Home Басты жаңалықтар «ӨҢІРДЕ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ ЖОСПАРЫ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛДЫ»

«ӨҢІРДЕ ӘСКЕРГЕ ШАҚЫРУ ЖОСПАРЫ АРТЫҒЫМЕН ОРЫНДАЛДЫ»

Қазақ халқы ежелден-ақ ер жігітті ел қорғаны, ұлт тірегі деп білген. Қазақы тәрбие бойынша көшпелі өмір салтында ер бала ат үстінде шынығып, жауынгерлік дағдыларды жақсы меңгеруі тиіс. Бүгінгі заманда осы дәстүрдің жалғасы әскери қызмет деп айтсақ артық емес. Олай дейтініміз, әскери борыш – әр азаматтың отан алдындағы парызы ғана емес, оның жеке тұлға ретінде шыңдалу жолы. Қазір Түркістан өңірінде көктемгі әскерге шақыру науқанына дайындық жүріп жатыр. Осы науқанға облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жасақталуда. Биыл Қарулы Күштер қатарын өңірдің қанша азаматтары толықтырады? Былтырғы көрсеткіш қандай? Азаматтарды әскерге шақыртуда жаңашылдық бар ма? Көкейіміздегі  сауалдарды Түркістан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары, подполковник Көлдербаев Жандос  Тынымбекұлына  қойған едік.

Жандос Тынымбекұлы, былтыр күзгі шақырылымда Түркістан облысының азаматтарының қаншасы әскери борышын өтеді? Жоспар толық орындалды ма?

– Әскерге шақыру жылына 2 рет жүзеге асырылады. Атап айтсақ,  сәуірден маусымға дейін және қазаннан желтоқсанға дейін.Облыста күзгі әскерге шақыру науқаны қолданыстағы заңға сәйкес ұйымдастырылып жүргізілді. Өткен жылдармен салыстырғанда әскерге шақыру кезінде қойылатын негізгі талаптарда өзгеріс болған жоқ. 2024 жылы Қарулы күштерге, басқа да әскерлер мен әскери құралымдарға бес мыңға жуық азамат мерзімді әскери қызметке шақырылды. Өңірде әскерге шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар бекіткен кестелерге сәйкес азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыруды ұйымдастырып жүргізуде. Жалпы, әскерге шақыру жоспары артығымен орындалды десек болады.

Биыл облыста қанша азаматтар мерзімді әскери қызметке шақырылады? Оның ішінде көктемгі шақырту кезеңде Қарулы Күштер қатарын қаншасы толықтырмақ?

– Иә, 1 наурыздан бастап облыс азаматтарын көктемгі мерзімді әскери қызметке шақыру науқаны басталады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдардың шақыру пункттерінде 14 аудандық  шақыру комиссияларының жұмысы ұйымдастырылады. Айта кетейік, алдағы уақытта әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарын аяқтаған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады. Жалпы биыл шамамен бес мыңнан аса азаматты мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарланып отыр. Көктемде 3 мыңға жуық ер азамат әскер қатарын толықтыратын болады. Соның ішінде қарулы күштерге – мыңнан аса адам, ұлттық ұланға – мыңға жуық, ҰҚК шекара қызметіне – төрт жүзге жуық, төтенше жағдайлар министрлігіне – 30, мемлекеттік күзет қызметіне 30-дан астам адам шақырылады.

Заң бойынша әскерге шақырудан босатылатын немесе әскери қызметті кейінге қалдыруға құқығы бар азаматтар туралы толығырақ түсіндіріп кетсеңіз…

– Алдымен Қазақстандағы әскери тәртіп бірнеше бағыттарға бөлінетінін атап өтейік: мерзімді әскери қызмет (18-27 ер адамдар үшін 12 ай мерзімге), запастағы офицерлер қызметі (29 жасқа дейінгі жігіттер мен отыз екі жасқа дейінгі медициналық қызметтің запастағы офицерлері үшін 24 ай мерзімге), келісімшарт бойынша әскери қызмет (келісімшартта көрсетілген мерзімге сәйкес), әскери жиындар (әскери міндеттілер үшін 2 аптадан үш айға дейінгі мерзімде). Қазіргі уақытта мерзімді әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және одан босату «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңның 35 және 36-баптарына сәйкес жүзеге асады. Бұл қызмет электрондық үкімет порталы арқылы көрсетіледі. Заңның 35-бабына сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыруға:

отбасы жағдайы бойынша;

білімін жалғастыру үшін;

денсаулығы бойынша;

кәсіптік қызметін жүзеге асыратын педогогтерге;

ауылдық жерлерде тұрақты жұмыс істейтін дәрігерлерге;

Қазақстан Республикасы Парламентінің немесе жергілікті өкілді органдардың депутаттарына;

қылмыстық істері қаралып жатқан адамдарға;

азаматтық әуе және су кемелері экипажының мүшелеріне, азаматтық авиация инженерлеріне, механиктеріне және техниктеріне;

құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында алғашқы кәсіптік даярлықтан өтіп жатқан адамдарға беріледі.

Ал заңның 36-бабына сәйкес әскери қызметке шақырудан:

денсаулық жағдайы бойынша әскери қызметке жарамсыз деп танылған;

жиырма жеті жасқа толған, заңды негіздер бойынша мерзімді әскери қызметке шақырылмаған;

туыстарының бірі (әкесі, анасы, аға-інілері немесе апа-сіңлілері) әскери қызмет өткеру кезеңінде қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан, қайтыс болған немесе бірінші немесе екінші топтағы мүгедек болып қалған;

басқа мемлекетте әскери (баламалы) қызмет өткерген;

ҚР арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткергендер;

ғылыми дәрежесі бар азаматтар;

тіркелген діни бірлестіктердің дін қызметкерлері босатылады.  Сондай-ақ соттылығы бар азаматтар бейбіт уақытта әскери қызметке шақырылуға жатпайды.

Жандос мырза, қазіргі таңда әлеуметтік желіде әскердегі әлімжеттік хақында бейнежазбалар мен жағымсыз жаңалықтар желдей есіп жүр. Халықтың арасында наразылық көбейгенін де байқаймыз. Осындай олқылықтарды болдырмау үшін министрлік қандай міндеттерді қолға алды?

– Иә, қорғаныс министрлігі бірқатар бірегей жобаларды іске асырып жатыр. Соның ішінде мерзімді қызметтер әскери қызметшілерге кредиттік каникулдар беру жөніндегі іс-шараларды іске асыру аяқталды.  Бұдан бөлек министрлік азаматтардың мерзімді әскери қызметін өтеуге ынтасын арттыру мақсатында жаңа жоба ұсынып отыр. Тегін грант пен жеңілдік – әскерге барудан жалтаратын жастарды азайту мақсатында қолға алынған жоба. Соңғы жылдары әскери бөлімдерде болып жатқан жағымсыз жағдайлар оның беделіне салқынын тигізбей қоймады. «Борышын өтемеу бөріктіге сын» демекші, ел қорғау – ерлерге парыз. Тың жобаның жаңалығы – тегін оқу грантын беруде. Тарқатып айтар болсақ, мерзімді әскери қызметін өтеген барлық азаматтарға ұлттық бірыңғай тестлеуді есепке алмай, әскери борышын өтеген соң екі жыл ішінде жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік беріледі.

Бұл жоба 2023 жылдан басталды. Күнтізбе бойынша күзде әскерден келген сарбаздардың оқуға түсуге мүмкіндігі бар. Сонымен қатар, бұрынғы әскери қызметшілер жоғары оқу орындарының әскери кафедрасында тегін оқи алады. Жаңа жобаны ғылым және жоғары білім министрлігі де қолдады. Сондай-ақ, министрлік сарбаздардың  қауіпсіздігі мәселесін де қолға алмақшы. Мәселен аға офицерлердің жауапкершілігін арттырып, ата-аналар комитетімен тығыз байланыс орнату жоспарда бар. Психологтар да жауынгерлермен жиірек кездесіп, моральдік қолдау көрсетпек. Бұдан бөлек әскери борышын өтеген «Кадет» сыныбын бітірген түлектер университетке  грант алу үшін 5 пайыздық квота бөлінді. Әскерден жалтарған жастарды борышын өтеуге ынталандыру ауадай қажет. Бұл туралы өңірде өтетін жасөспірімдермен кездесулерде де үнемі айтып жүреміз. Себебі, әскерге барған бала – кем дегенде түйме тігуді үйренеді. Ата-ананың қадіріне жетіп, қатал тәртіпті ұстануға да әскери қызметтің әсері бар. Статистика бойынша  әскерге барған балалардың аса ауыр қылмыстарға бармайтыны белгілі болған. Мәселен, әскерге барған және бармаған азаматтарға талдау жасағанда борышын өтемегендердің түрлі қылмысқа баратыны анықталған. Сол себепті де мерзімді борышын абыроймен өтеген азаматтарға басымдық беру заңдылық та шығар. Десе де, әскерден жалтару абырой емес екенін ұмытпаған абзал. Бұл бағытта жұмыстар жалғасуда.

– Әскери қызметтің беделін арттыру бойынша облыс көлемінде кешенді іс-шаралар өтіп жатқанын байқап жүрміз. Осы жұмыстар туралы аз-кем айтып берсеңіз…

– Өңірдегі жасөспірімдердің бойында ұлттық рух пен патриоттық сезімді қалыптастыру бағытында қолға алынған жобалар баршылық. Жастарды әскерге тарту мақсатында республика көлемінде «Жас сарбаз» әскери-патриоттық қозғалысы бар. Сол қозғалыстың Түркістан облыстық филиалы  қарқынды жұмыстар жүргізуде. Бұл қозғалыс бүгінде өңірдегі 13 мыңға жуық жасты қамтып отыр. Бүгінде әр мектепте «Жас сарбаз» сыныбы ашылған. Солардың арасында әуелі мектепішілік жарыс, аудандық жарыстар өтіп, жеңімпаздар жылына бір рет өтетін «Айбын» облыстық әскери-патриоттық жиынына келеді. Облыстан үздік шыққандар респубилкалық «Айбын» әскери-патриоттық жиынына барады. 4 жыл қатарынан  біздің облыс аталмыш байқауда үздіктер қатарынан көрініп, мұнымен қоса жылына бір рет берілетін «Патриоттар мекені» атты суперкубокті жеңіп алды. Атап айтсақ, біздің жас өрендер 2021 жылы 3-орынды иеленсек, 2022 жылы 2-орынмен оралды. Былтыр да біздің өңірдің жас сарбаздары республика бойынша 2-орынды қанжығалап, үздіктер қатарынан көрінді. Айта кететін тағы бір жайт, әскери оқу орындарында оқитын біздің өңірдің балалары өте көп. Мәселен, әскери оқу орнында оқып жатқан өрендеріміз демалыс кезінде өздері білім алған мектебіне барып үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп тұрады. Жалпы айтсақ, қай жерде де біздің өңірден шыққан жігіттер биіктен көрініп келеді. Оны мақтанышпен айта аламыз. Өңірде әскери қызмет беделін арттыруды көздейтін жобалар көп. Атап айтсақ, бүгінде Бәйдібек ауданында әскерилендірген сарбаздар мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Әрине, айрықша білім ордасын салу қорғаныс министрлігіің ұйытқы болуы, білім министрлігінің  тапсырмасы бойынша облыс әкімдігінің қолдауымен іске асып жатыр. Бұл жоба бойынша аталмыш мектеп биылғы жылдың жаңа оқу маусымында балаларды қабылдауды бастайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар, әрбір аудандарда «смарт сарбаз» үйірмелері жұмыс жасайды. Жастарға әскери тәртіпті, робототехниканы, тактиканы және цифрлық технологияларды үйретуді мақсат ететін жекпе-жек әдістері, қару-жарақпен танысу, әскери мақсаттағы дрондар мен роботтарды құрастыру және басқару, цифрлық қауіпсіздік негіздерімен танысу секілді маңызды іс-шаралар тұрақты жүргізіліп келеді. Патриоттық тәрбиені арттыратын танымдық іс-шаралар да назардан тыс қалған емес. Дәлірек айтсақ, әскери-тарихи сабақтар, ардагерлермен кездесулер өңірде жиі өткізіліп тұрады. Мұның бәрі біздің жасөспірімдерге жақсы өнеге болады деген мақсатта жасалатын істер.Тағы бір мәселе –  жастардың барлығы қазір әлеуметтік желіні жақсы меңгерген. Біз оларды қалай тәрбиелейміз? Мысалы, біздің облыста 9 ғана Ұлы отан соғысының ардагері қалды. Биыл бұл соғыстың аяқталғанына 80 жыл толады. Осыған орай Астанада әскери парад өтеді. Шығыстың шынары Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы да кең көлемде атап өтілмек. Осы айтулы күндерге арнап біздің облыста батыр ардагерлердің қатысуымен ерлік сағаттарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде Ұлы отан соғысының және Ауған соғысының ардагерлерін қамтимыз.

Қазіргі таңда қызметтердің барлығы түсінікті және қолжетімді болуы шарт. Сіздерде қызмет түрі қалай, жаңашылдық  бар ма?

– Иә, бар. Президенттің тапсырмасына сәйкес әскери салада да цифрлық технологиялар енгізіліп жатыр. Биыл әскери міндеттілер мен әскерге шақырушылардың есебі цифрлық форматқа ауыстырылды. Биылғы жылдың 1 наурызынан бастап азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру және босату жөніндегі қызмет іске қосылады. Енді азаматтар әскери қызмет өткеру мәртебесі туралы мемлекеттік қызметті бір де бір құжатсыз ала алады.

Тұшымды сұхбатыңыз үшін рақмет! Жұмыстарыңыз алға бассын!

Сұхбаттасқан:

Дәурен ТІЛЕУХАН.