Home Uncategorized ТҮРКІСТАН: АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ – ӨҢІР ДАМУЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ САЛА

ТҮРКІСТАН: АУЫЛШАРУАШЫЛЫҒЫ – ӨҢІР ДАМУЫНДАҒЫ АУҚЫМДЫ САЛА

Ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндігі жоқ елдер шаруашылыққа қажетті техника шығарып жатыр. Олардың құрастырған техникалары біздің қажетімізге жарап жатыр. Президенттің бір тапсырмасы лизингке техника алу жолдарын ашу болатын.

Жеңілдетілген лизинг бағдарламасы бойынша шаруалар 40 млрд теңгеге 1053 комбайн мен трактор сатып алды. Сонымен қатар 2,8 мың мал азығын жинау техникасын сатып алуға 20 млрд теңге бөлінген.

Мал азығын жинау да үлкен шаруа. Бір қызығы бізден экспортталған арпа, бидай, сұлы, жүгері, өзімізге малға жем болып импортталады. Бұл біздің мал азығын әзірлеудегі потенциалымыздың төмендігін көрсетеді. Десе де жекелеген шаруалар әрекетсіз емес. Әркім өз бетінше техника құрастырып ең болмағанда шөп турайтын түрлерін ойлап тауып жатыр. Бұл да талпыныстың көрінісі.

«Кооперативтер егістіктен дүкен сөресіне дейін өнімді тікелей жеткізуші болады. Тиімсіз делдалдардан арыламыз», – делінген, Президенттің сайлауалды бағдарламасында. Ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру бойынша кең ауқымды жобалар іске асырылып жатыр.

Жоғарыда атап өткендей, кооператив төрағалары мен мүшелері арасында түсініспеушілік туындамаса екен. Кооператив атынан субсидияны алып, құрамындағы қожалықтарға бөліп бермейтіндер де бар. Соның салдарынан арагідік дау-дамай шығып жатады. Тура сол сияқты үлес бөлуде де күмәнді істер көп. Сондықтан кооператив, шаруа қожалықтарының төрағаларының жауапкершілігін арттыру керек.

Ешбір өндіріс көзі жоқ болса, ауыл шаруашылығымен айналыспағанда немен айналысасыз? Екі ешкінің өзі бір отбасын асырайды. Алайда, екі сиырдың өзін саумай, бұзауымен бос қоя беретіндер бар. Бір сүт пен еттің өзінен бірнеше өнім шығаруға болады. Ал, малды тек етке жарататын болсақ, өңдеу ісін қалай алға жылжытамыз? Ішкі нарықты өз өнімдерімізбен қамтамасыз етіп, артылғанын экспортқа шығару керек. Мұның бәрін үкімет жүйелеуі тиіс.

Министрліктің мәліметінше, елімізде 13 мыңнан аса су шаруашылығы нысаны бар. Оның 352 су қоймасы, қалғаны су тораптары, бөгеттері мен тоғандар. 6 629 нысан – республикалық, 6 007 – коммуналдық, 528 – нысан жекеменшікте болса, қалған тоғызы егесіз екен.

Негізінен су көздерін жекеменшікке беруден сақ болу керек. Өйткені, ауыл маңдарындағы өзен, көл, құдықтарды иеленіп алғандар жергілікті жұртшылықты тіршілік нәрінен қасақана тарықтырады. Мұндай жағдайда су ортақ қазына болғандықтан жекеменшікке берілген ортақ нысандарды мемлекет қарамағына қайтару қажет деп есептеймін. Айдың-күннің аманында суға талас болмау керек.

Оңтүстік облыстарда бос жатқан жер жетерлік. Себеп – топырақ тұзды не құмды. Жалағаштан бастап жер жалаңаштанып қалған. Күре жолдардың бойынан көлеңкелейтін тал таппайсың. Бәлкім, біздің ғалымдарға да сахараны көгертіп жатқан арабтар сияқты жаңа технологиялар ойлап тауып, жарамсыз жерлерді кәдеге жарататын әдістерді енгізетін кез келген шығар. Су жоқ деп ну ормансыз отыра берген жарамас. Ауыл шаруашылығы алқаптарында суды үнемдеу үшін жаппай тиімді технологияға көшіріледі. Ол үшін тамшылатып және жаңбырлатып суару жабдықтарына арналған шығындарды субсидиялау 50 пайыздан 80 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр. Тамшылатып және жаңбырлатып суғару арқылы 1,5 мың текше шақырымға дейін су үнемдеуге болады. Судың да сұрауы бар дегендей. Пайдаланылған судың ақысын төлеу керек. Бұл жүйеден егістіктер де шет қалмауы тиіс. Суға төлем бүкіл әлемде жасалады.

Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясында агроөнеркәсіп кешенін дамыту бойынша бір жыл ішінде көптеген жұмыс істелді. Басымдық берілген бағыттар қатарында: етті мал шаруашылығы, жеміс сақтау қоймаларын, жеміс-жидек бақтарын, жылыжай кешендерін, балық өсіру, жүн және теріні тереңдетіп өңдеу бар. Мемлекет басшысы қойған міндеттердің ішінде алдымен ішкі сұранысты қанағаттандырып, азық-түлік импортын азайтып, экспортын арттыру. Елімізде жыл сайын 24 млн гектар алқаптан орта есеппен 17-20 млн тоннаға дейін астық жиналады. Оның 7 млн тоннасы ішкі нарыққа, 10 млн-дай тоннасы экспортқа шығарылады. Өңірлерде астықты ірітіп-шірітпей сақтайтын қоймалар бой көтеріп келеді.

Түркістан облысында өңдеу өнеркәсібі бойынша жоспарланған 20 жобаның оны жүзеге асырылды. Ауылшаруашылығы тауарларының көлемі 1 трлн теңгеден асты. Биыл бұл салаға 88,5 млрд теңге инвестиция тартылған. Егістікті әртараптандыру жұмыстарының нәтижесінде 3,3 млн тонна көкөніс, бақша өнімдері жиналған. Отандық өнімдер шығаратын 22 кәсіпорын іске қосылып, төрт жүздей адам жұмыспен қамтылған.

Қазір ауыл шаруашылық құрылымдарының саны 250 мыңға да жетпейді. 17 облыста 23 тәжірибе станциясы өсімдік пен мал шаруашылығы бойынша ғылыми зерттеулер жүргізіп жатыр.

8 млн гектар пайдаланылмай жатқан жер мемлекетке қайтарылды. Әлі де малға жайылым, егінге алқап таппай жатқан ауылдар жетерлік. Жұртқа да қайтарылған жерлердің қай маңда екені қызық боп, кездесу сайын сұрайды. Мал баққанға да, егін салғанға да жер керек. Мемлекет басшысы бұл іске аса мән береді.

2023 жылы республикалық бюджеттен 17 мың шағын несие беру үшін 100 млрд теңге бөлінді. Соның арқасында ауылдық жерлерде 18 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Бүгінде Шығыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстарында қаражат толығымен игеріліп, басқа өңірлерде жұмыстар жалғасып жатыр.

Елдің су шаруашылығы жүйесін жаңғырту аясында 2025 жылға дейін Жамбыл, Қызылорда, Алматы, Ақмола және Батыс Қазақстан облыстарында сыйымдылығы 1 700 млн текше метр болатын жаңа 9, ал екінші кезеңде Ақтөбе, Қызылорда, Шығыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 705 млн текше метрден астам суға арналған 11 су қоймасы салынады.

Бұдан бөлек, суармалы алқаптардың жалпы көлемін 1,8 млн гектардан 2,5 млн гектарға дейін кеңейту көзделген. Қолда бар 15 су қоймасы мен 3,5 мың шақырым суару желілерін күрделі жөндеу, сондай-ақ 212 каналдың суды пайдалану мөлшерін есепке алу үшін цифрландыру жүйесіне көшірілмекші.

Цифрландыру ашықтыққа жол ашады. Цифрландыруға көшкен кәсіпорындардың басы дауға қалмайды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел игілігіне арналған бастамаларының жер-жерде жүзеге асырылуына атқарушы билік те, жергілікті халық та атсалысу керек. Қазақстанды өркендету әрбіріміздің азаматтық борышымыз. Қалалар салынбай тұрғанда қазақтың кең даласында ауылдар болды. Ауылдар – қазақтың қарашаңырағы. Адам еңбек етуге талаптану керек. Небір малға бай дәулетті адамдар ауылда тұрады. Түркістан облысында Қарабұлақ деген береке дарыған үлкен ауыл бар. Тәулік бойы сауда-саттық дамыл таппайды. Сол ауылда мал жаятын да, егін егетін де жер жоқ. Бірақ мал мен жеміс саудасымен екінің бірі айналысады. Титтей бақшасында жүзім де, жаңғақ та, қызанақ та, мал да өсіре береді. Еңбек деген осы емес пе? Бос жатқан жерлерді суландырып, егістікке жағдай жасалып жатқанда қарап қалмау керек. Жеті атасынан бері мал тауып келіп, енді жеті баласының біреуіне де мал бақтыра алмай жатқандар малшы жалдап жатыр. Керек десеңіз, малға сауатты қарай алатын қойшылар да тапшы. Ауылдан қашқан балалар қалада сабылып жүр.

Халық қалаулысы Абай хакім сипаттағандай, өзгені жамандап өзі жалқауланатын жұрт болмай, Мемлекет басшысы айтқандай ауылдарды оңалтып орнықтыратын ел болайық, дейді.