Бүгін ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілі Арман Бердалин Түркістан облысына арнайы келіп, өңір жұртшылығына ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Рухани мекенге табан тіреген Агенттік өкілі, ең алдымен облыс активімен кездесіп, ақпараттық-ағарту штабын құрудың қоғам алдындағы маңыздылығын түсіндірді.
Адалдық қағидаттары кең көлемде дәріптелген келелі жиынға облыс әкімінің орынбасары С.Қалқаманов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша Департаментінің басшысы Х.Көшқалиев, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаттары мен басқарма басшылары, сондай Арнайы мониторингтік топтың мүшелері қатысты.
Кездесу барысында ел ішімен етене араласып, халық үніне құлақ түруді көздеген Агенттік өкілі А.Бердалин мемлекетіміздің бәсекелестік қабілетін бәсеңдетіп, ел экономикасын тұралататын қауіпті дертке қоғам болып қарсы күрес жүргізудің қажеттілігін атап өтті.
Сондай-ақ, парасаттылық – ашық әрі адал қоғамды қалыптастыруға негіз болатын құнды қасиет екенін жіті түсіндіріп, атадан қалған асыл құндылықтарды дәріптеу арқылы әлеуметтік кеселдің алдын алу – бүгінгі күннің басты талабы екенін тілге тиек етті.
Ашық диалогтық форматта өрбіген ағартушылық жиында С.Қалқаманов сөз алып, игілікті іске құрылған үгіт-насихат Штабының мемлекет алдындағы маңыздылығын айрықша атап өтті.
Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған баянды бастаманың ұлттық құндылықтармен сабақтасып жатқандығын аңғарған жиынға қатысушылар Агенттіктен арнайы келген қонаққа өз сұрақтарын қойып, нақты жауап алды.
Айта кетсек, өткен жылдың қараша айында өз жұмысын бастаған республикалық ақпараттық-ағарту Штабының Түркістан облысындағы мүшелері де облысқа қарасты аудан-қала тұрғындарымен жүзбе-жүз кездесіп, бүгінгі күні түсіндіру әрі насихаттау жұмыстарын жүйелі түрде жүргізіп келеді.