Home Спорт ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТУРНИР ӨТТІ

ТҮРКІСТАН: ТӘУЕЛСІЗДІКТІҢ 30 ЖЫЛДЫҒЫНА ОРАЙ ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН ТУРНИР ӨТТІ

Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, Қазақстан Республикасының құрметті азаматы Сапарәлі Селтановты еске алуға арналған Түркістан облысы Келес ауданында қазақ күресінен жасөспірімдер арасында республикалық турнир өтті. Бұл жарысты ұйымдастырудағы басты мақсат – жасөспірімдер мен жастарды патриоттық сезімге тәрбиелеуге және дене шынықтыру және спорт арқылы салауатты өмірге баулу. Аталған жарыстардың барлығы карантин талаптарын сақтай отырып өткізілді. Аудандық « Жастар ресурстық орталығы » КММ-мен бірлесе аудандық спорт бөлімінің ұйымдастыруымен аудандық мәслихат депутаты Мұхтар Әбдімәліктің мұрындық болуымен өткен сайысқа республикамыздың өзге облыстарынан келген 100ге тарта балуандар күш сынасты. Бір ғана категорияда сынға түскен палуандар бозкілемде жыл бойы жинаған шеберліктерімен бөлісті. Тепсе темір үзетін бұл жігіттер әр өңірдің мықтылары. Ұлттық спортты дамыту мақсатында өткізілген турнирге 2001-2003 жылғы туылған жасөспірім спортшылар қатысты.Турнирдің ашылуында Келес ауданы әкімінің орынбасары Алмас Сексенбаев еліміздің барлық аймақтарынан жиналған балуандар бәсекесінде спортшыларға сәттілік тілеп, Қазақ күресін өскелең ұрпаққа насихаттауда жұмыс істеп жүрген азаматтарға алғысын білдірді. Тартысты дода қорытындысымен турнирдің қола жүлдесі Келес ауданының құрамасына бұйырса, Түркістандық балуандар күміс жүлдегер атанды.Ал Шымкент қаласының спортшылары бірінші орын тұғырына шықты.