Home Қоғам МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТТІҢ АЙНАСЫ

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІ – САПАЛЫ ҚЫЗМЕТТІҢ АЙНАСЫ

Мемлекеттік қызметшілер күніне орай, бүгін Арыс қаласының әкімдігінде салтанатты шара өтті. Қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев және әкімдік қызметкерлері қатысқан жиында бірқатар мақтаулы мамандар алғыс алып, құрметке бөленді.
«23 маусым – мемлекеттік қызметшілер мерекесі ретінде атап өтілуі, бір жағынан халықтың бізге сенім артып қолдауының айғағы болса, екінші жағынан алға қойған мақсат-міндеттерді іске асыруда қосымша жауапкершілік артырады», – деді құттықтау сәтінде сөз алған қала әкімі Гүлжан Құрманбекова.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметтің беделі мен мәртебесі осы салада қызмет еткен азаматтарға тікелей байланысты. Өйткені, аса жауапты істің артында мемлекеттік органдардың абыройы, халықтың сенімі мен үміті, ел алдындағы азаматтық парызы таразыға түседі.
Сондықтан да, озық мемлекеттік қызметтің қазақстандық үлгісін құрумен қатар, елімізде заң үстемдігі мен жемқорлықпен күрес мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып қала береді.
«Бүгінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға баса мән берілуде. Халыққа қызмет көрсету сапасын жақсарту да күн тәртібінде. Демек, мемлекеттік қызметші дегеніміз – мемлекет ұсынатын қызмет пен оның сапасының нәтижесі», – деді әкім.
Сондай-ақ, өзінің құттықтау сөзінде мәслихат хатшысы Амантай Байтанаев мемлекеттік қызметшілердің елдің өркендеуіне бар күш-жігерін жұмсап, аса жауапты жұмысты абыроймен атқарып, халық сеніміне ие болу керектігін атап өтті.
«Біз, барлық салада алдыңғы қатарда болып, халыққа үлгі бола білуіміз қажет. Қаламыздың әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы көп жағдайда сіздердің ақ адал еңбектеріңізбен тікелей байланысты», – деді ол.