мән берді. Сондықтан дәрігерлерді әрдайым қолдап, қолдан келген көмегін аямайтынын жеткізді.
Салтанатты шараға қала әкімінен басқа, мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және денсаулық сақтау саласының мамандары қатысты.
Мәдениет үйі қызметкерлері ұйымдастырған шара соңы шағын концерттік бағдарламаға ұласты. Мереке қарсаңында бірқатар медицина қызметкерлері қала әкімінің құрмет-қошеметіне бөленіп, алғыс хат пен бағалы сыйлықтарға ие болды.