Home Қоғам “БІР ТАМШЫ СУ ТАПСАМ ДА ТҮРКІСТАНҒА ЖЕТКІЗГІМ КЕЛЕДІ”

“БІР ТАМШЫ СУ ТАПСАМ ДА ТҮРКІСТАНҒА ЖЕТКІЗГІМ КЕЛЕДІ”

Бір замандарда Ақ Орда ұлысының астанасы Сауран мен Қазақ елінің бас қаласы болған Түркістанның іргесінен дәл осылайша өзен ағып өтіпті. Бұл қала төңірегінің климатын жақсартып, көгалдандыру мен суландыру арқылы елордаларды мәуелі баққа айналдырыпты. Кейіннен су аңғарынан аунап кеткен соң қуаңшылық басталып, жазы +50 градус аптап ыстыққа ұласқан деседі. Енді Түркістанның аумағын табиғи, тарихи қалыпқа келтіру үшін суландыру жобалары басты орынға қойылып отыр. Дәл қазір шаһардың шығыс бетіне жүздеген гектарға жаңбырлатып суару техникалары орнатылды. Ал батыс бетінде (фотодағы) осылайша аңғар қазылып, Арыс-Түркістан каналының суы тасталуда. Сонымен бірге қала ішінде де шағын атыздар салынып, тал мен көгалды алқаптарды суаруға пайдалану көзделуде . Енді Кентау бағытындағы Қаратау етегінен ағып келетін шағын өзендерді бөгейтін тоған салынады. Ең бастысы Түркістаннан 30 шақырым қашықтықта жатқан Сырдария өзенінен арнайы канал тарту жобасы бар. Мұның барлығы таяу жылдарда толық іске асқанда жасыл баққа оранған керемет шаһарды көретін боламыз. Бұл “Бір тамшы су тапсам да Түркістанға жеткізгім келеді” деп, көне шаһарды шығыстың жауһарына айналдыру үшін жан-тәнімен еңбектеніп жатқан Өмірзақ Естайұлының арманы екенін осы қалада туғандар мен тұрғандар жанжүрегімен түсінері анық. “Балығы тайдай тулаған” өзені бар Түркістандағы таңғажайып саябақ таяуда ашылғанда ел ағылатын айрықша орынға айналғалы тұр.

Б.Тәжібаев