Home Қоғам ЭПИДАХУАЛ: ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА

ЭПИДАХУАЛ: ЖАҒДАЙ БАҚЫЛАУДА


Жыл басынан бері Арыс қаласында COVID-19 белгілері бар пневмониямен 67 науқас тіркеліп, 53 науқас сауығып шықты. Бір науқас қайтыс болды.
Бұл туралы биылғы жылдың 6 айында атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша есеп берген Арыс қаласының әкімі мәлімдеді. Гүлжан Құрманбекованың айтуынша, қазір 13 адам Арыс қаласындағы инфекциялық госитальде стационарлық ем алуда. Олармен жақын қарым-қатынаста болған 218 адамның 193-сі 14 күндік медициналық бақылаудан соң үйлеріне қайтарылған.
«Бүгінге дейін Арыста коронавирустық инфекция жұқтырған 163 жағдай тіркелді. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар саны – 33. Симптомдарымен – 67 (41%) жағдай, симптомдарсыз – 96 (59%) жағдай тіркелген. 100 мың халыққа шаққандағы көрсеткіш – 224,3 құрады» -деді Гүлжан Мамытқызы.
Науқастардың 125-і сауығып шықса, көрер жарығы таусылған 2 науқас қайтыс болды. Қалған 36 науқастың 24-і симптомдарының болмауына (немесе жеңіл симптомды болуына) байланысты үжағдайында оқшаулауында. Ал 12 науқас Арыс пен Шымкент қаласындағы инфекциялық госитальда стационарлық ем алуда.
Жалпы тіркелген 163 науқаспен жақын қарым қатынаста болған 508 адам анықталып, медициналық бақылауға алынған. Ал 14 күндік медициналық бақылаудан шыққандардың саны – 418.
«Қазіргі таңда төсек-орын, дәрі-дәрмек жеткілікті деңгейде. Науқастарға қажетті тыныс алу аппаратты, оттегі баллондары және медицина қызметкерлері жеке қорғаныш заттарымен толық қамтамасыз етілген. Өңірдегі эпидемиялық жағдай тұрақты әрі бақылауда» -деді қала әкімі.
Қазір Түркістан облысы жасыл аймақта. Бірақ соған қарамастан соңғы уақыттарда жағдай күрделене түсті. Осыған байланысты Арыс қаласында санитарлық талаптар мен шектеу шаралары күшейтілген.