Home Қоғам АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛУҒА АРНАЛҒАН ОҚУ-ЖАТТЫҒУ ӨТТІ

Арыс қаласының темір жол аумағындағы М-79 тұйығында өртке қарсы тактикалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Оны қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың төтенше жағдайлардың алдын алу бағыты бойынша берілген хаттамалық тапсырмасын іске асыру аясында Арыс қалалық төтенше жағдайлар бөлімі ұйымдастырды.

Жүк пойызымен тез тұтанатын заттарды тасымалдауда қауіптің алдын алуға бағытталған іс шараға 119 адам қатысып, 11 бірлік техника жұмылдырылды.
Ал қала әкімінің кеңесшісі Гүлнәр Сапарымбеттің айтуынша, мұндай шаралар төтенше жағдай кезінде қызметкерлердің едел-жедел әрекет етіп, батыл шешім қабылдауына оң әсерін тигізеді.

«Арыс қаласы тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан әрі тұрғыны көп үлкен қала болғандықтан, сала мамандарының біліктілігін шыңдайтын мұндай оқу-жаттығу жиындарын жиі өткізіп тұруымыз керек. Нәтижесінде, апат бола қалған жағдайда тиісті қызметкерлеріміз кез-келген қауіптің алдын алуда еркін әрекет ететін болады», – дейді Гүлнәр Бертайқызы.

Айта кетейік, оқу-жаттығу жиынына «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ кәсіпорыны мен қалалық медициналық жедел жәрдем станциясы, санитарлық эпидемиялық қадағалау басқармасы сынды өзге де мүдделі мекемелер қатысты.