Home Қоғам Қожа Ахмет Ясауиден ілім алған шәкірттерін білеміз бе?

Қожа Ахмет Ясауиден ілім алған шәкірттерін білеміз бе?

Н.Ахметжанов: Ясауи әлеміне қатысты тұлғаларды дәл қазір кеңінен насихаттап, тарихын түгендемесек, келешекте ұмыт қалуы мүмкін

“Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі ұйымдастырған “Ясауи ізімен” ғылыми-танымдық экспедициясы келесі бағытын әйгілі Қожа Ахмет Ясауидің ұстазы мен шәкірттеріне арнады.

-“Бүгінгі сапарымызды қасиетті Отырар жеріндегі Арыстан баб кесенесінен бастадық. Бұл жерде Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың сүйікті ұстазы, аңыз-әңгімелер бойынша Мұхаммед (с.ғ.с.) Пайғамбардың аманатын жеткізген Арыстан баба жатыр. Баба басына құран бағыштап, тарихи деректерімен танысып шықтық. Аңыздарға сүйенсек, Ахмет Ясауи бабамыздың 99 мың шәкірті болғандығы айтылады. Шәкірттердің көпшілігі діни ілім тарату мақсатында жан-жаққа жіберілсе, оның ішінде бірқатары алыс-жақын өңірлерде жатыр. Тарихи Отырар, Түркістан қалаларының өзінде Ясауидің шәкірті болған белгілі тұлғалар жерленген. Біздің мақсат – тарихи деректер мен аңыз-әңгімелерді негізге ала отырып, Ясауидің әлеміне қатысы бар тұлғаларды, қасиетті жерлерді көпшілікке таныстыру, Ясауидің ізін жаңғырту. Ясауи әлеміне қатысты тұлғаларды дәл қазір кеңінен насихаттап, тарихын түгендемесек, келешекте ұмыт қалуы мүмкін “,- деді “Әзірет Сұлтан” мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Экспедиция мүшелері Арыстанбаб кесенесі мен Отырартөбе қалашығының арасында, тас жолдың күншығыс жиегіне орналасқан Сопы Данышпанның қабіржайына барды. Деректерге сүйенсек, Суфи Мұхаммед Данышманд деп аталатын тұлға Қожа Ахмет Ясауидің белгілі шәкірттерінің бірі әрі ағасының баласы делінеді.

Мәселен, Сафи ад-дин Орын Қойлақының «Насаб-нама» атты  шежіресінде: «… Суфи Мухаммед Данышманд Қожа Ахмад Ясауиның хизматларында 40 йыл хилуат қылды. Андан кейін шайх Ахмед бабам Суфи Мухаммад Данышманд атама ижазат берді: «Барғыл, Отрарда суфра туткил»,  – деп айтады. Суфи Мухаммед Данышманд Отрарда 40 йыл суфра тутди», менің ұлы бабам Әзірет Сұлтан інісі менің атам Данышпан Қожаға: – Әй, Данышпан 40 жыл менің дәрет суымды жылытып, менімен бірге қартаятын болдың ғой. Сен Отырарға барып өз мектебіңді аш, суфра тұт деді, сөйтіп 300 қызыл алтынға жер сатып әперді делінген.

“ХІІ ғасырдың аяғында Сопы Данышпан Отырар қаласында сопылардың көшбасшысы болған. Моңғол әскері келгенде ол өзі туған қаласына арашашы болып, өз еркімен қақпа есігін ашуға көндіріп, тұрғындарын аман алып қалған. Шыңғыс хан Құтты балық қаласы атап Данышпанға Зернуқи есімін қосқан. «Насаб-нама» нұсқаларында Сопы Данышпанның 93 жыл өмір сүргені жазылады”,-дейді З.Жандарбек те өз еңбегінде.

Аңыз-әңгімелерде Садыр Шайықтың ұлы Данышпан кереметімен дінге сенбейтін кәпірлермен соғысқа Маңғыстауға тауға мініп барған. Қазір ол жердегі тау Данышпан тауы деп аталады делінеді.

Сопы Данышпан соңына Қожа Ахмет Ясауидің айтқандарын жинақтап қағазға түсіріп, «Көңілдің айнасы» (мират-ул кулуб) атты рисала қалдырған. Осы еңбектің бір нұсқасы Швецияның Упсала қаласындағы университет кітапханасының ескі жазбалар қорында сақталуы тұр. Ол Түркияда қазіргі қазақ тіліне аударылып басылған.

Ясауи шәкірттеріне арналған сапар Қожа Ахмет Ясауидің жиені әрі замандасы, шәкірті болған Жүсіп ата кесенесінде жалғасты. Оның кесенесі Түркістан қаласынан 25 шақырым жердегі Ескі Иқан елдімекенінде орналасқан. Жергілікті маңызы бар ескерткішке 2005 жылы археологиялық зерттеулер жүргізіліп, құрылыстың іргесі ХV ғасырда қаланғандығы анықталған. Өзі өмір сүрген кезеңде Иқан жеріне әрі басшы, әрі дін таратушы қызметін атқарған Жүсіп ата жайлы көптеген тың деректер шыға бастағаны мәлім. Осы бағытта ауылдың шежіреші қарияларымен де тілдескен қорық-музей басшылығы халықтың қолында сақтаулы тұрған тарихи жәдігерлерді тереңірек зерттеу мәселесі бойынша пікір алмасты.

Сапар барысында Қожа Ахмет Ясауидің шәкірті әрі замандасы Имам Марқозы кесенесі де назардан тыс қалмады.

Кесене Түркістаннан 7 шақырым қашықтықта Шобанақ ауылының оңтүстігіндегі биіктеу төбеде, ескі қорымда орналасқан. Қорымды жергілікті халық «Көктонды ата әулие қорымы» деп атайды. Орта Азия мен Қазақстанның оңтүстік аймақтарына тән, сәулеттік шешіммен тұрғызылып,
күмбезделген және мұнаралы.

Кесененің жалпы көлемі 10 х 12 метр. Кірер есігі алдында оң мен солға жүретін бір метрлік кіші дәліз бар. Оң дәлізбен жүріп айналмалы баспалдақ арқылы төбеге шығады, сол қанаттағы дәліз арқылы 4 х 3 метрлік бөлмеге, одан 6 х 3 метрлік шілдехана бөлмесіне өтеді. Бөлменің ортасына 1 метрлік темір торлы терезе қойылған. Терезе арқылы Имам Марқозының қабірі қойылған қабірхана бөлмесін көруге болады.
Көктонды атаның шын есімі туралы ел ішінде екі түрлі пікір бар. Бірі – Имам Марқозы (Марғұзи, Мерғазы, Мәруази). Екіншісі – Баба Машин. Ол ел аузындағы аңыз-әпсаналарға қарағанда Қожа Ахмет Ясауи заманында өмір сүріп, ол кісінің зікіршісі болыпты әрі осы өңірге Ислам дінін насихаттап, ел ішінде емшілікпен айналысқан таза жан болған деседі. Аяғына кебіс, үстіне үнемі көк тон киіп жүруіне байланысты Көктонды ата атанып кеткен екен. Аңыздарға сүйенсек, Көк тоңды ата Ахмет Ясауиге сұхбат құру үшін іздеп барады екен. Жәй бармай, бүкіл өзінде бар кітаптарын арқалап барады. Ахмет Ясауи кітаптарын көріп отырып, барлығын су толтырылған хаузға салып жібереді. Бұған таң қалған Көк шапанды әулие ұстазына қарап кітаптарды неге суға тастадыңыз, жарамсыз болатын болды ғой — деп сұрағанда ұстазы жәймен хауздан кітаптарды ала бастап: «Кітап — білім бұлағы» мен тек оның шаңдарын ғана қағып жатырмын”,- деп құрғақ кітаптарды алғанда Көк шапанды әулие бұл кереметке таң қалған екен. Бүгінгі күні көкжөтел ауруына шалдыққан адамдар осы Көк шапанды әулиенің мазарының топырағымен емделуге болады деген сенімде. Ахмет Ясауи өлерінің алдында өзінің жаназасын шығаруды осы Көк шапанды әулиеге тапсырған деген аңыздар да бар.

Сонымен қатар, Қожа Ахмет Ясауидің он екі шәкірттерінің бірі, сайыскер, құс салатын сегіз қырлы бір сырлы Құсшы ата да Ислам дінін жергілікті тұрғындар арасында таратуға үлкен үлес қосқан. Ол Кентау мен Түркістан арасындағы жол бойында орналасқан Құсшы ата мазарында жерленген.

Қожа Ахмет Ясауидің келесі шәкірттерінің бірі Сүлеймен Уәли де Қарашық өзенінің бойында орналасқан көне қорымда жерленген. Көзі тірісінде діни ілімімен қатар әулиелік кереметтерге де ие болған Сүлеймен Уәлидің қабіріне жергілікті халық кішкене кесене орнатқан. Ал, Сүлеймен Уәлидің жанына жерленген тағы да бір қабір кімге тиесілі екені белгісіз.