Home Uncategorized «БІЗ МӘСЕЛЕНІҢ ЗАҢДЫ ШЕШІЛУІНЕ МҮДДЕЛІМІЗ»

«БІЗ МӘСЕЛЕНІҢ ЗАҢДЫ ШЕШІЛУІНЕ МҮДДЕЛІМІЗ»


Парламент Мәжілісінің депутаты, Nur Otan партиясы фракциясының мүшесі, Дархан Мыңбай Түркістан облысы, Арыс қаласында болып, бірқатар нысандарды аралады. Сапар аясында қала әкімі Гүлжан Құрманбекова мен Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Рабиға Қуатбекова, облыстық мәдениет басқармасының басшысы Әзімхан Қойлыбаев, Арыс қалалық мәслихатының хатшысы Амантай Байтанаев пен қалалық мәслихат депутаттарының қатысуымен жиын өткізді.
Түске дейін қаладағы «Арыс минералды су» ЖШС-і, «Тең қоғам» әлеуметтік орталығы, Ардагерлер орталығы және қалалық дене шынықтыру-сауықтыру спорт кешенінде болып, спортшылармен кездескен депутат түстен кейін санитарлық талаптарды сақтай отырып ұйымдастырылған жиынға қатысты.
Шағын құрамда өткен басқосуда Дархан Қамзабекұлы қала мен ауыл тұрғындары арасында бұқаралық спортты дамытудың жай-күйін сөз етіп, спорттың ұлт саулығы бағытында келтірер пайдасына тоқталды.
Сонымен қатар, коронавриусқа қарсы екпе салу жұмыстары мен үкіметтік деңгейде жүргізіліп жатқан шараларға қолдау білдіру қажеттігін еске салды.
Басқосуда жергілікті деңгейдегі бірқатар өзекті мәселелер де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, мектеп пен спорт және ветеринария саласының бағыныстылық тұрғыда облысқа қарауы проблеманы шешуде едәуір қиындықтар туындап жатқаны туралы айтылды. Яғни, бұл бағыттағы құжаттамалық келісімдерге көп уақыт жұмсалуы, мәселені жедел шеше алмаудың негізгі себебіне айналып отыр.


Сол сияқты жиында жаңа оқу жылы қарсаңында көп балалы отбасыларға берілетін әлеуметтік көмектің киім-кешек түрінде емес, қаржылай берілу жайы да тақырыптан тыс қалмады.
«Біз осы күндері облыс арқылы жіберген хатқа жауапты Білім және ғылым министрлігінен күтіп отырмыз. Сол жақтан ресми түрде жауап алған соң әрекет ететін боламыз. Бұл мәселе бірқатар ата-аналар қауымының ұсынысы болғандықтан, оның заңды жолмен оңтайлы шешілуіне біз де мүдделіміз», – деді Г.Құрманбекова.
Сұрақ-жауап бөлімінде Арыс қалалық мәслихатының хатшысы Амантай Байтанаев «Алтын алқа» мен «Күміс алқаға» лайық аналардың құжаттын рәсімдеу процесін электронды үлгіде жедел іске қосу қажеттігін айтты.