Home Қоғам ТҮРКІСТАН: ТІЛ ТҰҒЫРЫ ЖӘНЕ КІТАПХАНА ІСІ: МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ МӘНІ НЕДЕ

ТҮРКІСТАН: ТІЛ ТҰҒЫРЫ ЖӘНЕ КІТАПХАНА ІСІ: МЕМЛЕКЕТТІК САЯСАТТЫҢ МӘНІ НЕДЕ

Тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді. Бұл – біз үшін мызғымас ұстаным.

 Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Президент елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқанын айтты.

 «Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 «Президенттің «Біз нақты іске көшетін уақытқа жеттік” деген сөзін құптағым келеді. Нақты іске көшу деген не? Меніңше, Президенттің «тілімізді қолдау аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала береді» деген сөзі нақты іске қарай көшті дегенді білдіреді. Соңғы жылдары қазақ тілінің қолдану аясының күн санап кеңейіп, сұраныстың артуын барлық көзі қарақты адам, зиялы қауым көріп отырғаны шындық. Бұл бұдан кейін де жалғаса беретіні сөзсіз. Осы шындықтың кейде ұлттың санының немесе қоғамдағы үлесінің кеңеюуіне байланысты табиғи түрде өздігінен жүзеге асуы бар. Оның жүзеге асуын жылдамдату үшін мемлекет тарапынан қолдау керек, себебі екі нәрсені біріктіргенде ғана біздің мемлекеттік тілдің, яғни қазақ тілінің қолданыс аясы, жалпы оның түрлі бағыттарын (ғылыми бағыт, бизнес тілі болу) әлдеқайда үдетуге болады деп есептеймін»,-деді Ермұхамет Маралбек.

Алқалы жиында Мемлекет басшысы қазір ірі кітап дүкендерінде қазақ тіліндегі туындылардың үлесі арта түскенін атап өтті.

«Соңғы кезде баспагерлердің жаңа буыны әлемдік бестселлерге айналған шығармаларды аударып жүр. Көптеген кітаптарды шығарып жатыр. Аударылған кітаптардың ішінде көркем әдебиет қана емес, іскерлік бағыттағы туындылар да көп. Мемлекеттік саясаттың мәні – осында. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті өмірдегі қажеттілікті арттыру арқылы тіліміздің тұғырын нығайта береміз. Мемлекеттік тілге қатысты құр сөзден ештеңе шықпайды. Ең бастысы, нақты іс болуы керек»-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

PhD докторы Ермұхамет Маралбек те қазақ тілін күштеудің, оны қақтығыс алаңына, түрлі мүдделер қақтығысына, саясатқа айналдырудың қажеті жоқ деген пікірде. Оның айтуынша, қазақ тіліне шын жаны ашитын, мәртебесінің жоғары болуын көздейтін адам оған еңбек етеді, оның әлеуеті мен функциясын арттырады.

«Қанша жерден заң қабылдасақ та, қазақ тілінің өзінің функциясы кеңеймеген және оның қоғамда атқаратын қызметі өз деңгейінде болмаған жағдайда бізге оң нәтиже бермейді. Сондықтан Президенттің ағартушылық бағыт деп отырғаны өте орынды. Ағартушылық бағыт деген тәрбие және гуманизммен байланысты. Бұл адамдар арасындағы береке-бірлікті, ынтымақты сақтау. Міне, Президент осыны көріп отыр. Енді осы бағыт арқылы дамысақ, қазақ тілінің болашағы жарқын болатыны сөзсіз»-дейді А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты Ахметтану бөлімінің меңгерушісі.

 Ғалымның сөзінше, философия ғылымы қоғамда, табиғатта, болмыста болып жатқан көптеген түйткілдердің шешімін табуға ықпал етеді, сондай-ақ тілдік мәселелерді шешуге де дұрыс жол көрсетеді.

 «Біз дұрыс дүние ұсынбай, қазақ тілінің функционалды тіл ретінде қалыптастырып алмай, оны тоқпақтап, мәжбүрлеп қолданысқа енгізе алмаймыз. Ол ешқашан жақсы нәтиже бермейді. Егер біз тілді жақсы қалыптастырып, оны дамытып, байытып, оның басқа тілдерден артықшылығын әлдеқайда көтеріп, қолданысқа енгізсек, тіліміз, өзіміз, болашағымыз, мемлекетіміз үшін де оның нәтижесі жақсы болатын еді. Президент осы мәселе туралы айтып отыр. Сондықтан оны мәжбүрлеу емес, күнделікті өмірдегі қажеттілігін арттыру деп отырғаны осы. Мен мұны ерекше жылы қабылдадым»,-деді Ермұхамет Маралбек.

Ұлтты ұйыстырған Құрылтайда Президент халықаралық «Қазақ тілі қоғамына» ерекше тоқталды. Жиында Мемлекет басшысы қазақ тілін дамытамыз десек, қазіргі заманғы әдіс-тәсілдерді барынша тиімді пайдаланған дұрыс екенін баса айтты.

«Тек ақпараттық технологияның пайдалы жағын алып, зиянды жағынан сақ болған жөн. Ашығын айтсақ, интернетті талғамсыз пайдалану бала тәрбиесіне теріс ықпал етіп жатыр. Бұл – өкінішке қарай, ақиқат. Балалар түгілі, ата-аналар да әлеуметтік желідегі мағынасыз контентке тым әуес»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тіл маманы Ермұхамет Маралбектің сөзінше, қазақ тілін дамытудың жаңа технологиялары мен жаңа әдістемелерін қолға алу үшін креативті ойы бар, көзі ашық, көкірегі ояу жастар, тәжірбиелі мамандар және соны тыңдай алатын адамдар керек. Сонда ғана қазақ тілінің көсегесі көгереді. Сонымен қатар, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтіп, сөйлеу деңгейіндегі тіл ғана етіп қоймай, оны ғылым тіліне айналдыру мәселесін бірінші орынға қою керек.

«Бізде тарихи терминология сияқты көптеген өзекті мәселелер бар. Тарихи тамырды қалпына келтіру, болашақты болжау арқылы бәрін біріктіре отырып, кез келген сұрақтың шешуін ғылыми деңгейде беру арқылы қазақ тілінің функционалды әлеуетін әлдеқайда жоғары деңгейге көтере аламыз. Президенттің жаңа әдіс-тәсіл дегеніне мен айрықша акцент жасағым келеді. Бұрынғы әлемдік державалар сияқты немесе бір әлемдік рухани қозғалыс сияқты біз қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту жолынан қашуымыз керек. Себебі ол баяғы ескірген әдіс. Ол баяғы қоғамның форматында жасалған дүние. Қазір ХХІ ғасыр, бұл интелектуалды қоғам. Сондықтан соған сай әдіс-тәсілдер болу керек. Міне, Президент осыны айтып отыр. Өте дұрыс бастама деп ойлаймын. Жалпы біз Қазақстанның қазіргі жағдайына, ахуалына, ұлттық деңгейімізге сәйкес, мемлекеттік тілді жаңа әдістермен жаңа форматпен дамытуымыз керек. Ол үшін әрине нақты сөзден іске көшуіміз керек»,-деді PhD докторы.

Ермұхамет Маралбек мемлекеттік тілдің қолданыс аясын немесе ғылыми әлеуетін көтеру туралы өз ұсынысын білдірді. Ғалымның ойынша, қоғам немесе жеке бастамалар қазақ тілінің мәселесін толық шеше алмайды. Қазақ тілінің мәселесін толық шешу үшін мемлекеттік тілді дамытудың ұлттық жоспары керек.

«Қазақстандағы қазақ тілінің ахуалы қандай, бізге не жетпейді, болашақта қазақ тілін қалай елестетеміз, келешекте қазақ тіліне деген сұраныс қалай болады, соны көре алатын, анықтай алатын, идеясы бар жас мамандардан, үлкен ғалымдардан шоғырланған қоғам өкілдерінің басынан пісіп шыққан ұлттық жоспар керек. Ұлттық жоспар қоғам, әкімдік, облыс және мемлекеттік деңгейдегі бұлтартпас құжатымыз бен негізгі міндетіміз болуы тиіс. Сонда қазақ тілінің болашағын әлдеқайда жарқын ете алар едік. Қазақ тілінің мәртебесін алаңға шығып, өзгелерге реніш артып шеше алмаймыз. Президент айтқандай, нақты іске көшетін уақыт келді»,-деді Ермұхамет Маралбек.

Ұлттық құрылтайда Президент сонымен қатар кітапхана ісін өркендетуге бей-жай қарауға болмайтынын атап өтіп, көп ұзамай Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар бой көтеретінін жеткізді.

«Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр. Кітапхана – мемлекеттің, ұлттың негізгі жады. Еліміз үшін құнды тарихи деректер мен материалдардың дені кітапханада сақталады. Сондықтан кітапхана ісін дамытуға бей-жай қарауға болмайды. Кітап оқырманға қолжетімді болуы керек»,-деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Алматыдағы И.Крылов атындағы балалар кітапханасының жетекшісі Бақыт Беделханның сөзінше, кітапхана – құтхана. Ақын сол құтхананы құтайту туралы өз ұсынысын білдірді.

«Ұлттық құрылтайда Президент өте дұрыс бастама көтеріп отыр. Алматы мен Астанадағы оқырман мәселесіне мән беру және кітапхананы құтханаға айналдыру – өте орынды және кезек күттірмейтін дүние. Бұл Алматы мен Астанаға ғана емес, барлық облыс орталықтарына осындай дүние болуы керек. Айта кетерлік, Алматыда 27-28 кітапхана бар. Оның өзі ұлттық идеологиялық негізде емес. Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен С.Бегалин атындағы қалалық балалар кітапханасынан басқа не бар? Ұлттық кітапханамыздың өзінің аты жоқ, заты жоқ. Бұдан басқа қалада кітапханалардың көбінің де аты жоқ, тек нөмірмен белгіленген. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Кітапхана – ұлттық идеологияның негізі. Сондықтан әрқайсысына ақын-жазушылардың атын беріп, идеал тұлғаға айналдыруымыз керек»,-деді Бақыт Беделхан.

Ақын, драматург Президентіміз көтеріп отырған үлкен мәселені идеологияға айналдыру үшін әр кітапхананың аты идеал болатын тұлғаның есімімен аталуы тиіс деп санайды.

Ақынның пікірінше, мектептерді газет-журналға жаздыру және кітапханаға тарту мәселесін күн тәртібіне қойып, оған үлкен талап қою керек.

«Газет, журналға жазуды, кітапханаға баруды міндеттемеу керек» деген нәрселер болды. Меніңше, міндеттеген дұрыс. Бауыржан Момышұлы атамыздың «Тәртіпке бағынған ел құл болмайды» деген сөзі бар. Басқа дүниеге талапты қатайту керек емес шығар, бірақ негізгі ұлттық руханиятқа, әсіресе кітап мәселесіне тәртіпті күшейту керек. Сол кезде ғана ұрпақ түзеледі, идеологиялық жүйе негіз болады. Осы мәселеге үлкен деңгейде мән беру керек»,-деді Бақыт Беделхан. 

Ұлттық құрылтайда саланы жетілдіру үшін басқа да ауқымды шаралар қолға алынатыны айтылды. Алматыда кейбір кітапханалар заман талабына сай жаңғыртылды. Онда жастардың шығармашылықпен айналысып, білімін ұштауына толық мүмкіндік бар. Облыс әкімдері осы жақсы тәжірибені жалғастыруы керек. Мемлекет басшысы Құрылтай мүшелерінің Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ұсынысын қолдайтынын жеткізді. Президенттің айтуынша, шын мәнінде, озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек.