Home Қоғам ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРАЛЫҚТАР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

ШАҒАЛАЛЫ ШАРДАРАЛЫҚТАР ЖЫЛДЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАДЫ

Шағалалы Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайұлы аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында жұртшылықпен жүздесіп, өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін қорытындылады. Есепті кездесуге Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков, аудан зиялылары мен жергілікті тұрғындар қатысты. Алдымен тұрғындарға арнайы дайындалған 15 минуттық бейнеролик көрсетілді. Сонан соң жиынды жүргізіп отырған аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Шомпиев алғашқы сөзді аудан басшысына берді.
Аудан басшысы слайдтар арқылы өткен жылы ауданда ауыл шаруашылығы, құрылыс, әлеуметтік, спорт, білім, кәсіпкерлік салаларында қол жеткізілген жетістіктер мен қолбайлау болған мәселелерді айтып, үстіміздегі жылы атқарылар жұмыстардың жоспарларымен таныстырды. Аудан басшысының мәліметінше өткен жылы шағалалы ауданда атқарылған тірліктер көп, барлық салада ілгерілеушілік бар.
Нақтырақ айтар болсақ, негізгі капиталған тартылған инвестиция көлемі өткен жылы 18 556,5 млн теңгені құраса, мемлекеттік индустриялды-инновациялық даму бағдарламасы аясында Алатау батыр ауылдық округінен құны 5 475 млн теңгені құрайтын Қазақ-Сингапур бірлескен «International company of Cotton» ЖШС-ның мақта өңдеу зауыты іске қосылған. Бүгінде жылына 30 мың тонна мақта шикізатын өңдеуге қауқарлы зауытта 250 адам жұмыспен қамтылған.
Сонымен қатар, аграрлы аймақта өткен жылы 32 млрд 104,3 млн теңгенің ауылшарушылығы өнімдері өндіріліп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 106,1 пайызға артқан. 2019 жылы 94,5 га жердеп 2 рет өнім алынса, биыл бұл көрсеткішті еселеу жоспарланып отыр.
Аудан басшысының сөзінше ауданда ауылшаруашылығы саласында жаңа технологияларды қолдана отырып, халықты жұмыспен қамту мақсатында жалпы құны 1 млрд 292 миллион теңгені құрайтын 29 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Аталмыш жобалар іске асса қосымша 187 жұмыс орыны ашылмақ. Жүзеге асырылатын жобалардың біреуі түйе шаруашылығын дамыту болса, 2 жоба құс немесе күрке тауық етін өндіруге, 16 жоба мал бордақылау алаңдарын ұйымдастыру және мал басын көбейтуге, 2 жоба қайта өңдеу кәсіпорындары мен цехтарын ашу, 5 жоба балық шаруашылығын дамытуға, 2 жоба тамшылатып суару әдісін қолдана отырып, бақша, мақта, пияз дақылдарын отырғызу және жылына екі рет өнім алуға бағытталса, 1 жоба қарқынды алма бағын отырғызуға арналған.
Қайрат Жолдыбайұлының жұмысына жақсы баға берген тұрғындар газдандыру, мөлтек аудандардағы канализация жүйелерінің құрылысы, ауыз су сапасын арттыру, қала көшелерін жарықтандыру, шетелдік автокөліктерді заңдастыру, егістік алқаптардағы қашыртқыларды тазалау мен қалаішілік қоғамдық көліктердің қатынауын қалпына келтіру сынды мәселелерді көтеріп, ұсыныстарын айтты. Көтерілген әрбір мәселе хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыстар жүргізілетін болды.
Жиынды қорытындылаған Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Әуелхан Тұрғымбеков тұрғындарды аудан әкімімен бірлесе отырып ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуын арттыруға жұмыс жасай беруге шақырды.